jasqazaq.kz

Қазақстандық оқушылар Бейжіңде өткен IOAI 2025 Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында рекордтық жетістікке жетті

08 тамыз, 17:43

Қазақстан құрамасы мектеп оқушыларына арналған Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында (IOAI 2025) ең үздік нәтижелердің бірін көрсетіп, 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Бұл дода оқушылардың жасанды интеллект мен техникалық білім саласындағы дайындық деңгейін көрсетті.

Олимпиада 2–9 тамыз аралығында Бейжіңде өтіп, 61 елден келген 77 команданы жинады. Қазақстан атынан оған екі команда қатысып, құрама үздіктер қатарынан танылды.

Осылайша, алтын медаль иегерлері – Қасымқан Жәнібек, Әбу Қанабек және Сұлтанби Исатай атанса, күміс медальді Аушахман Тәлім жеңіп алды, ал қола медаль Тимур Шакуов, Дәужан Бекетов пен Сұлтанбек Сарыға бұйырды.

Сондай-ақ, IOAI ұйымдастыру комитетінің мақтау қағазымен Батыр Ерденов марапатталды.

Алтын медаль саны бойынша бейресми есепте Қазақстан 3 алтынмен Польша, Үндістан және Вьетнаммен екінші орынды бөлісті. Бірінші орынды Ресей командасы (6 алтын медаль) иеленді. Сонымен қатар үздік ондыққа Сингапур (2 алтын), Румыния, Жапония, Швеция және Гонконг-Қытай (әрқайсысы 1 алтын) кірді.

IOAI – бұл ғылыми және практикалық бөлімдерді біріктіретін беделді халықаралық жарыс. Онда қатысушылар жеке және командалық түрде бейне мен сурет генерациясы, машиналық оқыту, табиғи тілді өңдеу, компьютерлік көру және басқа да бағыттардағы жасанды интеллектке негізделген шешімдерді әзірлеу бойынша тапсырмаларды орындайды.

Байқау бағдарламасынан бөлек, олимпиада аясында әлемнің жетекші сарапшыларының дәрістері, этикалық пікірталастар, мәдени және білім беру іс-шаралары ұйымдастырылады. Жарыстың мақсаты – жастар арасында жасанды интеллектті насихаттау.

Қазақстан құрамасының бас серіктесі Astana Hub халықаралық инновациялық кластері атанды.

Astana Hub команда дайындығына елеулі үлес қосып, ұлттық құраманың әлемдік аренадағы қатысуына қолдау көрсетті және Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы жаңа орталық ретінде беделін нығайтты.

Қазақстан құрамасының Олимпиадаға қатысуын ұйымдастырушы — Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясы (CPFED). Федерацияның мақсаты — халық арасында спорттық бағдарламалауды насихаттау және дамыту, сондай-ақ қазақстандық қатысушылардың республикалық және халықаралық жарыстардағы нәтижелерін арттыру.

Қатысушыларды іріктеу мен дайындаудан бастап сапарды ұйымдастыруға дейінгі жан-жақты қолдаудың арқасында CPFED ұлттық құраманың сапалы дайындалуын қамтамасыз етті. Бұл — олардың сәтті өнер көрсетуіне ықпал еткен негізгі факторлардың бірі болды.

Қазақстан құрамасының бұл жетістігі IT-білім берудің жоғары деңгейін және оқушылардың озық технологияларға деген қызығушылығын дәлелдейді. IOAI 2025 олимпиадасындағы жеңіс – бұл тәлімгерлердің жүйелі еңбегінің, білім беру бастамаларын қолдаудың және жасанды интеллекттің болашағын бүгіннен бастап қалыптастыруға дайын жас мамандар қатарын арттырудың нәтижесі болып отыр.

Министрлік Олимпиадаға қатысу барысында қолдау көрсеткен барлық жандарға шын жүректен алғыс білдіреді. Бұл нәтиже Спорттық бағдарламалау федерациясы @cpfed.kz, Astana Hub, сондай-ақ ата-аналар мен ұстаздардың қолдауының арқасында мүмкін болды.
JQ-Aqparat
Сурет: цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

Бүгін, 10:44
Дархан Сатыбалды Алматыдағы жаңа скверді аралады
31 қазан, 19:45
APEC ашық әрі әділ сауда-саттықты қолдауға шақырды
31 қазан, 14:42
Түркістанда өңдеу өнеркәсібі жаңа деңгейге көтерілді
31 қазан, 12:49
Жанар Жазылтаева: Жаңа Салық кодексі салық салу жүйесін жеңілдетуге бағытталған
30 қазан, 15:25
Меруерт Ибраева: Қазақстан индустриясы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты
30 қазан, 15:09
Қанат Қайыпбек: Жаңа Салық кодексі Түркістан кәсіпкерлеріне оңтайлы жеңілдіктер ұсынады
30 қазан, 11:54
АҚШ пен Венесуэла: соғыс бола ма, болмай ма?
29 қазан, 19:25
Инженерлік инфрақұрылым - игіліктің бастауы
29 қазан, 13:36
Қанат Мұсаев: Агроөндірістегі басты мәселе – өнімді өткізу