Қаржылық мониторинг агенттігі жыл басынан бері 34 блогердің онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы бар екенін анықтады, деп хабарлайды jasqazaq.kz.
ҚМА Телеграм-каналындағы мәлімет бойынша, олардың ішінде Қайсар Қамза, Шыңғысхан Көпбаев, Тәуіржан Айтмаханов, Наиль Тұрғанов, Диляра Аманқосқызы және тағы басқалар бар.
11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 23 контент жасаушыға қатысты материалдар мәдениет және ақпарат министрлігіне шара қабылдау үшін жолданған.
Белгілі болғандай, блогерлердің көбі заңды бір рет емес, жүйелі түрде бұзады.
Мәселен, хип-хоп орындаушы «Baller» (шын аты – Шыңғысхан Көпбаев) жыл басынан бері аталған бап бойынша бес рет жауапқа тартылды.
600 мыңнан астам жазылушысы бар музыкант-блогер Ринат Шамшыраққа қатысты да онлайн-казино жарнамалағаны үшін әкімшілік іс қозғалған.
Блогер «Niko_nett» пен инфлюенсер Қайсар Қамза да ерекше назарда. Соңғысы өзінің телеграм-арнасында заңсыз ойындарды үнемі насихаттап, жалған жеңімпаздардың видеоларын жариялап келеді.
Сол сияқты, Наиль Тұрғанов онлайн-казино жарнамасы үшін 8 млн теңгеден астам қаржы алған.
Нұрғазы Тоқтаров («Nakonay Qarapaiym») әлеуметтік желілерінде азаматтарды заңсыз ойындарға тарту мақсатында агрессивті науқан жүргізіп, жарнама үшін 15,8 млн теңге алып, оның жартысына жуығын сол платформалардың өзінде ойнап ұтылып қалған.
Бұл істе нәзік жандар да белсенді. Мәселен, Мариям Құлжабаева («@oomariko») интернет-казинода тіркелуге шақырған қарапайым стористерін небары 350 мың теңгеге бағалаған. Ал оның құрбаны болған отбасылар миллиондаған қаржысынан айырылып жатыр.
Зухра Хакиева, Диана Халметова, Әсем Әубәкірова, Арина Байкова, Күмісай Айымбетова және басқа да блогерлер де назарға іліккен.
Осылайша, онлайн-казино жарнамасы ойынға тәуелділікке бастайтын негізгі арна екенін біле тұра, аты аталған блогерлер өз істерін жалғастыруда.
Олар адамдардың тағдырына немқұрайлы қарап, отбасылардың күйреуіне себеп болуда.
Миллиондаған табысқа кенелген блогерлер айыппұлдарын төлеп, заңсыз әрекетін қайта жалғастырып жүр.
Осыған байланысты Агенттік мұндай әрекеттерді ҚР ҚК-нің 28-бабының 5-тармағы аясында – заңсыз ойын бизнесіне көмектесу ретінде қарастыруға ниетті.
Сонымен қатар, қаржы пирамидаларын жарнамалағандағыдай, онлайн-казино жарнамасы үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізу бастамасы көтерілді.
ҚМА блогерлерді жарнама түріндегі контент таратумен айналысатын әрбір тұлға заңды қатаң сақтауы тиіс екенін ескертеді.
JQ-Aqparat