Қорғаныс өнеркәсібін қолдан өлтіру

12 тамыз 2022, 10:56

Біз газеттің өткен нөмірінде отандық қорғаныс өнеркәсібіндегі қазіргі жалпы хал-ахуал туралы, оның ішінде еліміздің қорғаныс министрлігі мен қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының құрамына кіретін Kazakhstan Paramount Engineering (КРЕ) зауыты арасындағы дау-дамай жайлы жазған едік. Сол екі ортада түрлі БАҚ бетінде қос тараптың бірін-бірі айыптаған бірнеше материалдар шығып үлгерді. Бұл текетірес барған сайын тереңдеп, енді екіжақты ақпараттық айқасқа ұласқанға ұқсайды.

Кісідегінің кілті – аспанда

Қорғаныс министрлігі өзінің ресми сайтында аталған тақырыпқа қатысты сала құлаш түсінік берді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынаған саяды: осы тектес басқа шетелдік техникалармен салыстырғанда, зауыт өнімінің бағасы қымбат (кестемен көрсетілген), сапасы төмен. Бүгінде сұранысы жоқ өнімді шығаратын жалғыз компания Kazakhstan Paramount Engineering болып отыр. Қару-жарақ пен әскери техникаға деген ішкі нарықтағы қажеттілік аз.

Сондықтан бұндай өнім шығарушы өз өнімін әртараптандырып, оны экспорттау бағытын ұстануы керек. Қорыта айтқанда, «Қорғаныс ведомствосы үшін негізгі басымдық жауынгерлік әзірлікті нығайту және қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін атыс күшін арттыру болып табылады» делінген ресми мәлімдемеде.

Екінші тараптың уәжін тыңдау үшін Қазақстан қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Найзабек Олжабайұлымен кездестік. Оның айтуынша, кәсіпорын құрылған кезде қорғаныс министрлігімен меморандумға қол қойылғанын, қазір оның орындалмай отырғанын айтады. Бірізді әскери-техникалық саясаттың жоқтығынан, қорғаныс министрлерінің жиі ауысуынан өндірістік жоспарлар да қайта-қайта өзгере берген.

Бұрынғы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев кезінде бронетранспортерлерді Ресейден сатып алатынын ашық айтқан екен. «Енді жаңа министр Руслан Жақсылықов болса тура біздің елде шығатын машиналарды түріктерден сатып алмақшы», – дейді таусыла Н.Олжабайұлы.

Зауыт жылына 300 бронды жауынгерлік машина жасауға қабілетті. Алайда ол жылына өз қуатының 10 пайызына да жетпейтін көлемде жұмыс істеп келген. Қазір мемлекеттік қорғаныс тапсырысы кәсіпорын қуатының 2 пайызын ғана құрайды. Қысқасы, кәсіпорын ешқашан толық қуатымен жұмыс істеген емес. Ал сарапшылардың пікірінше, Қазақстан армиясындағы өткен ғасырда шығарылып, ескірген техника паркі бүгінде толық ауыстыруды қажет етеді.

Заманауи кәсіпорын сыртқы сауыты V тәріздес машиналарды шығарады. Ол минаға тап болғанда жойқын жарылыс күшінің қуатын жан-жаққа бағыттап, іштегі экипаж аман қалады. Ал БТР мен «Хаммерлердің» табандары жалпақ, сол себепті мина жарылса, адам шығыны болмай тұрмайды. Н.Олжабайұлының ойынша, қорғаныс министрлігі отандық және шетелдік әскери техникалардың бағаларын салыстырғанда цифрларды «ойнатады». Әйтпесе, минаға төтеп беретін қазақстандық МRAP машиналары өзімен деңгейлес шетелдік өнімдерге қарағанда әлдеқайда арзан көрінеді.
Сырттан әскери техника сатып алу, біріншіден, қымбат. Екіншіден, оны үнемі күтіп-баптау үшін де ертең біреуге күніміз түседі. Үшіншіден, қосалқы бөлшектерді сатып алу тағы бар. Кісідегінің кілті аспанда екенін ескерсек, бәрі айналып келгенде Қазақстан қазынасына қымбатқа түспек. Өз елімізде сондай зауыт бола тұра, неге шетелге алақан жаюға құмармыз осы?

