Құлаған балға, опырылған орақ немесе арқадағы «коммунизм елесі»

19 ақпан 2021, 10:46

Кеңес одағының елесінен арыла алмай жүргендер әлі де бар екен. Қарағанды облысының Ақбастау ауылындағы жұрт осыдан елу-алпыс жыл бұрын елді мекен шетіне қойылған орақ пен балғаның ескерткішінен бір түнде көз жазып, «еңіреп» қалыпты.

Келмеске кеткен кеңес дәуірінің белгісі – орақ пен балғаның ескерткішін ауылдағы белсенді жігіттер түп орнымен қопарып, жұлынбаған жерін кесіп алып тастаған. Жарты ғасыр тұғырдан түспеген темір мүсіннің орнына еліміздің көк байрағын қадапты. Бірақ олардың бұл патриоттық әрекеті ауыл тұрғындарының біразына ұнамаған. Тіпті кейбіреулердің ашу-ызасын туғызыпты. Сөйтіп жұрт улап-шулап, шағын ауылдың шаңын көтеріп, мәдениет үйіне жиналмай ма. Жиынға сонау ауданнан атқамінерлер мен облыстан дәу-дәу шенеуніктер келіпті. Келген де жиналыс ашқан. Әлгі шулап жүргендердің уәжі қызық. Біреуі: «Балалық махаббатымыз басталған қимас жер еді» десе, тағы біреуі: «Осы жерден көктемді күтіп, мал-жанымызды қыстан аман-есен алып шыққанымызға қуанып, шағын «вешір» жасайтын құтты мекен еді» депті.

Виктория Грицишина есімді әйел: «Балға мен орақтың түбінде ғашықтарымызбен табысатынбыз. Күйеуім тұрмысқа шығуға осы жерде ұсыныс жасаған. Мектеп бітіргендер ескерткіштің түбінде таңды қарсы алатын дәстүр бар бізде. Бұл жер өзімізге сондай ыстық», – деп сұхбат беріпті КТК тілшісіне. Виктория ханымға өкпелеп жүргеніміз бекер екен. Дүйсенбай Қожақай деген ауыл ақсақалы бүй депті: «Мынау ауылдың сәні еді. Ескерткіш қой бұл. Қандай зиян көрдік біз совет үкіметінен? Көрген зиянымыз бар ма?».

Қаңыраған қара темірден құтылу туралы идеяны белсенділер былтыр көтеріпті. Бірақ айқайшы жұрттың қарасы қалың болып, әңгіме басылып қалған. Балға мен ораққа жұрттың бәрінің жаны күйіп, кейіп отырған жоқ. Кейбір тұрғындар: «Тәуелсіз елдің көк туы тұрғанда, ескіліктің сарқытын төбемізге көтеріп қойғанымыз намыс емес пе!», – дейді. Осылайша ауылдағы ағайын екіге жарылыпты. Бір жағы тараған одақтың қалдық темірін тұғырына қондырғысы келсе, екінші тарап көк туды желбіретіп, егемен елдің иесі кім екенін сездіргісі келеді. Ауылдағы бала-шағаның бойына ұлттық құндылық пен мемлекеттік рәмізге деген құрметті сіңіргісі келеді.

Аспандияр Сейсенов деген ауыл белсендісі «Осы ауылдағы орыс пен қазақты ешкім бөліп отырған жоқ. Қай тілде сөйлейді – сол тілге қызмет етеді. Оны арандатушылар істеп отыр. «Біздің символымыз, біздің қорғанымыз» деп жүргендер солар. Біздің символымыз бөлек қой қазір. Әнұранымыз да бар» деп, орақ пен балғадан құтылғанына қуанып отыр.

Құлаған балға, опырылған орақ жай жатсын ба? Әлдеқашан металл алғыштардың қолына өтіп кетіпті. Ал оның орнына тігілген көк туды прокуратура қызметкерлері заң талаптарына сай келмейді деп алғызып тастапты. Жергілікті әкім тұрғындардың ауылға деген сезімін басқа жолмен оятпақ көрінеді. Онысы кейбір аудан-қалалардың кіреберісіне қойылатын ағылшын тіліндегі «I love you, Аqbastau» болу керек. Біз солай түсіндік.

Жарас Кемелжан

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?