Құрдымға «сүйреген» 44 күн

28 қазан 2022, 11:39

Ұлыбритания премьер-министрі Лиз Трасс 20 қазанда қызметінен кетті. Кеткісі жоқ еді. Бірақ 5-6 аптаның ішінде саяси-экономикалық дағдарысты одан сайын тереңдетіп, елді «батпаққа батыра жаздағанын» партияластары кешіре алмады.

Трасс премьер-министр бола салысымен елді 70 жыл билеген ІІ Елизавета патшайым көз жұмды. Су жаңа премьер бүкіл Ұлыбритания қара жамылған күндері қызметіне кірісті. «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» дейтін қазақтың ырымына салсақ, Трастың «аяғы құт болмады». Әйтсе де, оған да қарап тұрған ештеңе жоқ.

44 күнде не бітіріп, не бүлдіруге болады? Әлбетте, сіз бен біз секілді жұмыр басты пенденің 44 күні күйкі тіршілікпен өтіп кетеді. Ал әлемдегі ең дамыған жеті мемлекеттің қатарындағы Ұлыбританияны басқару үшін күн сайын «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» маңызды. Элизабет «жеті рет өлшеп» жатпай, «бір-ақ кесті».

Ол премьер-министр болған 44 күннің ішінде екі министр қызметінен кетті. Парламент фракциясы мен электораттың қолдауынан айрылды. Ұлыбританияда 12 жылдан бері үстемдік құрған тори партиясына биліктен айрылу қаупі төнді. Қазір оның рейтингі 15 пайызға жетер-жетпес. Кезінде «темір леди» атанған Маргарет Тэтчерге ұқсағысы келген Элизабеттің іс-қимылы алып мемлекетті әлеуметтік, саяси һәм экономикалық тығырыққа тіреді.

Қазір сарапшылар бәленің бәрі брексит идеологы Борис Джонсонның отставкаға кетуінен басталды дейді. Сайлау науқаны кезінде Трасс консервативтік партияның парламенттік фракциясындағы ең оңшыл қанатының қолдауына ие болды. Олар салық пен әлеуметтік шығынды азайтуды қалады.

Трасс өзінің экономикалық жоспарын соған ыңғайлады. Байлардың салығын азайту, жарық пен жылу бағасының өскені үшін тұрғындарды субсидиялауды жүзеге асырмақшы болды. Тұрғын үйді сатудан түскен қаржыға алымды азайту, корпоративтік салық мөлшерлемесін көтеру жоспарынан бас тартуды көздеді. Сөйтіп экономиканы салық жеңілдігі мен реформалардың есебінен нығайтуды мақсат етті. Мамандардың пікірінше, бұл бай мен кедейдің арасын одан сайын алшақтата түсетін еді.

Траст-Квартенг жоспарына 45 трлн фунт стерлинг қаржы керек еді. Бірақ Трастың өзі де, қаржы министрі Квази Квартенг те ақшаны қайдан алатынын айтпады. Қарашаның аяғына таман жария етеміз деп уәде берді. Елдің экономикасына өзінің де, басқаның да қаржысын салғандар тіксініп қалды.

Трастың салық жүйесінде реформа жасау әрекеті қор нарығы мен ұлттық валютаның күрт құлдырауына, үкіметке деген сенімнің азаюына әкеп соқтырды. Ақырында Англия банкі араласып, нарықты ұстап тұру үшін 65 млрд фунт стерлингке облигация сатып алуға мәжбүр болды.

Трасс шу көбейген кезде айтқанынан шықпаған қаржы министрін құрбандыққа шалды. Сайлауалды науқанында уәде еткен бірқатар экономикалық шаралардан бас тартты. Мұның бәрін премьер-министр орынтағында қалу үшін жасады.

Бірақ бәрібір консервативтік партияның біраз өкілі премьер-министрді сынға алып, қызметінен кетуін талап етті.

Лиз Трасс қаржы министрі етіп сайлау науқаны кезінде өзіне қарсы шыққан Джереми Хантты тағайындауға мәжбүр болды.

Хант премьер-министр екен деп тайсалмады. Әлгі бағдарламаны түгелдей қайта жазып шықты.
Бастапқыда Трасс телеарнаға берген сұхбатында кетпейтінін мәлімдеген. «Ұсынған басты қылыш кеспейді» деді ме, экономикалық реформа жүргізуде тым артық кеткенін мойындап, шалыс басқаны үшін жұрттан кешірім сұрады.

Daily Star басылымы «Алдымен Трасс отставкаға кете ме, әлде латук ұзағырақ сақтала ма» деп бәс тікті. Ақыр соңында Твиттерде: «латук премьер-министрден ұзағырақ сақталып, жеңіске жетті» деп жазды.

Премьер болғанға дейін бірді-екілі айтқаны анекдотқа айналған («Украина бұрын да моңғолдан бастап татарлардың шабуылын бастан кешірген» деуінің өзі неге тұрады!) Элизабет Трасс сөйтіп 44 күн ғана премьер-министр болды.

«Оның Маргарет Тэтчерге еліктегенін қайтейік» десті біреулер. «Темір леди» он жылдан астам уақыт билік басында болды. Трастың премьерлігі он аптаға да жеткен жоқ. Ұқсастығы киім үлгісінен аспады. Тэтчер реформа бастаса, оны іске асырмайынша тынбайтын. Трасс ондай қайсарлықтан жұрдай. Биліктен кетпеу үшін шешімін өзгерте салды.

Жаздағы сайлауалды науқаны кезінде Трастың басты қарсыласы болған Риши Сунак нағыз консерватор. Технократ Сунак бір сұхбатында «өтірік уәдені үйіп-төгу арқылы жеңіске жеткісі келмейтінін» ашық айтқан.

Лиз Трасс кеткен соң, бұрынғы қаржы министрі, 42 жастағы Риши Сунак премьер-министр болды. Қазір оның барлық «қадір-қасиеті» түгелденіп жатыр. Ұлыбритания тарихында 200 жылдан бергі жас премьер екенін былай қойғанда, бұл орынға алғаш рет үнді азаматы сайланып отыр.

Үнді миллиардері Нараян Муртидің қызы Акшатқа үйленгені өз алдына жыр. The Sunday Times газетінің рейтингі бойынша, елдегі бай-бақуаттылар тізімінде 222-ші орында. Оның байлығы король Чарльздің байлығынан асып түседі.

Премьер-министр орынтағына келген Риши Сунакқа оңай болмайтыны анық. Экономикалық дағдарыс, партия ішіндегі алауыздық, пандемиядан сансырап шыққан денсаулық сақтау жүйесі, өзге де әлеуметтік-экономикалық түйіндерді шешуге тура келеді. Әйтсе де, популизмнен пайда жоқ екенін түсінген тұрғындар оған үмітпен қарайды.

Риши Сунак өзінің экономикалық жоспарын жария еткен жоқ. Бірақ, әйтеуір, инвесторлардың оған деген көзқарасы әзірге түзу. Қазір фунт стерлингтің долларға шаққан бағамы 0,3 пайызға, еуроға шаққан бағамы 0,6 пайызға көтерілді.

Алайда Сунактың Ұлыбританияны тығырықтан алып шығатынына күмәнмен қарайтындар да табылды. «Нью-Йорк таймс» басылымы оның жанармай бекетінде біреудің көлігіне бензин құйғанын, картасыз төлем жасаудан мүлде хабары жоқ екенін тәптіштеп, «өмірден тым алшақ премьер-министр елінің экономикасын күйреуден құтқара алмайды» деп топшылайды.

Тағы бір сарапшылар Сунактың әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруды қысқартқысы келетінін сынға алып жатыр. Олар алдағы уақытта Ұлыбританияның 1,3 млн тұрғыны қайыршыға айналуы мүмкін дейді.

Солай бола ма, жоқ па, оны уақыт көрсетер.

Қазір жаңа премьер-министрдің қанша уақытқа шыдайтынын талқылап, қызылкеңірдек болып жатқандар бәс тігуді бастап кетті.

Гүлнар Ахметова

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген