Қазақ тілін үйретуді жөргектен бастау керек

06 қараша 2020, 15:34

Қазіргі таңда мультфильм – әлемде балалар тәрбиесін дамытудағы басты құндылыққа айналды.

Бала мультфильмді қай тілде тамашаласа, сол кейіпкерге еліктейді, сөздерін қайталайды, әндері мен билерін, тақпақтарын жаттап алады. Байқасаңыз, бүгінде қазақша анимацияға еліктейтін бала аз. Бұл қазақша мультфильмдердің аздығынан болса керек. Сапасына да сын айтылып жатады. Осыдан келіп, балалар өзге тілдегі мультфильмдерді көбірек қарайды. Тіпті ойыншық дүкенінде қазақ ертегілерінің кейіпкерлерін емес, «Өрмекші адам» сияқты дүниелерге ұмтылады. Қалада жас ата-аналар балаларының туған күніне танымал шетелдік мультфильм кейіпкерлерінің киімін киген әртістерді шақыруды әдетке айналдырған. Осылайша, бесіктегі баланың тілі ғана емес, психологиясы да төл руханиятынан айнып, өзгенің қаңсығына қарай ауып барады.

Тағы бір ұрпақты жоғалтып алмас үшін, балдырғанның санасы тез қабылдайтын, тәрбиелік төл туындылар шығару мемлекеттің бүгінгі ең маңызды мәселесі болуы тиіс. «Балдырған» телеарнасы мен оған өнімдерін ұсынып жүрген бірқатар қазақша анимация түсірушілер болмаса, еліміздің телеарналарында беріліп жатқан шетелдік өнімдер қазақ баласына ұлттық тәрбие бере алмайды. Тіпті кері әсерін тигізуі мүмкін. Әсіресе, тіл үйрену мәселесін баса айтып өткен дұрыс. Бір орысы жоқ ауылдағы қазақ баласының тілі жөргегінен орысша шығып жатса, тіпті таң қалмайтын болдық.

Сондықтан да жақында еліміздегі аниматорлар мен қазақ тіліне дубляж жасаушы компания, мекеме, сала мамандарын жинап, онлайн кездесу өткіздім. Бұл орайдағы түйткілді мәселенің көптігі сондай, оны бір сұхбатқа сыйғызып айтып өту мүмкін емес. Кімге айтарын білмей, ішқұса болып жүрген аниматорлардың зарына құлақ асатын, мәселені шешуге құлық танытатын адам аз. Сол компания басшылары ұсыныстарының бірқатарын атап өтейін.

Біріншіден, қазақ тіліндегі анимациялық контенттің санын арттыру және қолжетімділігін қамтамасыз ету (кинотеатрлар, телеарналар, интернет ресурстар, мектеп және балабақшалардың оқыту бағдарламасы) және тағы басқа мәселесін шешу керек.

Екіншіден, анимация түсіруге көркем фильм түсіруден қаржы көп кетпесе аз кетпейді. Сондықтан отандық анимациялық өнімдердің қаржыландыруын жүйелендіру және төлем тарификациясын қайта қарастыру маңызды.

Үшіншіден, бізде бұл салаға қажетті мамандар жетіспейді. Оқулықтар тапшы. Бұлай болмас үшін, мемлекет тарапынан анимация өнеріне қатысты өзге тілдерде жазылған оқулықтар, кітаптар мен әдістемелік құралдарды мемлекеттік тілге аудару жөнінде тиісті бағдарламаларды қабылдау қажет.

Төртіншіден, шетелдік мультфильмдерді көрмеуге мүлде тыйым сала алмайтынымыз анық. Әркімнің өз еркі. Алайда оны ұлт қажетіне қарай бұрудың жолы — кинотеатрларда көрсетілетін шетелдік киноөнімдерді (оның ішінде анимация) қазақ тіліне толық, кәсіби аударма жасап, дубляждау және ел аумағында (шалғайдағы ауыл-қоныстарды қосқанда) көрсетілімін заңнамалық негізде қамтамасыз ету болып табылады.

Бесіншіден, қазақ тілінде түсірілген отандық мультфильмдердің прокаттағы көрсетілім үлесін мерзім мен уақыт жағынан арттыру керек.

Алтыншыдан, «Кинематография туралы» заңға сәйкес, «әлеуметтік маңызды фильмдер» санатына жататын, қазақ тілінде түсірілетін анимациялық фильмдерді қаржыландыруда қосымша құн салығынан (ҚҚС) босату мүмкіндігін қарастырмаса болмайды.

Жетіншіден, балалар мен жасөспірімдерге арналған қазақ тіліндегі мемлекеттік телеарна («Балапан» телеарнасынан басқа) қатарын көбейту, олардың бағдарламаларын қызықты ететін мамандар даярлау көп ұзамай шешілетін мәселе болуы тиіс.

Сегізінші, өзгенікін дубляждай бермей, ұлтымыздың тілін, дәстүрін, мәдениетін, тарихын шетел көрерменіне таныстыру мақсатында қазақ тілінде жасалған жоғары сапалы анимациялық фильмдерді ағылшын, орыс, түрік, қытай және тағы басқа тілдерге аударып, қазақ анимациясының экспорттық әлеуетін жоғарылатуды қолға алу керек.

Тоғызыншы, осы аталған жұмыстарды үйлестіріп отыратын, анимациялық фильмдер өндірісінің барлық мәселелерін қадағалап, сараптап, әрі тиісті шешімдер қабылдауға ұйтқы болатын мемлекетке қарасты дербес анимациялық орталық құру маңызды.

Оныншы, анимация дегеніңіз жан-жақтылықты қажет ететін мамандық болғандықтан, «Кино және ТД режиссурасы» мамандығы бойынша білім алушы студенттердің оқу бағдарламасына дубляждау режиссурасына оқыту бойынша кәсіби курс енгізу керек.
Міне, осы атап өткен мәселелер қазақ тіліндегі мультфильмдер түсіруге қатысты түйткілді жайлардың бір парасы ғана. Анимацияны қыруар ақшаға түсіргеннен кейін оны көрсету, көрермен назарына жеткізудің өзі бір машақат. Жұрт көп қарайтын уақыттарға қазақ анимацияларын қоймайды. Олай болмас үшін, кинотеатрларда «prime-time» кезеңінің уақытша шектеулерін бекіту қажет. Қазақ тіліне дубляждалған фильмдерді кинотеатрларда «prime-time» кезеңіне орналастыруды бекіту де көп мәселені шешер еді. Алайда қазірше бұл бизнеске кедергі келтіру саналып тұр. Кімнің, қай тілдегі бизнесі жүріп жатқаны айтпаса да белгілі.
Жалпы, анимациялық фильмдерге «бала-шағаның ойыны» деген жеңіл көзқараспен қараудан арылу керек. Бұл мемлекеттік идеологияның, тілді дамытудың, әрі-беріден соң ұлттық дамудың стратегиялық мәселесі.

Олай дейтінім, өз болашағына бей-жай қарамайтын көптеген елдер бала тәрбиесіне, оның ішінде анимациялық туындылар арқылы тәрбие беруге ерекше назар аударады.

АҚШ, Германия, Франция, Жапония, Қытай тағы басқа мемлекеттер анимациялық фильмдерге стратегиялық тұрғыдан мән беріп, мұны идеологиялық құрал ретінде пайдалануды үрдіске айналдырған. Мұндағы басты мақсат – ұлттық құндылықтарды балалардың санасына сіңіру.
Ал мультфильмдерге өзек бола алатын, жас ұрпақтың рухын көтеретін батырлар жыры, әлқиссалар мен ертегілер, аңыздар мен әпсаналар жетерлік. Егер біз жас баланы жөргегінен ұлттық қайнарынан сусындатпасақ, өзгенің қаңсығынан ауызданған ұрпақ ұлттық сезімнен ада, Отанына опасыз болып өседі. Келешек ұрпағымыз саналы әрі патриот болсын десек, үкімет, парламент, басқа да ұлттық идеологияға жауапты құзырлы органдар қазақ тіліндегі мультфильм жасауға үлкен бетбұрыс жасауы керек.

Әділбек Қаба,
Тіл саясаты комитетінің төрағасы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?