Қуатжан Жұматаев: Түркістан өңірінде күре жолдардың барлығы дерлік жөндеуден өткізіліп жатыр

16 қазан 2023, 13:34

Қазір кез келген мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан дамуына ондағы автокөлік жолдары ерекше әсер етеді. Біріншіден, жолдардың сапалы болуы тұрғындардың жайлы қатынауына және жол апаттарын азайтуға ықпал етсе, екіншіден түрлі тауарларды сапалы түрде экспорттауға және импорттауға мүмкіндік береді. Осы орайда біз Түркістан өңіріндегі жолдардың жағдайын білу үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевқа бірнеше сауал қойдық.

– Қуатжан Әзімбайұлы, алдымен Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының негізгі қызметтеріне тоқталып өтсеңіз.

– Біздің басқармаға бірнеше міндет жүктелген. Атап айтар болсам, автомобиль жолдары және жол шаруашылығы, автомобиль көлігі салаларында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестіру; жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және жол шаруашылығы салаларындағы іс-шаралар жоспарларын іске асыру; экономиканың және тұрғындардың автомобильмен тасымалдауға және өзге де жұмыстарға, көрсетiлетiн қызметтерге деген мұқтажын қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасау. Сонымен бірге, өз құзіреті шегінде облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарының орындалуын қамтамасыз ету; жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен облысаралық тасымалдауларға байланысты жұмысты үйлестіру және реттеуді де біз атқарамыз.

– Өңірдегі автокөлік жолдарының жағдайы қандай?

– Облыс аумағында 17459 шақырым жол бар болса, оның 723,1 шақырымы -республикалық, 3983,3 шақырымы — облыстық, 1727,2 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар және 11025,7 шақырымы — елді мекен көшелері. 2020 жылы жергілікті жолдардың 79 пайызы жақсы және қанағаттандырарлық жағдайда болса, бұл көрсеткіш 2021 жылы 87 пайызға, 2022 жылы 92 пайызға жеткен. Ал биылғы меже осы көрсеткішті 93 пайызға жеткізу болып отыр.

– Бұл межеге жету үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Жаңа айтып өткенімдей, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 2022 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 92 пайызға жетті. Биыл да облыс аумағындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында біршама жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нақтырақ айтар болсам, 2023 жылы өңірдегі автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 49,0 млрд теңге бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 676 нысан немесе 1586,4 шақырым жолдар мен көшелер қамтылды. Жыл соңына дейін 635 нысан немесе 1282,8 шақырым жолдағы жұмыс толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр.

– Жөндеу жұмыстары қай деңгейдегі жолдарда жүргізіліп келеді?

– Биыл облыстық маңызы бар жолдар деңгейінде – 29 нысан немесе 478,6 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Жыл қорытындысымен оның ішіндегі 18 нысан немесе 246,6 шақырым жол, 2 көпір мен 1 құбыр пайдалануға беріледі. Ал күрделі және орташа жөндеуден өткізіліп жатқан 19 нысан немесе 99,4 шақырым жол аудандың маңызы бар жолдар санатына жатады. Биыл оның 17-сі немесе 79,5 шақырымы ел игілігіне тапсырылмақ. Елді мекен көшелері санатына тоқталар болсақ, биыл жалпы қашықтығы 1022,8 шақырымды құрайтын 629 көше мен 26 аяқжол түрлі деңгейдегі жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Сәйкесінше, жыл ақталғанша 600 нысан немесе 956,7 шақырым жол пайдалануға беріледі.

– Енді облыстық маңызы бар жолдар санатындағы нақты іске асырылған жобалар туралы айтып өтсеңіз.

– Биылғы жылдың тоғыз айында облыстық маңызы бар жолдар бойынша 9 нысан немесе 96,2 шақырым жолға толық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Олар: «Жаңабазар-Жылыбұлақ» (КХ-29 автожолының 16-22 шақырымы); «Шаян-Таңатар елдімекен» (КХ-122 автожолының 0-3,4 шақырымы); «Шорнақ-М-32» аралығы (КХ-58 автожолының 27-31,2 шақырымы); «Машат-Ынтымақ елдімекені» (КХ-63 автожолының 67-83 шақырымы); «М-32-Ынталы» аралығы (КХ-95 автожолының 0-20 шақырымы), «Шұқырбұлақ-Азаттық» (КХ-69 автожолының 18-25,1 шақырымы), «Бірінші мамыр-Алғабас елдімекені» (КХ-29 автожолының 42-50,6 шақырымы), «Арыс қаласы-Қабылсай елдімекені» аралығы (КХ-92 автожолының 0-31 шақырымы) және Саналы елдімекеніндегі көпір (КХ-15 автожолының бойында орналасқан) құрылысы. Сондай-ақ 5 нысан немесе 80,2 шақырым жол, оның ішінде бір су өткізгіш құбырда қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ: Кентау қаласының айналма жолы (26 шақырым), «Созақ-Қарақұр елідмекені» (КХ-57 автожолының 0-30 шақырымы), «Түлкібас станциясы-Тастұмсық» (КХ-65 автожолының 0-9,6 шақырымы), «Құсшы ата-Шоқтас елдімекені» (КХ-56 автожолының 109-124,1 шақырымы), Жыланды елдімекеніндегі (КХ-69 автожолының 6+950 шақырымы) құбырда жөндеу жұмыстары аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін қалған 4 нысан немесе 70,2 шақырым жол халық игілігіне беріледі.

– Облыс көлемінде бұдан да басқа ірі жобалар іске асырылып жатыр ма?

– Әлбетте. Мәселен, 2023 жылы іске асырылып жатқан ірі жобалардың бірі – «Түркістан-Шәуілдір» бағытындағы ұзындығы 64,1 шақырымды құрайтын жол. Мұнда жолдың 52,7 шақырымына қайта құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Одан бөлек, Түркістан қаласының әуежайы мен Кентау қаласын байланыстыратын 26 шақырым жолды қайта құру жұмыстары 2020-2023 жылдары іске асырылды. Осы жылдың қазан айында пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Сонымен бірге, Сауран ауданының Қарнақ, Ойық және Шоқтас ауылдарын облыс орталығы – Түркістан қаласына және «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» жолына қосатын 37,2 шақырым облыстық маңызы бар жол жөндеу жұмыстарымен қамтылған. 2023 жылдың қорытындысымен бұл жолдар толықтай пайдалануға беріледі. Жамбыл облысы мен Түркістан облысын байланыстыратын әрі Созақ ауданының елді мекендерін аудан және облыс орталығына қосатын, ұзындығы 152 шақырым облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында да орташа жөндеу жұмыстары іске асырылуда. Жыл қорытындысымен оның 63 шақырымы халық игілігіне тапсырылмақ. Ал Шымкент қалысының шекарасынан басталып, Зертас, Қасқасу, Диханкөл елді мекендерінен өтетін және «Тау самалы» демалыс аймағына апаратын жолдың жөндеу жұмыстары 2024 жылы жалғасады. Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар, Көкібел, Жігерген елді мекендерін жалғайтын 17,9 шақырым жолдағы орташа жөндеу жұмыстары дәл осылай, келер жылы жалғасын таппақ. Құрылысы 2024 жылға өтпелі болып саналатын нысандар қатарына Сарыағаш ауданындағы Қапланбек-Жібек жолы елді мекендерін жалғайтын 10,6 шақырым автомобиль жолындағы ағымдағы жөндеу жұмыстары және Келес ауданы мен Шардара ауданын жалғайтын 29,0 шақырым жолдағы орташа жөндеу жұмыстары да кіреді. Сонымен қатар, Мақтаарал және Келес аудандарында 2 көпір күрделі жөндеуден өткізілуде.

– Қазір іске асырылып жатқан ең ауқымды жобаның бірі – «Түркістан-Шәуілдір» бағытындағы жол. Осыған кеңірек тоқтала кетсеңіз.

– Жалпы Түркістан облысы құрылғалы өңірдегі күре жолдардың барлығы дерлік жөндеуден өткізіліп жатыр. Өзіңіз айтып отырғандай, соның ішіндегі ең маңызды жобалардың бірі – «Түркістан-Шәуілдір» бағытындағы жол. Ұзындығы 64 шақырымдық облыстық маңызы бар автомобиль жолы бүгінде толық қайта жөндеуден өткізілуде. Осы орайда, бірер күн бұрын облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлфұхар Жолдасовпен бірге аталған нысандағы жұмыстармен танысып қайттық. Тексеру барысында жолдың сапасына ерекше көңіл бөлу керектігін ескертіліп, құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтау тапсырылды. Атап өтсем, бұл нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстары 4 бөлікке бөлініп, кезең-кезеңмен іске асырылып келе жатыр. Бүгінгі таңда Шәуілдір елдімекенінен Түркістан қаласы бағытына қарай 35 шақырым аралықта жолды кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Оның ішінде жол бойындағы су өткізгіш құбырлар мен көпірлер қайта жөндеуден өткізіліп, жолдың ені 2 жолақтыдан 4 жолақтыға дейін кеңейтіліп жатыр. Соның нәтижесінде жолдың ені 8 метрден 15 метрге дейін ұлғайтылады. Қайта құру жұмыстарын «ӘлемТрансЖол» ЖШС және «Отау-Строй» ЖШС мердігер мекемелері жүргізіп жатыр. Аталған жолды 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

– Салынып жатқан жолдардың сапасы бақылауда ма? Жалпы сапаны арттыру бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Нысандардағы жұмыстар мен қолданылып жатқан материалдардың сапасы автор және техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, Ұлттық сапа орталығы Түркістан облыстық филиалының тұрақты бақылауында. 2023 жылы басқармамен мен «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Түркістан облыстық филиалы арасында 100,0 млн. теңгеге келісімшарт түзіліп, филиал тарапынан нысандарға 105 рет аралау жүргізіліп, 698 дана сынама алынды. Нәтижесінде, 24 кемшілік анықталып, 16 кемшілік толығымен қалпына келтірілсе, 8 ақау бойынша тиісті жұмыстар әлі де атқарылып жатыр. Сондай-ақ өңірдегі аудан, қала әкімдіктері мен «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Түркістан облыстық филиалы арасында жалпы құны 128,5 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Тиісінше, нысандарға 118 рет аралау жүргізіліп, 492 рет сынама алынған. Соның нәтижесінде 56 кемшілік анықталып, 18-і қалпына келтірілді. Қалған кемшіліктер бойынша қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса, басқарма тапсырыс берген нысандардағы сапаны қамтамасыз ету бойынша да 2023 жылы бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап өтсем, басқарма тарапынан мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге 110-ға жуық ескерту хат жолданып, 11 нысан бойынша 5 мердігер, 1 техникалық қадағалаушы және 5 авторлық қавдағалаушы мекемеге 23,471 млн. теңге айыппұл салынды. Одан бөлек, жалпы нысандарда сапасыз салынған – 24 910 шаршы метр жол жамылғысы және 228 шаршы метр аяқжол қайта салынды.

– Сонымен биылғы меже көңіл көншітерліктей ғой?

– 2023 жылдың қорытындысымен жалпы 246,6 шақырым жолды жөндеу арқылы пайдалануға беріп, өңірдегі жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 93 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Бауыржан Мейірханұлы,
Түркістан облысы

Бүгін, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді