
Бірнеше жылдан бері Қазақстанда 7 қараша — Әскери журналистер күні ретінде аталып жүр. Тоқсан жылдан астам уақыт бұрын, дәлірек айтсақ 1929 жылдың 7 қарашасында қазақ тілінде «Қызыл әскер» газетінің бірінші нөмірі шыққан еді. Сол басылымның мирасқоры егемен елдің «Қазақстан сарбазы» – «Воин Казахстана» (қазіргі Сарбаз) газеті болып табылады.
Тарихқа шегініс жасасақ, патшалық Ресейдің боданындағы қазақ халқына тұрақты армия ұстауға тыйым салынды, сол себепті әскери баспасөз де болған жоқ. ХХ ғасыр басындағы газеттер негізінен ағартушылық бағытты ұстанып, қазақты оқу-білімге шақырды. Әскери тақырып баспасөзде Алашорда үкіметі мен оның әскері құрылған кезде ғана көрініс таба бастады. Бұрын коммунистік идеология тұрғысынан зерттеліп келген Алаш қайраткерлерініңі өмірі мен қызметін бір топ қазақ ғалымдары жаңа қырынан ашты. Оның ішінде «Алашорда әскері» кітабының авторы Берік Әбдіғалиұлы да бар.

Сол кітапта соғыс қимылдары мен қазақ атты әскер полктерінің құрылуы жайлы «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінің жазғаны айтылады. 1918 жылы 24 маусымда Алаш Орда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан Алаш әскерін құру туралы Қаулыға қол қойды. Тура бір аптадан кейін Ә. Бөкейхан Семейде тұңғыш қазақ атты әскер полкінің парадын өткізді деп хабарлайды Омбыда шыққан «Свободная речь» газеті. Алаш әскерін ұйымдастыруда артиллерия капитаны, бір деректерде подполковник Хамит Тоқтамысовтың еңбегі ерекше. Алаш жасағының тағы бір командирі Петербург артиллерия училищесінің түлегі Райымжан Мәрсеков болған. Алаш сарбаздарының шайқастағы ерліктері туралы “Сарыарқа” газетінің 1919 жылы 26-наурыздағы нөмірінде “Қазақ қалай соғысады?” деген мақала жарық көрген.
Әскери журналистика тақырыбын зертеуші ғалым Александр Рожковтың айтуынша Қазақстандағы ресми әскери баспасөздің басы «Фрунзевец» деген атпен белгілі Түркістан Республикасы Әскери комиссариатының «Красноармеец» газеті. Оның алғашқы саны 1918 жылы 19 қазанда шыққан.
Ал, қазақ тіліндегі тұңғыш әскери басылым жоғарыда сөз болған «Қызыл Әскер» газеті. Ол 1929 жылдың 7 қарашасынан 1936 жылдың 31 қазанына дейін Алматы қаласында аптасына бір рет Қазақ өлкелік әскери комиссариатының, ОСОАВИАХИМ мен «Еңбекшіл қазақ» баспасының органы ретінде латын және араб қарпінде жарық көрген.

Жалпы 1918-1941 жылдары алдымен Түркістан, кейін Орта Азия округінде 50-ден астам орталық, майдандық, дивизиялық (бригадалық), ұлттық басылымдар шығып тұрған.
Әскери журналистиканың Ұлы Отан соғысы кезінде атқарған рөлі мен Жеңіске қосқан үлесі ұшан-теңіз. Майдан газеттері әдебиетке қаруы да, қаламы да шыңдалған талай майталман жазушыларды берді. Әскери журналистиканың «шинелінен» қазақтың Жұбан Молдағалиев, Сағынғали Сейітов, Сәрсен Аманжолов т.б. ақын-жазушылары мен тілші ғалымдары шықты. Башқұрттың бас жазушысы Мұстай Кәрім мен қазақтың ақиық ақыны Әбу Сәрсенбаевтың соғыс кезінде бір газетте қызмет жасағанын бүгінде біреу білер, біреу білмес.
Профессор Сағымбай Қозыбаев «Майдандағы Қазақстан баспасөзі» кітабында 1942 жылдың қарашасынан бастап қазақ тілінде газеттер шыға бастады деп жазады. Ұлы Отан соғысы кезінде Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тілінде 42 газет пен жеті журнал шықса, оның ішінде 16 газет пен екі журнал қазақ тілінде болды. Майдан газеттерінде Қазақстаннан 72 әскери тілші қызмет атқарды, оның үшеуі журналист-қыздар болатын. Қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, кейін Халық Қаһарманы атанған Хиуаз Доспанова жайлы мақала жазған — Сағынғали Сейітов. Қазақтың танкист қыздары — кіші сержант Жамал Байтасова, Күлжамила Талқанбаева, радист Жәмилә Бейсенбаева және Күлкен Тоқбергенова туралы мақала да 1944 жылы жарық көрді.
1945-1969 жылдар арасы отандық әскери журналистиканың саябыр тапқан уақыты. Себебі соғыстан соң майдан газеттері жабылып, әскери тақырыпты ұлт тілдерінде жазудың қажеті болмай қалды. Оның есесіне от кешкен журналист, ақын-жазушылар қаруды қаламға ауыстырып, сүйекті шығармалар жаза бастады. Олардың қатарында Б. Момышұлы, Қасым Қайсенов, Жұбан Молдағалиев, Әзілхан Нұршайықов, Тахауи Ахтанов және тағы басқалар бар.
1969 жылы 24 маусымда Орта Азия әскери округі қайта құрылып, сол жылы Алматыда «Боевое знамя» газеті шыға бастады. Газет 20 жыл бойы кеңес әскерлері өмірінің шежіресін жүргізді. 1989 жылдың мамыр айында округтің таратылуына байланысты басылымның шығуы да тоқтады. 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы Жарлық шықты. Ал 1992 жылы 16 желтоқсанда Алматы қаласында жоғарыда сөз болған «Боевое знамя» газетінің базасында ҚР Қорғаныс министрлігінің «Қазақстан сарбазы»- «Воин Казахстана» газеті екі тілде жарық көре бастады. Кейін ол Қазақстандағы жетекші армия газетіне айналды.
Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 12 қазанындағы Жарлығымен еліміздің жаңа Әскери доктринасы бекітілді. Сол құжатта «Гибридті» күрес әдістерін қолдану үрдісі байқалады, олардың мақсаты қолайсыз сыртқы жағдайларды жасау және қарсы тұрған мемлекетте ішкі жағдайды тұрақсыздандыру болып табылады. Әлемдік аренада мемлекет айналасында теріс ахуалды қалыптастыру мақсатында ақпараттық кеңістікте күшейтілген әсер ету жүргізілуі мүмкін» деп тайға таңба басқандай жазылған.
Расында қазіргі әлемде қақтығыстар барған сайын гибридтік сипат алуда, бұл жағдайда масс-медиа тек ақпарат тарату құралы ғана емес, сонымен қатар ықпал ету, қысым жасау және мәдени экспансия механизміне айналуда. Бұрын «жұмсақ күш» пен дипломатиялық құрал ретінде қарастырылған мәдени ынтымақтастық қазіргі гибридтік қақтығыстарда мүдделерді заңдастыру, «дос» пен «жау» бейнелерін қалыптастыру және ұлттық бірегейлікті алмастыру құралы ретінде қолданылады.
Жалпы әскери журналист қызметінің ерекшелігі және дағдарыс жағдайында коммуникация жасау ісіне соңғы кезде ҚР Қорғаныс министрлігі баса назар аударуда. ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде мемлекеттік органдар баспасөз қызметтерінің және БАҚ өкілдерімен оқу-әдістемелік жиындар өткізу дәстүрге айналды.
Республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарындағы журналистерді күрделі жағдайда жұмыс істеуге үйрету үшін «Әскери дискурс» әскери-практикалық семинары ұдайы ұйымдастырылып тұрады.
Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері әскери журналистер арнайы мақсатта және жүйелі түрде дайындалған жоқ. Кеңестер Одағы кезінде осы мамандық бойынша офицерлерді тек Львов жоғары әскери училищесінде ғана оқытатын. Одан бері отандық әскери журналистердің бірнеше буыны алмасып, кадр тапшылығы пайда болды. Енді ғана аталған салалық журналистикаға ел болып бет бұрып келеміз. Мысалы, 2022 жылдан бастап Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әскери кафедрасында әскери журналистерді даярлау қолға алынды. Оқу бағдарламасы аясында студенттер жалпы әскери дайындық негіздерімен жете танысып, саптық, жауынгерлік, тактикалық, техникалық және басқа да дайындықтардан өтеді. Сонымен қатар, болашақ журналистер қазіргі заман табалына сай шартты қарсыласқа қарсы ақпараттық күрес, арнайы насихат жүргізу тәсілдерімен де танысады.
Әбубәкір Смайылов,
ЕҰУ әскери кафедрасының оқытушысы,
ҚР Қарулы Күштерінің ардагері
Суреттерді түсірген В.Дубровченко мен Қ.Дінбаянов