Қырғызстан тағы бір төңкерісті көтере алмайды

03 желтоқсан 2021, 11:23

Өткен жексенбіде Қырғызстан Парламентінің сайлауы өтті. Қырғыз елінің президенті Садыр Жапаров сайлаудың ашық, әділ өтуін қатаң тапсырып, халықты белсенді дауыс беруге шақырған еді. Сайлау өтті. Аз дауыс алған партия жетекшілері мен мүшелері сайлаудың әділдігіне күмән келтіріп, наразылық білдіріп жатыр. Біз танымал қырғыз саясаттанушысы Марс Cариевпен телефон арқылы байланысқа шықтық. Құдайы көршіміз Қырғыз елінің саяси ахуалына, әлеуметтік, экономикалық үдерісіне қатысты бірер сауалымызды жолдап, жауабын жазып алдық.

Jas qazaq: Марс Осмонқұлұлы, осы жексенбіде парламент сайлауы өтті. Қырғыз елінің президенті Садыр Жапаров сайлаудан бұрын жергілікті ақпарат құралына берген сұхбатында «кейбір саясаткерлер парламенттік сайлаудан кейін әскери төңкеріс жасауды жоспарлап жүр» деді. Президент бұл сөзін кімдерге қаратып айтты?

Марс Сариев: Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өз сөзінде сайлау алдында қарулы төңкеріске дайындық болғанын жоққа шығармады. Тіпті кейбір қатысушылар ұсталған болатын. Кейбіреулері сайлаудан кейін тұтқындалды. Олардың арасында депутаттар, үкімет мүшелері де бар. Ал нақты дәлелдерді мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) ұсынады. Қырғызстанның олигархтары сайлаудан кейін тұрақтылықты бұзуға әрекет жасағандары анық. Былтырғы жылдың 5-10 қазанындағы сайлаудан кейінгі әрекеттер осыған дәлел. Біздің елде сайлау алды тұрақтылықты бұзуға әрекеттенген белгілі бір кландар тобы бар. Бүгінде Садыр Жапаров халықтың зор қолдауына ие. Еліміздің солтүстігі мен оңтүстік өңірі де президентке үлкен сенім артады. Оның алдында ел тізгінін ұстағандар элиталық топтың мүшесі саналды. Ал қазіргі президентті халық өзінің қалауымен сайлады деп айта аламын. Қазір бізде ресурстар жоқ. Тіпті ресейлік саясаткер Александр Князев те, басқалары да ресурстың жоқтығын ерекше атап өтті. Елімізде белгілі бір элиталық топтар бар. Қазіргі президенттің билігіне қарсы болып отырған да солар. Садыр Жапаров басты назарды азаматтық қоғам мен халыққа аударып отыр. Сондықтан 30 жылдан бері бұл жағдай компрадорлы мінез көрсетіп отыр.

Jas qazaq: Aryba.kg порталының тілшісіне берген сұхбатында президент С.Жапаров әскери төңкеріс жасауды жоспарлап жүргендерге сайлаудан кейін қудалау қатаң болып, тіпті тұтқындаймыз деп де сес көрсетті. Бұл расында да елдің ішкі тыныштығын талқандатпаудың қамы ма?

Марс Сариев: Қырғызстанның азаматтық қоғамы 30 жылдан бері Батыстың қолдауымен грант алып отырды. Еліміздегі «Атамекен», «Альянс» партиялары да Батыс бағытының нұсқауында болды. Мен қазір бұл партияларды ел ішінде үлкен қолдауға ие деп айта алмаймын. Бішкек қаласы жалғыз ғана қарсы электорат. Ерекше сайлау Свердловский, Первомайский аудандарында өтті. Ол аймақтарда бәріне қарсы дауыс ең көп есептелді. Октябрь ауданы да сайлауда ерекшеленді. Ол аймаққа жауапты Дастан Бекешев ұстанымы өте берік депутат. Өзінің айнымас ұстанымы бар. Сондықтан ол халық арасында танымал. Сол үшін жұрт оны қолдады. Ал Ленинский ауданында Атамбаевтың ұлы Сейіт Атамбаев өтті. Сондықтан сайлау репрезентативті. Бізде әкімшілік ресурс жоқ. Отыз жылдан бері әр түрлі сайлауалды әрекеттер болды. Бір жерде біреулерді сатып алу, жерлестерін өткізуге тырысу сынды әрекеттердің болғаны анық. Бірақ бұл жолғы сайлау таза, әділ өтті. Дауыс санау кезінде арнайы жүйеде (системада) ақау болды. Бірақ ешқандай дау болмас үшін дауыстар қолмен саналды. Премьер-министрдің әлеуметтік бағыттағы орынбасары Еділ Байсалов системада не себепті ақау туындағанын түсіндірді. О баста бағдарламада қате кеткен. Сондықтан дауыстар қолмен саналды. Батыс тарапы мен Ресей де дәл осы жерде тұрақсыздық тудырудың мүмкін емес екенін түсінді. Өйткені Қырғызстан халқы Садыр Жапаровты оның алдындағы президенттерге қарағанда халықтың адамы деп санайды. Халық үлкен үміт артқандықтан дауыс берді. Қазір елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайы қиын кезеңді басынан өткеруде. Халықтың басым бөлігінің Садыр Жапаровты қолдау себебі оған үлкен сеніммен қарауында. Халық өзін қазіргі биліктің тығырықтан алып шығатынына сенеді.

Jas qazaq: Былтыр тура осы күз мезгілінде өткен парламенттік сайлаудың қорытындысына наразы болған сайлаушы электорат көшеге шығып, соңы үлкен өзгеріспен аяқталғаны белгілі. Билік басына осындай халықтың толқуы арқылы келген Жапаровтың мұндай мәлімдеме жасауы нені көрсетеді?

Марс Сариев: Елімізде төңкерістің шеті көрінді деуге болады. Өйткені бізде әлі де Батыстың ықпалы бар. Кейбір элиталық топтар сайлаудан кейін тұрақтылықты теңселтуге біраз әрекеттенгені анық. Бізде АҚШ ықпалынан шыға алмайтын, компрадорлық мінез аясы таяз олигархтардың ортасы қалыптасты. Халықтың басым бөлігі кедей-кепшік. Олардың тоңтеріс көзқарасы мен элиталық топтардың төңкеріс жасағысы келген әрекеті сәйкес келмеді. Сондықтан алдын ала болжанған төңкеріс болмай қалды. Төңкерістің пайдасы элиталық топтарға ғана тиімді болғандықтан, халыққа бұл жерде ешқандай пайда жоқ. Осы жолы халық Садыр Жапаров пен оның командасына сенім артты. Ол Канада иелігінде болған компанияны халыққа қайтару үшін күресті. Ол үшін түрмеге де тоғытылды. Осындай үндеулері арқылы халық арасында танымалдыққа ие. Ол ең алдымен елдің экономикасына назар аударды. Әрине, әлемде болып жатқан пандемия бүкіл жер шарының экономикасына кері әсерін тигізгені анық. Сондықтан біздің экономиканы да қалпына келтіру оңай болмады. Дегенмен мемлекет басшысы экономиканы басты назарда ұстап келеді. Қырғызстанда әлі де мықты экономика мен мықты жүйе қалыптаса қойған жоқ. Біз кішкентай ғана елміз. Садыр Жапаровтың экономиканы жақсартуда өз бағдарламасы бар. Осы орайда инвесторлар мен ресурстар да табылады деген ойдамын. 6 миллион халқы бар шағын ғана мемлекетпіз. Сондықтан алдағы уақытта экономикалық өсім жағынан тезірек нәтижелі көрсеткішке жетуіміз мүмкін. Алдымен саяси тұрақтылық пен экономикалық нақты дамуды қолға алуымыз керек. Қазақстанмен байланысымыз тым тереңде, әрқашан ауылымыз аралас, қойымыз қоралас көршілес елміз. Әсіресе, тау-кен өндірісі, туризм саласында байланыс бар. Егер де тұрақсыздық тудырғысы келетін сыртқы күштердің әсері болмаса, еліміз қарқынды дамудың белесіне көтеріледі деп сенемін.

Jas qazaq: Түрлі-түрлі толқулар мен бас көтеруді бастан өткерген, отыз жылдың ішінде алтыншы президент басқарып отырған мемлекеттің азаматы ретінде сайлауға қандай баға бересіз?

Марс Сариев: Бұл жолы ешқандай төңкеріс болмайды. Халықтың басым бөлігі Жапаровтың бағытын қолдайды. Оның оппоненттері сырттай қолдауға ие болғанымен де, ол нәтиже бере қоймас. Бірді-екілі митингілер болуы мүмкін. Бірақ тұрақсыздық орын алмайды. Жапаровты аймақтар қашанда қолдайды. Ал қалаға келетін болсақ, қаланың белсенділігі төмен. Еліміздің астанасы бұл істе бәсең. Сондықтан бұл жолғы сайлау әділ өтті деуге негіз бар. Дауыстарды қолмен санау кезінде оппоненттер тарапынан ешқандай дау туындамауы үшін барлығы әділ түрде өтті деп санаймын.

Jas qazaq: Айыл банкке қатысты, ауыл шаруашылығы саласына бөлінетін субсидияға қатысты жемқорлықты да президент Садыр Жапаров қатаң сынға алды. Жалпы жемқорлық, парақорлық қазір қай деңгейде, соңғы президент келгелі бәсеңдеді ме, әлде өршіді ме? Алтынға бай, басқа да түсті металдың кені көп Қырғызстан халқының әлеуметтік тұрмысы төмен. Президент бұл мәселені реттей ала ма?

Марс Сариев: Елімізде жемқорлық схемалары болғаны рас. Садыр Жапаров ол туралы қауіпсіздік кеңесінің жиынында айтқан болатын. Еліміздің ауыл шаруашылығына бөлінген несиенің 97 пайызы шенеуніктер мен депутаттардың, тіпті олардың туыстарының қалтасына түскен. Тек несиенің 3 пайызы ғана шаруаның қолына өткен. Еліміздегі тұрақтылықты бұзып, төңкеріс жасағысы келетін элиталық топтардың әрекеті әшкереленді. Алдағы уақытта оларға қолданылатын жаза белгілі болады. Қырғызстан пайдалы рудаларға, әсіресе, алтынға бай мемлекет. Тіпті Менделеевтің кестесіндегі барлық элементтер бар десе болады. Еліміздегі жемқорлықтың жолы кесілсе, пайдалы қазбаларды өндіретін инвесторлар табылып, олар жұмысын ашық жүргізсе, елімізді дамытуға болады. Оған мемлекетіміздің ресурстары дайын. Әрине, жоғарыда айтып өткендей, кедергі келтіргісі келетін топтар бар. Алайда қазір халықтың басым бөлігі президентті қолдайды. Сондықтан олардың бірдеңе жасап қалуға тырысу әрекеттері сәтсіз болады деп ойлаймын.

Jas qazaq: Тұтыну ақысы қымбат теміржол саласы, телекоммуникацияның шаш етектен шығынға батқаны да президентті ашуландырып, бұдан былай әлеуметтік салалар арнайы бақылауда болатынын жеткізді. Солай реттеп, қадағалауға қырғыз билігінің әлі келе ме?

Марс Сариев: Бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев көрші елдермен қарым-қатынасты бұзып кетті. Әсіресе, Қазақстанмен. Менің ойымша, бұл өте қате саясат. Атамбаев кәсіби саясаткер емес. Сондықтан бұл әрекет оның үлкен қателігі. Біз оның кезінде Ресейден басқа елдердің сенімінен айырылдық. Ал бүгінде Қазақстан, Өзбекстан елдерімен тұрақты қарым-қатынастамыз. Қазір Ауғанстан қауіп төндіріп отыр. Орталық Азия арқылы өтетін террористік топтардан да қауіп бар. Сондықтан саяси және экономикалық байланысты нығайтқанымыз жөн. Сонымен қатар қауіпсіздік мәселесі де маңызды.

Jas qazaq: Дағдарыста қалған Қырғызстан мемлекетінің тізгінін ұстаған Садыр Жапаровтың да өкілеттілігіне бір жылға таяды. Президенттің халқына берген уәдесі, үкіметке жүктеген тапсырмалары айтқан уақытында орындалып жатыр ма?

Марс Сариев: Иә, Садыр Жапаровтың президент болып сайланғанына бір жылдан асты. Оның берген уәделері орындалуда. Бүгінде Ұлттық қорда 6 тонна алтын бар. Президент болып сайланған күннен бастап берген уәделері уақытымен жүзеге асып келеді. Олигархтар тарапынан әлі де кейбір жүзеге асырылатын міндеттерге кедергі де жоқ емес. Жапаровтың халыққа берген уәдесі бар. Ол уәдесін орындауда. Халық оған үлкен сенім артады, күтеді, төзеді. Халықтың басым бөлігі кедейшілік күй кешуде. Еліміз қиын кезеңді басынан өткеріп жатыр. Қырғызстан тағы бір төңкерісті көтере алмайды. Оны халық та түсінді. Сондықтан олар қазіргі президентке үлкен үмітпен қарайды. Егер тағы да төңкеріс болып, ел іші алатайдай бүлінер болса, Қырғызстан Ауғанстанның күйін кешуі де ғажап емес.

Jas qazaq: Сауалымызға жауап бергеніңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Қуаныш Көшімбай

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?