jasqazaq.kz

Қазақстан тарихында тұңғыш рет жалпы ішкі өнім көлемі 300 млрд доллардан асты

30 желтоқсан, 12:29

Өтіп бара жатқан 2025 жылдың қорытындысы бойынша, экономикалық өсім 6 пайыздан асады деп күтіледі. Президент көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің Телеграм-каналында биылғы экономикалық жетістіктер туралы жазба жариялады. Оның пікірінше, бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Қазақстан тарихында тұңғыш рет жалпы ішкі өнім көлемі 300 млрд доллардан асады. Ол жан басына шаққанда 15 мың доллардан келеді. Елімізде жалпы құны 1478,1 миллиард теңгені құрайтын 185 жоба пайдалануға берілді. 22,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.
Жобалардың барлығы толық қуатына көшкен кезде экономикаға айтарлықтай серпін береді. Өндіріс көлемі 2,3 триллион теңгеге жуықтайды.
2025 жылы Президент Достық – Мойынты темір жолының екінші желісін, Қостанай облысындағы KIA Qazaqstan автокөлік зауытын іске қосты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Шымкент және Қызылорда әуежайының жаңа терминалдарын аралап көріп, Астанадағы Stadler Kazakhstan зауыты шығарған алғашқы жолаушылар вагонымен танысты.
Бұдан бөлек, қара және түсті металлургия, химия, целлюлоза-қағаз, жеңіл және тағам өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында бірқатар жоба іске қосылды.
Мемлекет басшысы еліміздің көлік-логистика әлеуетін кеңейтіп, елімізді Еуразиядағы ірі транзит хабына айналдыруға жіті мән береді.
2025 жылы 13 мың шақырым автокөлік жолын салу және жөндеу жұмыстары басталды. Жаңа жолдардың ұзындығы – 1,9 мың шақырым.
Стратегиялық тұрғыдан маңызды күрежолдар қатарында Орталық – Батыс автомагистралы, Қарағанды – Жезқазған, Ақтөбе – Ұлғайсын, Атырау – Доссор учаскелері бар.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде үш жаңа әуежай құрылысы басталды. Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.
Президент әуе арқылы жүк тасымалдайтын алғашқы ұлттық компанияны құру бастамасын қолдады. Бұл еліміздің көлік әлеуетін дұрыс пайдаланып, әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік береді.
Биыл ел нарығына бірқатар жаңа авиакомпания кірді. Бұдан бөлек, 35-тен астам жаңа бағдар, соның ішінде тұңғыш рет Шанхай, Гуанчжоу мен Мюнхенге тікелей рейстер ашылды.
Қызылжар – Мойынты екінші жолының, Алматы маңындағы айналма жолдың, Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз жаңа теміржол желілерінің құрылысы жүріп жатыр.
Ел аумағындағы 124 вокзалға күрделі жөндеу, жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Аграрлық саланы дамыту – мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі. Президент атап өткендей, «Ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне ауыл-аймақтарды, яғни бүкіл елді дамыту деп қараған жөн».
Мемлекет басшысы қараша айында өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІ форумында мал шаруашылығын дамыту, ауылшаруашылық жерлерін оңтайлы пайдалану, судың тиімділігін арттыру, ирригациялық жүйелерді жаңғырту, агроөнеркәсіпті қаржыландыру тәсілдерін жетілдіру, саланы цифрландыру, өнімді терең өңдеу секілді бірқатар негізгі міндеттерді айқындады.
Жыл басынан бері аграрлық саладағы негізгі капиталға құйылған инвестиция 20 пайызға ұлғайып, 790 миллиард теңгеге жетті. Соңғы үш жылда еңбек өнімділігі 37,3 пайызға артты.
Биыл елімізде алғаш рет ауыл шаруашылығына жеңілдікпен берілген несие көлемі 1 триллион теңгеден асты.
Бүгінде ауылшаруашылық техникаларына ішкі сұраныстың 90 пайызын отандық өндіріс қамтамасыз етеді. Еліміздегі 10 зауытта әлемге белгілі брендтердің 19 түрлі техникасы құрастырылады.
Агроөнеркәсіп өнімдері 70 елге экспортталады. Оның жалпы құны 5 миллиард доллардан асады.
Биыл диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Ел қамбасын толтыруға барлық өңір атсалысты.
JQ-Aqparat

Сурет: zakon.kz

30 желтоқсан, 12:34
2026 жылы елімізде не күтіледі? (Видео)
26 желтоқсан, 17:18
ЮНЕСКО тізімі және цифрландыру: тарихи-мәдени мұраны сақтау саласында қандай жұмыс жүргізілді?
26 желтоқсан, 13:06
Айлалы роман: алаяқтар танысу сайттарында қалай алдайды
25 желтоқсан, 16:53
Даңқты батыр Бауыржан Момышұлына “Халық Қаһарманы” атағы ресми түрде берілді
25 желтоқсан, 15:12
«Әкең жынды болса, байлап бақ»: Мұхамеджан Тазабеков Түркістандағы оқиғаға қатысты пікір білдірді (Видео)
25 желтоқсан, 13:38
Жыл қорытындысы: заң, тәртіп және цифрлық даму
25 желтоқсан, 11:48
"Қауіпсіз шот" жоқ! Бас прокуратура алаяқтардан сақтануға шақырды
24 желтоқсан, 10:54
2025 жыл: мәдениет саласындағы даму мен жаңару кезеңі
22 желтоқсан, 13:50
Қызылорда облысына биыл 750 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды