Кең даланың киесі саналатын киіктердің түрлі жағдайда қырылуы өз алдына, түздегі тұяқтының күрт азаюына жабайы аңшылар да себепші болуда. Жарты ғасыр бұрын елімізде 2 миллионнан аса киік болған. Ал қазіргі санақ бойынша қаншасы қалды? Қасиетті жануардың жойылуына кім кінәлі? Кейде кеудесін оққа тосатын табиғат қорғаушыларының өзі қаншалықты қорғалған? «ДӨП» пікірсайыс алаңында Сенат депутаты Әлімжан Құртаев пен журналист Дәулетхан Қыдырбайұлы осы мәселелер төңірегінде әңгімелесті.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Әлімжан Сейітжанұлы, қазір қоғамда депутаттар қозғайтын әлеуметтік мәселе аз емес. Сіз де өткен аптада аса маңызды депутаттық сауал жолдадыңыз. Киелі киіктердің азайып бара жатқаны, тіпті қорғайтын инспекторлардың жағдайына байланысты өте өзекті мәселе көтердіңіз. Шын мәнінде, киіктің киесі барын неге ұмытамыз?
Әлімжан Құртаев: Киік деген – киелі аң. Кешегі Кеңес одағы жаңадан құрылған кезде, 1920 жылы киікті аулауға тыйым салынған екен. Ал 1960 жылы киікті аулауға қайтадан рұқсат берілді. Сол жылдары қазақ даласындағы киіктің саны 2 миллионнан асқан. Ол кезде жоспарлы түрде аулауға рұқсат берілген. Жоспарлы дегеніміз – ауланған киіктің еті халыққа үлестірілген.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Яғни арнайы мемлекеттік саясат болған ба?
Әлімжан Құртаев: Иә, үкіметтің арнайы саясаты болған. 1960 жылы 2 миллионнан асқан киіктен 2018 жылы 200 мың шамасында қалған. Бұл киік санының 10 есеге азайғанын көрсетеді. Оған табиғи жағдайда қырылып қалумен бірге, дала кезген жабайы аңшылардың да беталды мүйіздіге мылтық кезеуі себеп. Бұл – қазіргі кездегі халықтың жанайқайының бірі. Сондықтан киікті сақтап қалу – ең маңызды мәселе. Депутаттық сауал көтеруге итермелеген негізгі осындай жағдай.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Сіз айтып отырған екі мәселе бар. Бірі – табиғи қырылу, екіншісі – адамның қолымен қыру. Алғашқысының әңгімесі қалай болды? Осыдан 2-3 жыл бұрын киік қырылып, даламыз қан сасып қалды ғой. Соның нәтижесі шықты ма?
Әлімжан Құртаев: Оны мамандар зерттеді. Әр түрлі себептерін де атады. Бірақ табиғи қырылудың да астарында, адамның қатысы бар деген ой жатыр. Ал екіншісі – күннен-күнге көбейген браконьерлер.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Браконьерлердің қолынан даланың киелі киігі де, кісісі де қаза табуда. Кешегі депутаттық сауалда қорықшы, марқұм Ерлан Нұрғалиев туралы айттыңыз. Бұл табиғат қорғаушыларымыздың дәрменсіздігі ме? Әлде техникалық немесе басқа да құрал-жабдық жағынан браконьерлерден кем қалып жатқанымыз ба?
Әлімжан Құртаев: Бұл – заңның солқылдақтығы. Қазіргі заң қорықшыны емес, браконьерді қорғайды.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Браконьерді ме, әлде табиғат қорғаушыны ма?
Әлімжан Құртаев: Браконьерді. Мысалы, қазіргі киік мүйізінің бағасы еліміз ішінде 2 келісі 200 мың теңгенің аясында. Ал Қытай базарларында бұл баға 3000-5000 доллардың аясында. Сонда 4 мүйіз 1 келі болса, Қытай базарының бағасымен әрбір мүйіз 1000 доллар болып отыр. Ал соны атып алған браконьерге салынатын айыппұл 300 АЕК (айлық есептік көрсеткіш). Бұл екеуі салыстыруға тұрмайтын нәрсе. Заңның солқылдағы осы жерде деп ойлаймын.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Аңшылық барысында қолға түскен жағдайда жаңағы азаматтар айыппұлды төлеп кете бере ме?
Әлімжан Құртаев: Иә, өйткені ол айыппұл оның тапқан табысының 10/1 бөлігі ғана. Сол үшін бұл жерде заңға өзгеріс енгізу керек. Ал жауапкершілікті қатайтқан жөн.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Бұл үшін қандай ұсыныстарыңыз бар?
Әлімжан Құртаев: Біздің көтерген мәселеміз киікті қорғау жөнінде болды. Бұл төңіректе жеке заң қабылдау керек. Одан кейін «Охотзоопром» мекемесі инспекторларының материалдық-техникалық базасы төмен. Олардың еңбекақысының төмендігі де ойландырады. Мысалы, браконьерлер ең соңғы үлгідегі жол талғамайтын көлікпен жүрсе, біздің инспекторлар одақ кезінен қалған ескі көлікпен жүреді. Бұл да бір шешімін таппай жүрген мәселе.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: «Сананы тұрмыс билейді» демекші, өзі болмашы жалақы алып отырған инспекторды сатып алу….
Әлімжан Құртаев: Иә, ол кез келген браконьерге қиындық тудырмайды.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Сіз жоғарыда жауапкершілікті күшейту керек деп айттыңыз. Осы жауапкершілікті күшейтуге қандай ұсыныстарыңыз бар?
Әлімжан Құртаев: Бұл жөнінде ауыл шаруашылығы және әділет министрлігімен бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз. Бұл сауалға үкіметтен арнайы жауап күтеміз. Әрі қарай арнайы жұмыс тобын құру керек деп ойлаймыз. Сол топ заңды қалай қатаңдату сынды мәселелерді талқылайды. Осы екі министрлік қандай шаралар қолданады, ол алдағы уақыттың еншісінде.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: «Охотзоопромды» ауыл шаруашылығы министрлігі қатарынан шығарып, өз алдына жеке мекеме ету мәселесі қозғалған еді…
Әлімжан Құртаев: Иә, ол мәселе қозғалды.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Оның қажеттілігі қандай? Олардың жұмысы министрлік тарапынан көрінбей қалды ма, әлде тиімсіз болып жатыр ма?
Әлімжан Құртаев: Ол енді жауапкершілігін күшейтіп, бөлек мекеме етіп шығарса, оның мәртебесін арттырамыз деген ұсыныс бар. Одан кейін киіктің жүретін жерлерінде табиғи парктер ашу қажет. Мысалы, Ақмола облысының Қорғалжын ауданы – киіктер мекендейтін негізгі аймақ. Сол маңнан Ақтөбеге дейін табиғи парктер ашылса, дұрыс болар еді. Киікпен бірге табиғат ананың басқа да жан-жануарларын сақтауға да мүмкіндік туады деп ойлаймын.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Мысалы, Ерлан Нұрғалиевтің ісіне байланысты айттыңыз. Бұл іске де әлі күнге дейін нүкте қойылған жоқ. Өткен аптада Қарағанды аумағында тағы да браконьерлер ұсталды. Оның ішінде «Охотзоопром» инспекторлары да бар. Осыған қатысты не айтасыз?
Әлімжан Құртаев: Бұл жерде басты себеп, инспекторлар жалақысының төмен болуынан туындаған деп ойлаймын. Одан кейін жауапкершілігінің аздығы да бар. Ал ерлікпен қаза тапқан Е.Нұрғалиев Елбасымыздың Жарлығыменен «Барыс» орденімен марапатталып, «Барыс» ордені оның отбасына табыс етілді. Оның еңбегінің бағаланғандығы. Ал бірақ сол іс сиырқұйымшақтанып созылып келеді. Ол қалай да өз шешімін табу керек.