КРЕ жабылса, кімнің жері кеңиді?

Қазір аталған дау-дамай әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып, әртүрлі пікірлер айтылуда. Белгілі қоғам қайраткері Арман Шораев өзінің Facebook парақшасында жыл сайын жемқорлық бабы бойынша қазақстандық генералдар мен офицерлердің топ-тобымен түрмеге тоғытылып, нәтижесінде еліміздің қорғаныс қабілетінің орасан зор зардап шегіп отырғанын жайып салды. Сонымен қатар ол сапасы жоғары шведтің болатынан бронды машиналар шығаратын отандық зауытқа барып, бәрін өз көзімен көргенін айтты. Кәсіпорында тек жергілікті мамандардың жұмыс істеп жатқанына, ал өнімнің сызбасын жасайтын конструкторлық бюрода білікті, жап-жас қазақ жігіттерінің отырғанына куә болыпты. А.Шораев осындай зауытқа қолдау көрсетудің орнына оған түрлі кедергілер жасап, қорғаныс өнеркәсібін қолдан өлтіруге үзілді-кесілді қарсы шықты.
Белгілі экономист Олжас Құдайбергенов те қорғаныс министрлігінің жауабына қайран қалғанын жазады. Сөзбе-сөз келтірейік: «Мұндай өндірісі бар елдер оған қолдау көрсетуге тырысады, ал жоқ болса, оны құруға ұмтылады. Оның үстіне, қару-жарақ шығаратын өз өндірісінің болуы ұлттық қауіпсіздікті нығайтпақ, ал оларды шетелден сатып алу басқа елдерге тікелей тәуелді етпек. Бірақ қорғаныс министрлігі не істейді? Ол елдегі жалғыз әскери көлік өндірушіге қарсы шығып, манипуляциялық сипаттағы және Google дәуірінде оп-оңай жоққа шығаруға болатын кәсіби сапасы төмен мақалаларды жариялайды. Мұндай әрекеттің астарында не жатыр? Білмеймін».

Сондай-ақ О.Құдайбергенов егер дұрыс салыстыруды жүргізуге қорғаныс министрлігінің құзыреті жетпесе, барлық экономикалық есептерді жасауға өзінің көмектесетінін, тіпті техникалық мамандардың жұмысына ақы төлеуге де дайын екендігін айтады.

Н.Олжабайұлы мынадай қарапайым мысал келтірді. Егер 100 долларға сырттан техника сатып алсақ, сол ақша түгелдей шетелге кетіп, кері қайтпайды. Ал отандық өнімге төленген 100 доллардың 72 доллары өзімізде қалып, ел экономикасына қызмет етеді. Өйткені зауыт 72 пайыз жергілікті өнімдерді пайдаланып отыр. Ал 28 доллары қажетті бөлшектерді сатып алуға жұмсалады.

Қорғаныс зауыты өкілдерінің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевқа да өкпелі. Өз өндірісін өрге сүйреудің орнына сырттан өзге елдің өнімін алып келудің не қажеті бар?

Қазір тілге тиек болып отырған отандық әскери зауытта 250 адам және жауынгерлік көлікке арнап әйнектер, орындықтар, пештер т.б. қосалқы бөлшектер шығаратын кәсіпорындарда тағы да 3000 адам еңбек етеді екен. Егер ертең зауыт жабылса, осынша адам отбасымен бірге жұмыссыз, далада қалады деген сөз.

Бізді де бірнеше сұрақтар мазалайды. Мысалы, Қазақстанда «өзім дегенде өгіз қара күшім» деген қағида неге жұмыс істемейді? Отандық қорғаныс зауыты жабылса, кімнің жері кеңиді?

Абзал Ибрагим

Бүгін, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды