
Ұлттық контингенттің инженерлік-саперлік тобы БҰҰ мандатына сәйкес Голан жотасында жүктелген міндеттерді сәтті орындап келеді, деп хабарлайды jasqazaq.kz.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылғы 11 сәуірден бастап әскери қызметшілер 44 операция жүргізіп, 1200-ден астам жарылғыш зат пен 43 қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны жойды. Сонымен қатар, қазақстандық саперлер жергілікті аумақта, БҰҰ базалары мен бақылау бекеттерінде бес іздестіру іс-шарасын өткізіп, миналы алқаптарға үш барлау шығуын жүзеге асырды.
Анықталған оқ-дәрілерге 11 мәрте алдын ала зерделеу жұмысы жасалды. Жауапкершілік аймағында инженерлік-саперлік топ әскери персоналдың, БҰҰ нысандарының және бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр.
Бітімгерлік операциялары орталығының материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының офицері майор Ернар Амантайұлы: «Біз миналы алқаптарға барлау жүргіземіз, БҰҰ базалары мен бақылау бекеттерін тексереміз, жарылғыш заттар мен қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды жоямыз. Табылған барлық оқ-дәрі — Сирия аумағындағы қарулы қақтығыстардың қауіпті мұрасы», — деді.
Голан жотасына жіберілер алдында әскери қызметшілер Алматы гарнизонындағы Бітімгерлік операциялары орталығында және Қонаев гарнизонының минасыздандыру орталығында кешенді арнайы дайындықтан өтті. Онда олар гуманитарлық минасыздандырудың үш деңгейлі курсын меңгерді.
Осылайша, Қазақстан инженерлік әскерлерінің әскери қызметшілері ел ішінде әскер мен азаматтық халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, БҰҰ миссиялары аясында бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға да елеулі үлес қосып келеді.
JQ-Aqparat
Сурет: Қорғаныс министрлігі