jasqazaq.kz

Қоғамды шайқалту

04 ақпан 2022, 11:23

Белгілі әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова қаңтар оқиғасынан кейін берген сұхбатында елең еткізетін бір деректі ортаға салды. Зерттеуші қауым қай елде де болып тұратын наразылықты төменгі, орта және жоғары деп үш деңгейге бөледі екен. Түсінікті болу үшін тізбелей кетейік.

Төменгі деңгейге сайлау қорытындысын мойындамау, петиция, билікке талап қою жатады.
Орта деңгей – әлеуметтік желідегі оппозициялық жазба, бойкот жасау, аштық жариялау.
Жоғары деңгей — бас көтерудің террористік акцияға ұласуы, жол мен коммуникацияны жабу, ғимараттарды басып алу.

Алдыңғы екеуі қоғамды үздіксіз тербелтіп, ақырында шарықтау шегіне жеткізеді. Қаңтардағы дүрбелеңнен кейін біз осы үш деңгейді де бастан өткердік деп айта аламыз. Қазір де алдыңғы екі топқа кіретін наразылық белгілері күл астындағы шоқтай. Оның жарқын мысалы — Алматыны тым тәуір басқарып тұрған әкімді орнынан алып тастауға себепші болған петиция. Бес-алты мың белсенді екі миллионға жуық тұрғынның атынан «сөйлеп», дегеніне жетіп тынды. Қызық болғанда, Ерболат Досаевтың әкім болып тағайындалғаны туралы ақпарат шығар-шықпас, оған қарсы қол жинау басталып кетті.

Бұл алдағы кезде де «петиция» науқанының өріс алатынын көрсетсе керек. Сыныққа сылтау табу қиын ба? Бірі өтпесе, екінші бірдеңені ойлап табады. Қарап отырсақ, соңғы жылдары біреуді жылы орнынан кетіру үшін келсін-келмесін күйе жағу етек алды. Мұндайда қаламның ұшымен, бопсалаудың күшімен нәпақа табатын блогерлер армиясы білек сыбанып іске кіріседі. Топ болып қаралаудың нәтижесі белгілі: нысанаға ілінген адам ақырында қызметінен кетіп тынады. Ал блогердің есебі түгел. Жыл басындағы дүрбелеңге әлеуметтік желіде айқайға қиқу қосып, отқа май құйғандардың көбі осы «блогерлер отряды». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қаңтардағы үндеуінде «Демократия дегеніміз – жүгенсіздік емес. Әсіресе, блогосферада заңға қайшы әрекет ететін арандатушылық емес. Құқықтық тәртіпті бұзуға өздерін «еркін» бұқаралық ақпарат құралдарымыз деп санайтындар мен біздің көпұлтты халқымыздың негізгі мүдделерінен алшақ «сырттағы қайраткерлер» ықпал етіп, шын мәнінде арандатушылық рөл атқарады. Жауапсыз демагогтардың барлығы Қазақстанда қайғылы жағдайдың туындауына себепкер болды десек, асыра айтқанымыз емес» деген болатын.

Бірақ қаңтар оқиғасынан кейін «еркін» ақпарат құралдары да, «диван демагогтары» да айылын жияр емес. Кез келген оқиғаны теріс бұрып әкету жалғасып жатыр. Көпшілік соған сеніп өре түрегеледі.

Қит етсе, петиция ұйымдастыру, қолынан жұмыс келетін білікті мамандардың жұмысына кедергі келтіру сияқты «диверсиялар» алдағы уақытта өршімесе, азаймайды. Себебі оған тоқтау жоқ. Тоқтау болмаған соң қоғамды шайқалту әрмен қарай жалғаса береді. Ал оның неге алып келетінін біз көрдік.

Гүлнар Ахметова

Бүгін, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда
Бүгін, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті