Қу ақшаның соңында жүргендер

02 наурыз 2018, 17:38

Ел ішіндегі сымсыз телефон «Оңтүстік Кореяда ит басына іркіт төгіліп жатыр» дейді. Соған желігіп, корей барып жұмыс істеп жүрген қанша қазақ баласының аузынан ақ май ағып жарылқағаны жайында аңызға бергісіз әңгіме тарағалы қашан? Ел тәуелсіздігін алып жатқан елең-алаң тұста қияндағы Кореяға тепсе темір үзетін жастар таудың тасқын суындай ағыла бастаған.

Таяуда Көкшетау қаласындағы мектеп-интернатта қатар оқыған Жәнібек Шәріповтің тұңғыш ұлын жер қойнына тапсырдық. Қаралы жиында Жәнібектің ұлы Әлібектің Кореяда зиянды, лас жұмыс істегендігі, сол елде радиациясы көп зауытта табыс табамын деп ағзасына ауру жамағаны жайлы айтып жатты. Жаман аурудың жүрмейтін жері бар ма?

Оңтүстік Кореяның дәмін татып келген Бектемір Көшімбаев «Оңтүстік Кореяда бізден барғандарды қара жұмысқа салады екен. Өз адамдары ондай зиянды әрі қауіпті жұмысты істей қоймайды. Мұндай жұмыс ақша төлесе болды, қандай қатерге де басын тігуге бел буып келген өзге жұрттың өрендеріне ұсынылады. Сырттан келген қазақ баласы әйтеуір уақытында, жұрт қатарлы жалақы алғанына мәз», – дейді.

Білетіндердің айтуына қарағанда, жалақының қомақты болуы Оңтүстік Кореяда еңбекақының доллармен төленуіне байланысты. Көпірген көкала қағазды еліміздің төл теңгесіне алмастырған кезде туған жеріңде қолыңмен ұстамақ түгілі, көзіңмен көре алмайтын сома болып шыға келеді. Бірақ қазір тәртіп қатал. Алғашқы емес, жұмыс істегеннің бәрі жайлы жер таба алмайды. Әлдебір себептермен әуежай басындағы кеденнен кері қайтатындары да көп. Барып-келгендердің айтуына қарағанда, Оңтүстік Кореяның дамуы мықты. Бізден барғандарды құрылыста, зауыт-фабрикаларда пайдаланады. Басты себеп, өздеріне жұмыс күші жете бермейді. Әрі оның үстіне сырттан келгендерді өз есебінше тәулігіне жалдауға болады.

Тәртіптері де жақсы. Мәселен, құрылыста істеген бір жігіттің айтуына қарағанда, ауа райы сәл ғана бұзылса, барлық жұмыс тоқтатылады. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында. Жұмыс тәртібі де қатаң. Дәл біздегідей қалаған уақытта темекі тарту, құмның үстіне жантайып жата кету, тойға, жаназаға сұрану мүлдем жоқ. Темекіні белгіленген уақытта ғана тартып, түскі асын бір минутын да шығын қылмай, күні бұрын белгіленген кестеге сай ішеді. Айтпақшы, ас-суы демекші, бізден барғандардың көпшілігі кәрістердің тамағына көндіге алмай, қиналатынға ұқсайды. Әсіресе, наны. Ол жақта жеп үйренген нанды емге таба алмайсың. Әрине, тағамның түр-түрі дастарханды қайыстырып сыңсып тұр. Тек дәмі басқа.

Алғашқы бетте балалары Кореяда жұмыс істеп жүрген отбасылар күпіне бастаған. «Менің балам бір айда 800 мың, ал көршінің баласы 600 мың теңге ақша жіберді» деп. Балалары сол жақта жүрген адамдарға кәдімгідей құрметпен қарайтын болды. Құдды әлгі жігіттер Кореяға емес, космосқа ұшып барып келген тәрізді. Осы бір жарнама себеп болғандықтан, облыс орталығынан шалғайда жатқан, екі қолына бір күрек таба алмай отырған, болашағы беймәлім шағын ауылдың жігіттері бір-біріне елбесіп-селбесіп кете бастады. Ағасы інісін, інісі құрдасын сүйреді. Майын тамыза мақтады. Бір жол салып алған соң сол сүрлеумен ел дүмеп тартты. Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тайынша ауданының шоқ жұлдыздай ғана Мәдениет ауылының жартысынан астамы қазір сол Кореяда күн көріп жүр.

Жоғарыда біз айтқан зиянды жұмыс істеген соң жер бетіндегі «жәннаттан» ақша емес, ажал тапқандары да аз емес. Бүгінгі жаназада біз соның біреуін ғана көрдік. Есептеп жатқан ешкім жоқ.
– Оңтүстік Кореяда жалғыз қазақстандықтар ғана емес, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанның да азаматтары бар, – дейді Руслан Алдоңғаров дейтін Кореяға барып жұмыс істеп келген бір жігіт, – дегенмен біздің елдің адамдары көп пе деп қалдым.
Оның айтуынша, кеденнен әупірімдеп бір өтіп алсаң, қалғаны оңай. Айталық, зауыт салып жатқан қожайын құрылыстың ішінде бар жағдайын жасайды. Жататын жерің де, асханаң да осында. Тұрмыстық жағдайдың барлығы бар. Тек қоршаудан асып, сыртқа шығуыңа болмайды. Тәртіп сақшыларына тап болсаң, құжатыңды тексереді де, кінәратың анықталған соң шекарадан шығарып жібереді.

Шығарса, шығарсын, оның несі қорқыныш дейсіз ғой. Кореяға жетудің өзі оңай емес. Әрі-бері билет құны – 390 мың теңге. Міндетті түрде турист ретінде барасыз. Турист ретінде барған соң тұп-тура 110 мың теңгені бес күнге қонақүй үшін төлейсіз. Басқа да жол шығынын қоса есептеген кезде 600-700 мың теңге жолға кетеді. Егер жолыңыз болмай қалса, міне, осындай шығынға ұшырайсыз.

Таяуда әлеуметтік желіде осы Кореяда өтіп жатқан ХХІІІ қысқы Олимпиаданы көруге барған екі отандасымызды кәріс жағының әуежай жертөлесінде ұстап, әрі қарай жібермей жатқаны туралы шұғыл хабар тарады. Бұл да жайдан-жай емес. Кейбіреулер спорт жанкүйерлігін сылтау етіп, заңсыз жұмысқа өтіп кетеді деп секемденуінен. Олимпиада кезінде өте оңай деп көкшетаулық қара жұмысқа тіленгендер бір дүмеп қалды. Оны туристік фирмаларда Кореяға құжат рәсімдеушілердің қарасынан аңғаруға болады. Кореяға тікелей ұшатын ұшақтың жоқтығынан, көкшетаулық жолаушылар Астана арқылы ұшуда.

Осы арада мына бір деректі келтіре кетейік. Оңтүстік Кореяға турист ретінде барып, сонда қалып қойған, жұмыс істеп жүрген 40 мыңға таяу отандасымыз бар деседі. Бұл — ресми дерек. Ал оның сыртындағылардың қанша екенін жалғыз жаратқан иеміз ғана білетін шығар.
Өткен жылы елімізге отандастарымыздың аударған ақшасының мөлшері 2016 жылдағыдан 2,1 есе асып түсіп, бұрынғы 9 миллиард теңгенің орнына 18,8 миллиард теңгеге жеткен. Сөйтіп бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Ресейден кейінгі екінші орынға жайғасыпты. Осы көрсеткіштен-ақ корейдің қара жұмысын атқарып жүрген отандастарымыздың шамасын байқауға болады.
Бұл арада қауіпті жұмыс атқарып, денсаулығын, қара басын бәйгеге тіккендерді кінәлаудан аулақпыз. Ел ішінде жарытымды жұмыс болмағандықтан, мойындарына бір емес, бірнеше несие іліп алған соң, амалсыздан барып жатыр емес пе. Әйтпесе, Арқада күн жайлы болса, арқардай азаматтар аумас еді ғой.

Енді осы бір ұлт болашағы, ұландарымыздың денсаулығы үшін бұған қалай тосқауыл қоямыз? Тәуелсіз елдің тұғырын биіктетудің орнына жат жерден жұмақ іздеп жүрген жастар Оңтүстік Кореяның көсегесін көгерткенше, туған жеріміздің төсін гүлдендірмей ме?
Одан шығар бір-ақ жол бар. Ұлт намысын жану керек, жігерін қайрау керек! Шалғайдағы шағын ауылдарға көңіл бөлінсе, қанша қазақ баласы кредит қуып, жылы орнын суытып, Корея аспас еді ғой. Жылы үйінен жұмақ таппаған соң, жат жұртты жағалап нәпақа тауып жүр.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Ақмола облысы

19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 23:28
Жұлдыз Сүлейменова: Жайбасарлыққа жол беруге болмайды!
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс