
Геосаяси ахуал күрделене түскен бүгінгі тұрақсыз әлемде егемендік, ұлттық қауіпсіздік және елдің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету өміршең міндетке айналып отыр.
Қазақстанның қорғаныс да саясаты мемлекет тәуелсіздігін қорғауға, халықаралық процестердің толыққанды мүшесі бола отырып, ішкі тұрақтылық пен бейтараптылықты қамтамасыз етуге бағытталады. Ал қорғаныс стратегиясы бейбіт өмір сүру, агрессивті әскери одақтарға араласпауға және халықаралық құқық нормаларын ұстануға негізделген. Осы міндеттер еліміздің Әскери доктринасында көрініс тапқан. Осынау маңызды құжатта елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға зор маңыз берілген. Отандық қорғаныс саласын нығайту үшін қандай іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр? Ендеше, әңгімемізді қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің Jasqazaq.kz порталына ұсынған деректері мен дәйектеріне сүйене отырып өрбітейік.

Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс саласын дамыту мәселесін айрықша назарда ұстайды. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әуе шабуылына қарсы жүйесін (ӘШҚ), әскери әуе күштерін, Арнайы операция күштерін, радиоэлектронды барлау мен күрес, ұшқышсыз ұшу жүйесі мен қос бағытты құралдарды дамытуға басымдық беріледі.
Бүгінгі күні әуе шабуылына қарсы жүйелерді жаңғырту жобалары белсенді жүзеге асырылып отыр. Бұл стратегиялық маңызды нысандарды қорғап, мемлекеттің қорғаныс әлеуетін нығайту үшін керек.

Сонымен қатар әскери әуе көлігін дамытуға да ерекше мән беріледі. Армияның ұшқырлығын арттыру, оның сын-қатерлерге шұғыл әрекет етуі мен әскери күштерді өте қысқа мерзімде жеткізуге әуе қорғаныс күштерінің авиациялық паркіндегі А-400М, С-295, көпфункционалды жойғыш ұшақтары, сонымен қатар әр түрлі санаттағы тікұшақтар арқылы жүзеге асады.
Терроризмге қарсы күрестен бастап, бітімгерлік миссияға қатысуды қамтитын әмбебап құрал ретінде Арнайы операциялар күштерінің атқаратын рөлі айрықша. Олардың дайындығын арттыру, жарақтандыру және өзге бөлімшелермен бірлесіп қимылдауына жағдай жасалуда.
Радиоэлектронды барлау мен күрес, сондай-ақ ұшқышсыз авиациялық жүйелерді енгізу маңызды бағыт болып қалады. Бұлар — мониторинг пен барлау үшін қажет, сонымен бірге әскердің тиімділігін арттыратын заманауи құрал. Оған қоса, қос мақсатты құралдарды шығару мен пайдалану бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұның өзі армияның икемділігін арттырып, технологиялық артықшылық береді.
Қорғаныс өнеркәсібі кешеніне қолдау көрсету – маңызды міндеттің бірі. Қазақстан Қарулы Күштері отандық қорғаныс өнеркәсібінен шыққан өнімдерді қолдануға басымдық береді. Ол импортты алмастыру мен технологиялық тәуелсіздік жөніндегі мемлекет саясатына сай келеді.
Қорғаныс өнеркәсібін дамытуда шет елдермен әскери-техникалық ынтымақтастық саласында дұрыс құрылған саясат маңызды роль атқаратыны сөзсіз. Бүгінде ел аумағында «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-ның шетелдік алдыңғы қатарлы өндіріс орындарымен бірлескен кәсіпорындары жұмыс істейді. Олардың ішінде түріктің Aselsan компаниясымен бірлескен электронды-оптикалық құралдар, француз-неміс Eurocopter компаниясымен ЕС145 тікұшақтарын шығару және техникалық қызмет көрсету, француздың Tales компаниясымен КВ радиостанциясы мен УКВ диапазондар өндірісі бар.
Сондай-ақ, әскерге қажетті қару-жарақ жасауды шоғырландыру ауқымы ұлғайып келеді. Бұл ең алдымен патрон шығару, кеме жасау, әуе қорғанысына арналған құрал-жабдық өндіру мен жөндеу, оптикалық-электронды жүйелер мен құрышпен қапталған танк техникасы сияқты салаларды қамтиды.
Отандық ұшқышсыз аппараттарға тоқталсақ, «Burkit», «Sunqar» «Шағала», «Шағала-М», «Қарақұс» әскери сынақтан өткізілді. Соның нәтижесі бойынша «Sunqar» ұшқышсыз аппараты еліміздің Қарулы Күштерінде қолданылатын болды.

Қарулы Күштерді дамытудың басты қағидалары әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қысқа және ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламалық құжаттарда белгіленген. 2025-2026 жылдары қорғаныс саласындағы заңнаманың ауқымды реформасы аяқталды. Соның нәтижесінде жаңа заңдар қабылданып, қолданыстағы актілерге өзгерістер енгізілді. «Резервтегі қызмет туралы», «Аймақтық қорғаныс туралы» заңдар қабылданып, әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізілді.
Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, Қарулы Күштердің алдында басты басымдық – не жағдайға да сақадай-сай дайын болу және армияның қазіргі заманғы сын-қатерге бейім болуы. Осыған орай әскерді басқаруда цифрландыру мен автоматтандыру күшейтілуде, заманауи байланыс, мәлімет алмасу және әскери іс-қимылды модельдеу жүйесі енгізілуде. Бұл басқару жылдамдығы мен сапасын жақсартады.
Сонымен бірге Қазақстанның бітімгерлік әлеуетін айрықша мән беріледі. Біздің әскери қызметшілер халықаралық миссиясына сенімді әрі біліктілігі жоғары қатысушылар ретінде танылды. Жеке құрамның дайындығын күшейту және серіктестермен өзара іс-қимылды нығайту арқылы бұл бағыт әлі де кеңейтіліп, жетілдіріле түседі.
Атап өткен жөн, әскери қызметшілер мен олардың отбасыларын әлеуметтік қорғау маңызды бағыт ретінде қалады. Тұрғын үй жағдайын жақсарту, медициналық қамтамасыз ету, моральдық-психологиялық көмек көрсету – әр жауынгер мен офицердің ереңгі күнге деген сенімін күшейтетін іргетас іспетті.
Әскери қызметтің тартымдылығын арттыру бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр. Ең алдымен бұл білім саласындағы жеңілдік және несие шегеріміне қатысты.
Осылайша, Мемлекет басшысының еліміздің қорғаныс қабілетін жан-жақты нығайтуға бағытталған тапсырмасын басшылыққа алып, қорғаныс министрлігі тарапынан жүргізіліп келе жатқан жұмыс кешенді сипатқа ие. Бұл Қазақстан армиясын жаңғырту сияқты стратегиялық мсәледен бастап, оның басты ресурсы — адамдарға қамқорлық жасауға дейінгі сан-салалы міндеттерді қамтиды.
Талап Тілеген
Сурет: Қорғаныс министрлігінің сайты