
Қызылорда қаласында Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысы өтті. Бұл шаһардың еліміздің тарихындағы орны айрықша. Ел астанасы болған, ұлт тағдыры таразыланған, талай маңызды шешімдер қабылданған қасиетті өңірде бүгін де елдік мәні бар мәселелер көтерілуде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордаға келіп тұрып, Арал мәселесін айналып өту мүмкін емес екенін айта отырып «Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет», – деді.
Бір кездері балығы тайдай тулаған, тіршілігі қайнаған Арал теңізінің орнында бүгінде 5,5 миллион гектар аумақты алып жатқан құмды-тұзды шөл пайда болды. Осы алқаптан жыл сайын кезінде мақта шаруашылығында қолданылған пестицидтер мен химикаттар араласқан 75 миллион тоннадан астам улы құм ауаға көтеріледі. Экологтардың айтуынша, Аралдың тұзы Антарктидадағы пингвиндердің қанынан, Норвегияның ормандарынан, Памирдің мұздықтарынан табылған. Бұл — үлкен мәселе.
Мәселені шешу жолында нақты қадамдар да бар. 2021 жылы «Арал теңізінің құрғап қалған табанын көгалдандыру» жобасы басталды. 2023 жылға қарай Арал табанының қазақстандық бөлігінде 300 мың гектардан астам аумаққа сексеуіл отырғызылды. Алдағы бес жылда теңіз табанына тағы 177,5 миллион сексеуіл көшетін егу жоспарланған.
Осындай жүйелі шаралардың арқасында солтүстік Аралды сақтап қалу мүмкін болды. Қашқан теңіз қайта оралып, кіші Аралдың деңгейі біртіндеп көтеріле бастады. Енді Көкарал бөгетін биіктету мәселесі күн тәртібіне шықты. Президенттің айтуынша, жоба биылдың соңында басталып, кіші Аралдағы су көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Дегенмен, бұл мәселенің тағы бір күрделі қыры бар. Аралға құятын ірі өзендердің басым бөлігі көрші мемлекеттердің аумағынан бастау алады. Су бірде мол, бірде аз жіберіледі. Мұндай жағдайда тек инженерлік емес, шебер дипломатия да қажет. Осы бағытта соңғы жылдары ілгерілеу бар. Бүгінде Орталық Азия елдерінің барлығымен су ресурстарын бірлесе пайдалану жөнінде келісімдер жасалды.
Сонымен қатар президент былтыр БҰҰ мінберінен халықаралық су ұйымын құруды ұсынған еді. Бұл бастама уақытша тежелгенімен, күн тәртібінен түскен жоқ. Керісінше, алдағы уақытта қайта көтерілуі заңды.
Оған қоса, президент сәуір айында Астанада халықаралық экология саммиті өтетінін мәлімдеді. Бұл жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттердің басшыларымен Арал мәселесі арнайы талқыланбақ.
Жалпы Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтайда ел болашағына тікелей әсер ететін өзекті тақырыптар қозғалды. Соның ішінде Арал мәселесі – экология, денсаулық, қауіпсіздік пен халықаралық жауапкершілікті тоғыстырған аса маңызды түйін ретінде айқын көрінді. Арал тағдыры – бір өңірдің ғана емес, тұтас ұлттың, тіпті адамзаттың ортақ тағдыры екенін Қызылордадағы Құрылтай тағы бір мәрте еске салды.
Үйтолған Жареке