Елдегі Есенбай пеш жағудан шаршаған. Солтүстікте қыс ұзақ. Табандатқан алты ай бойы өзге жұмысты былай қойып, қара пешпен қаржысып алысумен күні өтті. Биыл қала іргесіндегі Краснояр ауылына көшкен. Екі қолын ыстық суға малып қоймақшы. Бір кездескенде үйін мақтаған. Асты тақтай, үсті тақтай, ортасы сылдырмақтай үйге кіріп алдым, енді ауылдағы отынмен кіріп, күлмен шығатын күндерім көрген түстей болады деген. Әйтсе де, аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайтынын
білмейді екен.
Қайран, жылу! Елдің де, Есенбайдың да қолы жетпей қойды ғой. Көкшетаудың іргесін жайлаған бір қауым елдің, қазір үйінде тон киіп, тоңып отырған жүздеген жанның мұңы бұл. Осыдан бес жыл бұрын алақандай ауылдарына миллиард теңгеге жылу қазандығы салынған. Қол созым жерде отырып, түтіні будақтаған сол қазандыққа 5 жыл қосыла алмаған жұрттың бүгінде бойы ғана емес, жаны жаурап отыр. Арқада арқасын аяз қарыған жұрттың ендігі тіршілігі не болмақ?!
Алпысты алқымдаған Әшкен Қалиев отыз жылдан бері таңертең және кешке жағатын отынды әзірлейді. Екінші қабаттағы пәтерге ағашты құшақтап, көмірді шелектеп тасиды. Красноярдағы ағайынның алты жылдан бергі тілегі жаңадан салынған орталық жылу қазандығына қосылу. Ауылдағы көпқабатты он шақты тұрғын үй әлі күнге пешпен жылытылады. Жиырма бірінші ғасырда. Ақылды қала, ақылды үй салынып жатқан уақытта. Көпқабатты үйде, қуықтай бөлмеде пеш жағып көріңіз. Көкала түтін, күңірсіген иіс, шашылған шаң, қуыс-қуысты аңдып, құлдилай «жүгіретін» күл.
Ауыл тұрғыны Қоныс Есеев: «Пеш жағамыз. Қазандық салынғалы бес жыл болды. Қазір өзін-өзі ақтамайды екен десіп жатыр. Біздің бәріміз қосылмасақ, ол қалай өзін-өзі ақтайды. Жыл сайын он тонна көмір аламыз. От тұтату үшін бір машина жарылған ағаш керек. Көмір бағасы 150-160 мыңға жетсе, бір машина отынның құны 50-60 мың теңге. Оны қойшы, көпқабатты үйдің жанында көміріңді қалай сақтарсың, отыныңды қайда үйерсің. Үйілген көмірдің бүйірі түскен сайын ақадал көршімізді ұры көріп, жанжалдасып та аламыз», – дейді.
Осыдан тура 5 жыл бұрын 1 миллиард теңгеден астам қаражатқа су жаңа бу қазандығы салынған. Қазір орталық жылу жүйесіне 400-ден астам абонент қосылыпты. Оның 23-і көпқабатты тұрғын үй болса, 7-еуі әлеуметтік мекемелер.
«Көкшетау жылу» бу қазандығының бастығы Владимир Ступин: «Бу қазандығын іске қосқанымызға 5 жылдан асты. Ауыл арасында көшелерге жаңадан жылу құбыры тартылды. Қазандықтың қуаты сағатына 10 гигакалорий. Бізге биыл тағы 148 нысан қосылмақшы. Жылудың қуаты жеткіліксіз болса, әрқайысысы 10 гигакалорий болатын қосымша 2 пеш орнатылады. Әзірге мұның барлығы жоба жүзінде ғана», – дейді.
Ауылдық округ әкімінің айтуынша, аурухана, мектеп және өзге де әлеуметтік маңызы бар нысандарға жылу 1-ші қазанда берілген.
Краснояр ауылдық округінің әкімі Нұрлан Айсин: «Жылу жүйелеріне қосу жобасы бойынша республикалық бюджеттен 855 миллион теңге қаражат бөлінген. Қазір оның 714 миллионы игерілді. Жобаға кірмеген баспаналарды жобаға кіргізіп, үйлерге жылу құбырын тартып жатырмыз. Барлығы 8,8 шақырым аумағында жылу құбыры тартылады. СКЛ+ Жоба бойынша қосымша тағы да 140 үй жылу құбырына қосылуға рұқсат қағаздарын алып отыр. Оның ішінде 90-ы жеке тұрғын үйлер», – дейді.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша елді мекенге 1,5 миллиард теңге бөлінген. Бұл бір ғана Красноярдың инфрақұрылымын тұтас жаңартуға бағытталмақ. Алайда екінші екпінмен бөлінген осы қыруар қаражаттың тағы асықпай басып, ауылға енді бес жыл кешікпесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Бүгінде өз үйінде тон киіп, тоңып отырған Әшкен қарт «Ол бізге жеткенін көре алмай кетемін бе» деп қамығады. Алайда қолдан келер амал жоқ! Күнделікті отын тасып, күл төгіп, тек үміттің шырағына жылынып отырады-дағы….
Облыс орталығында да жағдай мақтанарлық емес. Қарыз қордаланып қалған. «Көкшетау Жылу» кәсіпорны жылу жүйесін жөндеуді ширата түсуі керек еді. Осы орайда аталмыш кәсіпорынға жыл сайын 3 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінетіндігін екпін түсіріп айта кетуіміз керек. Демек бұл кәсіпорында қолбайлау болып отырған бөгесін қаражат емес, істі уақытылы ұйымдастыруында. Биыл жөндеу жұмыстары мен отын қорын жасақтауға 6 миллиард теңге қарастырылған. Мұншалықты қаржыға жөндеу жұмыстарын тап-тұйнақтай етіп, мерзімінен бұрын аяқтауға әбден болатын шығар. Сөз арасында қалалық бюджеттен жылу беру маусымына бір тиын да бөлінбегендігін сыналап айта кетелік. 2016 жылдан бері кәсіпорынның кредиторлық берешегі үздіксіз өсіп келеді. 596 миллион теңгеден жаңа жылу беру маусымына дейін 3,4 есе көбейіп, қордаланып қалған соңғы екі жылдағы қарыз 2 миллиард теңгені құрап отыр. Оның 489 миллионы көмірге, 95 миллионы салыққа төленетін қарыздар. Тұрғындардың қарызы да қордаланып қалған. Бұл орайда мына бір жайды айта кетуіміз керек. Қыс ішінде пайдаланылған жылу ақысын өндіріп алу бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіледі. Сол кезде қарызы мөлшерден тыс қордаланғандар қалталы ағайындар болып шығады. Ал зейнеткерлер болса, бұл шаруаға өте мұқият. Ендігі арада кәсіпорын қарызын азайту үшін талапты қатайту да керек шығар.
Қыстан қысылмау үшін жеткілікті отын қорын дайындау өте маңызды. Қазіргі күні жылу беретін кәсіпорындарға көмір жеткізілуде. Екі айлық қажеттілікті өтейтін 160 мыңға жуық тонна көмір алынған. Әйтсе де бұл көрсеткіш Аршалы, Ерейментау, Есіл, Атбасар, Қорғалжын аудандарында төмен. Белгіленген кестеге сәйкес қыркүйек айының соңында тағы 13,5 мың тонна көмір жеткізіледі деп күтілуде. Облыс тұрғындары 349 мың тонна көмір сатып алған. Бұл – қажеттіліктің 53 пайызы. Қыстан қысылмай шығу үшін 660 мың тонна көмір қажет. Қазір облыс елді мекендерінде 56 отын қоймасында көмір сатылуда. Көмірдің бір тоннасының орташа бағасы 13 мың теңгені құрайды. Қалалық және аудандық әкімдіктердің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері бұл мәселені жіті қадағалап отыр. Бұрнағы жылдардағыдай қарбалас байқалмайды.
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айының 11-індегі мәліметке қарағанда, жылу және сумен қамтамасыз ету кәсіпорындарының дебиторлық қарызы 1 миллиардтан астам. Оның 593,8 миллион теңгесі бұрыннан қордаланып қалған қарыз болса, ағымдағы қарыз 443,9 миллион теңгені құрайды. Мұндай қарыз аудандарда да бар. Мәселен, дебиторлық қарыз Степногорск қаласында 315 миллион теңге болса, Бурабай ауданында 172 миллион теңгеге жеткен. Сондай-ақ Атбасар және Көкшетау қалаларында да қомақты қарыз қордаланып қалған.
Коммуналдық кәсіпорындарда да қарыз шаш етектен. Айталық, «Көкшетау су арнасы» кәсіпорнының қарызы 334 миллион теңге. Кәсіпорын салыққа 76 миллион, еңбекақыға 19 миллион көлемінде қарызға батып отыр. Дәл осындай «Атбасар су» кәсіпорнының қарызы 211 миллион теңгеге жеткен.
Байкен Көбеев,
Ақмола облысы