Қорғаныс өнеркәсібі кешеніне кең өріс

Бүгін, 13:43

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту басты бағыттардың бірі екенін атап айтқан еді.

Президент: «Тағы бір маңызды мәселе – қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту. Бұл сала дамыған елдердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде басты рөл атқарады. Осы орайда импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру – аса маңызды міндет. Біздің армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуы тиіс. Техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн. Бізде оған қажетті материалдық-техникалық база, білік пен тәжірибе және мамандар бар», — деген болатын.

Биылғы 13 ақпанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Президент Жарлығының қабылдануымен мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру міндеттері қорғаныс министрлігінің қарамағына берілді. Бұл туралы қорғаныс ведомствосының баспасөз қызметі хабарлады.

Ал наурыз айының басында Алматыда қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығының ІІІ конференциясы өтті. Жиында министр Руслан Жақсылықов мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру мен орындаудың басымдықтарына тоқталды.


Конференцияға қатысушылар қорғаныс саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Кәсіпкерлер өзара келісімшарттың бір жылдық мерзімі күрделі жұмыстарды, жоғары технологиялық тапсырыстарды орындау үшін жеткіліксіз екенін алға тартты. Олардың пікірінше, іс жүзінде бұл көптеген компоненттерді жеткізуді талап етеді. Ал қазіргі кезде логистикаға қатысты түйткілдер мен кейбір қиындықтар келісімшарт талаптарының бұзылуына әкеп соғуы ықтимал. Міне, осыны ескерген қорғаныс министрлігі жасалатын келісімшарттардың мерзімін үш жылға дейін ұлғайтуды ұсынды. Министр мемлекеттік орган мен қорғаныс-өнәркәсіп кешендері кәсіпорындары қауымдастығының отандық өндірісті дамыту және жалған кәсіпкерлік, жасырын импорт пен бағаны негізсіз көтеру фактілерін анықтауға күш-жігерді біріктіруге шақырды.

Руслан Жақсылықов бұл ретте: «Бүгінде қорғаныс-өнеркәсіп саласында 120-дан аса компания бар. Дегенмен олардың барлығы нақты өндірушілер емес. Кейбірі тіпті, өнім шығармай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында қаржы алып қалғысы келеді», — деді. Министр бұған жол бермеу үшін аталған мәселені құрамында қорғаныс министрлігі, Бас прокуратура, қаржы мониторингі агенттігі және «Атамекен» ҰКП өкілдері бар комиссия құру арқылы шешуге болатынын атап өтті. Комиссия өзін әскери мақсаттағы өнім өндірушілер ретінде көрсететін кәсіпорындарды тексереді.

Қорғаныс ведомствосының басшысы шетелден технологияларды сатып алу кезінде де өндірісті одан әрі оқшаулау туралы талап болуы тиіс екеніне тоқталды. Сонымен қатар, ол Семей танк жөндеу зауытының базасында кластер құру қажеттігін мәлімдеді. Атап айтқанда, өндіріс орны броньды танк техникасын ғана емес, қару-жарақты, артиллериялық жүйелерін, трансмиссиялардың күштік қондырғыларын жөндеуге де мамандануы тиіс. Әрі мұның бәрі мүлтіксіз орындалуы керек.

Конференция қорытындысы бойынша қорғаныс министрлігі мен Қорғаныс-өнеркәсіп кешендері кәсіпорындарының қауымдастығы отандық қорғаныс саласын дамытудың бірыңғай стратегиялық тұғырнамасын әзірлеу үшін бірлескен комиссия құру жөнінде шешім қабылдады.
Көп өтпей, Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» РБҚ төрағасы, Халық Қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев бастаған, осы жолдардың авторы да бар, бір топ ардагерлермен кездесті.

Жиын басында қорғаныс министрі өткен жылдың қорытындысын қысқаша баяндап өтті. Ең алдымен, әрине, жауынгерлік дайындық, халықаралық деңгейде өткен бірнеше жаттығулар туралы сөз болды. сосын қолда бар қару-жарақ пен техниканы жаңғырту, әскери инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері тілге тиек етілді. Сонымен қатар ол отандық қорғаныс өнеркәсібі саласына жан-жақты тоқталды.


Атап айтқанда, министр алдағы 7 мамырда болатын әскери парадқа тұңғыш рет отандық өнім — «Барыс 8х8» броньды жауынгерлік машинасының қатысатынын хабарлады.

«Барыс 8х8» – алдыңғы қатарлы технологиялық шешімдермен жабдықталған көп мақсаттағы броньды дөңгелекті мәшине (БДМ). Бұл әскери көлік –ұтқырлығы жоғары және минаға қарсы платформа қондыру қажеттілігіне байланысты талаптардың ұлғаюынан туындаған өнім. Арнайы «минаға қарсы» орындық экипажды төтенше жағдай туындаған кезде жарақат алудан қорғайды.

Отандық өнім шығаратын «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясының коммуникация және өзгерістер жөніндегі директоры Найзабек Олжабайұлына хабарласқанымызда, ол аталған ақпаратты растап, қазір көліктер әскери парадқа қызу дайындық үстінде екенін жеткізді. Компания «Барыстан» бөлек дөңгелегі 4х4 формуласындағы «Алан» және «Арлан» броньды машиналарын шығарады.
Қазіргі заман талабына сай елімізде дрондарды өндіру де қолға алына бастады. Толығымен Қазақстанда жасалып, жетілдірілген ұшқышсыз басқарылатын «Шағала-М» аппараты сынақтың соңғы кезеңінен сәтті өткен.

Отандық дрон сағатына 120-100 шақырым жылдамдықпен шамамен 200 шақырымды артқа тастай алады. Оған ұшу-қону жолағы қажет емес, яғни күй талғамайды. Ал өнімді жасаушылардың айтуынша, «Шағала-М» аппаратының бағасы шетелдік дрондарға қарағанда әлдеқайда арзан. Ұшқышсыз ұшу аппаратын әскери мақсатқа да, азаматтық мақсатқа да пайдануға болады.

Бұдан бөлек, «Казақстан инжиниринг» ұлттық компаниясына қарасты кәсіпорындарда Қарулы Күштеріміз үшін әскери кемелер, авиация жабдықтары, броньды және арнайы автомобильді техникалар, жеке қорғану құралдары, радиоэлектроника және байланыс өнімдері, атыс қаруларына арналған патрондар шығарылады. Қорғаныс ведомствосының мәліметі бойынша, қазір Қарулы Күштердегі қару-жарақ пен әскери техниканың 50 пайыздан астамы отандық өнім болып табылады.

Бір сөзбен айтқанда, «ауызды қу шөппен сүрте бермей», қолда бар дүниелерді ұқсатып пайдалансақ және оларды ұтымды түрде жетілдіре алсақ, онда отандық қорғаныс өнеркәсібіне кең өріс ашылатыны анық. Енді соған мемлекеттік тұрғыдан жан-жақты қамқорлықпен қатар, қатаң бақылау мен жауапкершілік те қажет.

Әбубәкір Смайылов,
әскери журналист,
Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагері

Суреттер ашық дереккөздерден алынды

Бүгін, 14:20
Нұрбақыт Теңізбаев: Төрт түлік көбейген сайын жайылымға сұраныс артады
Бүгін, 13:43
Қорғаныс өнеркәсібі кешеніне кең өріс
17 наурыз, 13:18
Алматы инфрақұрылымын жаңғырту: жоспар – айқын, жұмыс - қарқынды
14 наурыз, 18:47
Транскаспий дәлізі: Орнықты да оңтайлы
14 наурыз, 18:31
Файзулла Мұстафинұлы: Мақта кластері сыртқы нарыққа тәуелділікті азайтады
14 наурыз, 14:01
Қыздан туған бала жиен бе әлде немере ме?
05 наурыз, 12:03
Дәулет Дидахметұлы: Әкемнің шығармалары – уақытпен өлшенбейтін құндылық
01 наурыз, 10:08
Президент: Асыл дініміз де, ата дәстүріміз де жұртты жақсылық пен жасампаздыққа үндейді
24 ақпан, 11:57
Жалған психологтар мен коучтардан қалай арыламыз?