Қордай: Төрт ауылдағы түсіністік

14 ақпан 2020, 11:08

Сейсенбі

Біз Қордайға 11 ақпан күні бардық. Дүрбелең болған үш ауылға да ат басын бұрдық. Олар – Масаншы, Сортөбе және Ауқатты. Қираған үйлер мен өртенген көлік, бизнес орындары бүліктің алғашқы күнін көз алдыңызға әкеледі. Ауылдардың кіреберісіне арнайы күзет бекеті қойылған. Арнайы жасақ қызметкерлері келген-кеткен көлікті тоқтатып, тексеріп өткізіп жатыр. Бізді де тексеріп кіргізді.

Үш ауылда ең қатты бүлінгені – Масаншы. Елді мекеннің ортасынан өтетін негізгі жолдың бойындағы кафе, дүкен, сауда үйлері мен тұрғын үйлерді жалын шарпыған. Болжам бойынша, жаппай төбелес кезінде Масаншыдан шыққан топ ары қарай Ауқатты ауылына бет алыпты. Бірақ бұл ауыл қатты бүлінбепті. Көзімізге түскені – өртенген екі-үш үй мен бірнеше көлік қана. Одан ары Сортөбеге соқтық. Нақты ақпаратқа қарағанда күштік құрылым төбелес шығарған топты Сортөбе ауылында тоқтатыпты. Жанжал сол жерде аяқталған.
Қазір арнайы штаб құрылып, комиссия жұмыс істеп жатыр. Бүлінген дүние-мүлік есептеліп, тұрғындардан жекелеген шағым қабылдануда. Штаб Сортөбе ауылына орналасқан. Біз барған бірінші күні сол жердегі төрт ауылдың ақсақалдары мешітке жиналды. Төртінші ауылдың Қаракемер екенін ескерте кетейін. Күн тәртібіндегі негізгі тақырып: бірінші жаппай төбелестен кейінгі бассыздықты болдырмау жолдары, екінші, дүрбелең неден туындағанын талдау.

Жиналысқа облыс пен ауданның атқамінерлері қатысты. Арасында аймақ басшысы мен орынбасарлары, аудан әкімі мен орынбасарлары, өңірдің бас имамы болды. Ақсақалдар бассыздыққа өздері кінәлі екендіктерін мойындады. Олар жастардың бойына «Бір ұлт – бір мүдде» деген ұғымды сіңірмегендерін ашып айтты.
Сейсенбі күнгі жиналыстың қорытындысы болар іс болды. Енді оны ары қарай шұқи берсе, мәселе ушығып кетеді дегенге келіп тірелді. Соған жеткізбей, түйткілді дер уақытында шешу керек деген пәтуаға тоқайласты. Төрт ауылдың ақсақалдары мен атқа мінген азаматтарынан құралған қоғамдық кеңес құру мәселесі қаралды. Бұдан былай ауыл тұрғындары арасында ұрыс-керіс, төбелес болған жағдайда, қоғамдық кеңес мүшелері барып, мәселені тез шешуге жауапты болмақшы. Барлық тарап бұл шешімге келісіп, ортақ мәмілеге тоқтады.
Одан кейін біз Масаншы ауылындағы мектептерге бет алдық. Елді мекенде үш білім ошағы бар. Мектеп директорымен сөйлескенімізде, ол оқиға болған күннің ертеңіне сабаққа 15 оқушы ғана келгенін айтты. 15 баланың ата-анасы мектепке бірге келіп, сабақ аяқталғанша болыпты. Қазір әр мұғалім үй аралап, оқушылар мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы мәселеге байланысты сәрсенбі күні білім және ғылым министрінің кеңесшісі Раиса Шер келіп, мектептерді аралады. Раиса ханым бізге берген сұхбатында: «Дәл қазіргі жағдайда оқушыларға психологиялық көмек қажет. Сондықтан мұндай кезде педагогтар мен психологтардың көмегі маңызды» екенін айтты. Ол төрт ауылдың мектеп директорларымен де кеңес өткізді.

Сәрсенбі
Қазір ауыл тұрғындарының күнделікті тіршілігі қалыпқа келді. Көшеде жүргенде байқағанымыз, арнайы жасақ қызметкерлері сақадай сай тұр. Тәртіп сақшыларының бірі аға лейтенант Ардақ Сәбиттің бетіне бытыра тиген екен. Дәрігерлердің «ауруханаға жатып ем қабылда» дегеніне қарамай, жұмысына кірісіп кетіпті. Мұны өзі: «Бұл әскери міндетім, тыныштықты күзетуім керек», – деп түсіндірді.
Оқиға болған күннің ертесіне тұрғындардың біразы Қырғызстанға кетіпті. Қазір 8000 адам қайтадан оралды. Екі ел арасындағы шекара бекетінде эпидемиолог мамандар жұмыс істеуде. Олар Қырғызстаннан кірген әр адамды бақылап, дене қызуын тексеруде. Егер дене қызуы байқалса, қажетті шара қолданады.

Түйін:
Екі күнде өткен жиналыс пен атқарылып жатқан түрлі жұмыс нәтижесінде Қордай түйткілін түбегейлі шешудің әдістемесі жасалатын болды. Оқушылар мен оқытушылар арасында, төрт ауылдың тұрғындары арасында қалай дұрыс жұмыс жүргізу керек? – деген сұрақтар бойынша шешім қабылданып, нақты жұмыс жасалады.
Комиссия мүшелері шығынды есептеп жатыр. Ары қарай шығынды қалай өту керек деген мәселе қаралады. Шығын демекші, кейбір тұрғындар «Көлігім өртеніп кетті» деп жалған ақпарат берген. Мәселен, өртеніп кеткен бір көлікке «Мынау менің машинам» деп бес адам таласқан жағдай кездескен. Сондықтан комиссия мәселені терең тексеруді жөн көріп отыр.

Асқарбек ҚАЗАНҒАП
(Арнайы Jas qazaq газеті үшін
Жамбыл облысынан)

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?