Ертеде жапондар да қазақтар секілді құда түсу арқылы қыз беріп, келін түсірген. Бірақ олар да біздің халық сияқты жатжұртқа қыз ұзатпаған. Мұндай дәстүр күншығыс елінде ХХ ғасырдың соңына дейін сақталыпты. Қазір жапон қыздары шетел асып, шетінен жатжұртқа келін болып кетіп жатыр. Олардың да мұң-зары бізбен ұқсас. «Ұлттың қаны бұзылатын болды. Жапон қыздары жапон ұлтының ұлттық коды еді. Енді қалай болар екен?» деген сияқты күдік пен күмән көп. Ал біздің елдегі қаракөз қыздардың жатжұрттықтармен бас қосуы кеңес дәуірінде басталған. Ол кезде біздің оқыған-тоқыған, Мәскеу көрген қыздар одақтас республикалардан арыға аса алмайтын.
Қазір ше?..
Тәуелсіздіктен кейін шекарамыз қалай ашылды – қазақ қыздары да солай құрлық асып, теңіздің арғы жағындағы елдерге көптеп кете бастады. Оқу, ғылым-білім іздеп барды. Кейбірі ол жақтан күйеу тапты. Алды жатжұртқа келін болып қалды. Ол кезде, әрине, шетелдік азаматқа күйеуге шығу біздің қоғам үшін тосын жай болғаны анық. Алайда қазір бұл жаңалық болудан қалып бара жатқандай. Тіпті таңсық та емес. Қазақ қызының шетелдікке күйеуге шығуына қоғам таңданып немесе шамданып қараудан да қалды. Бірақ мұнымыз қаракөз қарындастарымыз басқа ұлтқа күйеуге шыға берсін деген емеурін емес.
Соңғы жылдары шетелдік жігіттерге күйеуге шығып жатқан аруларымыздың саны артып бара жатқан сияқты. Оны біз емес, статистика айтады. 2011 жылдан 2015 жылға дейін әр жыл сайын шетел азаматтарымен 10 мың неке тіркеліп отырған. Оның жартысы біздің елге түсіп жатқан келін болса, жартысы «күшік күйеу». Бірақ бұл көрсеткіште қанша некенің қандай ұлтпен кесілгені анық көрсетілмеген. Ал 2017 жылы 2701 бойжеткен шетел азаматына тұрмысқа шықса, биыл жыл басынан бері 753 ару күйеу баланы өзге елден тапқан.
Оқтай кетті жөнімен…
Түрік жігіттерімен бас құраған жастардың көп екенін айттық қой. Анадолыдан келген Оқтай Иылдырыммен некесін қиып, артынан опық жеп қалған Гүлмираның өкініші бізді бей-жай қалдырған жоқ. Түрікке келін боп түскен қаракөзбен хабарластық. Jas qazaq газетіне берген сұхбатында ол әңгімесін былай бастады: – Біз 2006 жылы бас құрадық. 2008 жылы жолдасымды өз үйіме тіркеп, оған ықтияр хат алып бердім. Бір балалы болғаннан кейін, отаса алмай екі бөлек тұра бастадық. Кейін 2013 жылы 3-4 ай қайтадан бірге тұрдық. Бірақ тағы да дәм-тұзымыз жараспады. Қайтадан екі бөлек кеттік. Бірақ ол кезде аяғым ауыр еді. Сөйтіп екінші баламды өмірге әкелдім. Оқтай менен кеткен соң 1 жыл 7 ай еш жерде тіркеусіз жүрді. Шетел азаматының екі жылға жуық уақыт тіркеусіз жүруі заңға қайшы емес пе? Кейін ол Ақмола облысына барып тіркеуге тұрыпты. Тіркеуге тұрудың жолын қалай тапқанын білмеймін. Сол Ақмола облысының Целиноград ауданының судьясы Теміров екеуі келісіп, менің сыртымнан шешім шығармақшы болған екен. Менің келісімімсіз, не ешқандай ажырасу туралы арыз-шағымсыз. Жолдасым судьяға «Балалардың мәселесін өзара шештік» деген көрінеді. Оның бәрін кеш білдім. «Нұр Отан» партиясына шағым айтып барған кезімде ғана барлық шындыққа көзім жетті. Менің жаныма батқаны – Оқтайдың мені тастап кеткені немесе алимент төлемей жүргені емес, судьяның менің келісімімсіз шешім шығармақшы болғаны, – деп көз жасын сығып алды.
Гүлмира қазір екі баласын жалғыз өзі асырап, бағып-қағып отыр. Алименттен де үміті бар. Бірақ жолдасынан қорқады. Ол «Балаларды тартып алсам да, сенен екі баламды алып кетемін» депті. Егер олар дәл қазір ажырасып кетсе, Гүлмира екі балаға төленетін алименттен қағылады. Заң солай.
Таяу Шығыстан таң атпады
Шетел азаматынан шекесі қызбаған қыздар жалғыз Гүлмира емес, олар ондап-жүздеп саналады. Мәселен, Алматы қаласының тұрғыны Татьяна Бережная да жатжұрттық күйеуден аузы күйген әйелдің бірі. Ол болашақ жарын Таяу Шығыстағы Өлі теңіздің жағасынан тауыпты. Сөйтіп осыдан 10 жыл бұрын Иордания азаматымен көңіл қосады. Екі қызын өмірге әкеледі.
Жас келіншек биыл жыл басында бала-шағасын алып, артынып-тартынып қайын жұртына қонаққа барыпты. Аунап-қунап, қыздарына шыққан тегін таныстырмақшы болған екен. Бірақ ел көріп, жер аралаймыз деген арманы су сепкендей басылған. Өйткені Таяу Шығысқа табаны тиген бойда қайын ағасы жас келіншектің құжатын тартып алып, екі қызына сол елдің азаматтығын рәсімдеген. Ал өзін 2-3 ай үйден шығармай, еркінен тыс қамап ұстапты. Тек біздің елдің дипломаттары араласып, Татьяна ханым қос қызымен елге аман-есен оралды. Жаны жаралы келіншек содан бері 10 жыл отасқан күйеуін көрмепті. Ал шетелдіктен отау көтеріп, сол отауының шаңырағы шайқалған келіншек енді қыздарының азаматтығын сот арқылы болса да, қайтарып алмақшы. Оны да заң біледі.
Кореядағы қаракөз
Психологтар қазақ қыздарының шетел азаматтарына неге қызығатынын зерттеп көріпті. Сонымен, олар мынадай қорытынды шығарған. «Шетелдік жігітке күйеуге шықсақ, жақсы өмір, ырғын тұрмысқа кенелеміз деп түсінеді» дейді. Бұрынғы бабаларымыз «Қайда барсаң, қазанның құлағы төрт» деген. Бірақ сол даналық сөзді болашақ ұрпақтың анасы – бүгінгі қаракөздеріміз қаперіне алмайтын сияқты. Әйтпесе, күйеу іздеп құрлық аспас еді.
Мәселен, қазір шетелден жарқ-жұрқ еткен жақсы өмір, көл-көсір ақша іздеген кейбір жастар Оңтүстік Кореяға кетуді «модаға» айналдырып алғандай. Жуырда белгілі журналист Жолымбет Мәкіш Фейсбуктегі парақшасына Фазылбек Ырысбаев деген азаматтың хатын жариялады. Әлгі хат былай басталады: Ассаламуғалейкум, аға! Қалыңыз қалай? Сізге бір өтінішім бар еді. Оқырмандарыңыз көп қой, осыны жариялап жіберіңізші! – депті Фазылбек сөз басын. Одан ары: Мен сізге Оңтүстік Кореядан хабарласып тұрмын. Бұл жақта жүргеніме 6 жылдан асты. Корея мен Қазақстанның арасында визасыз режим ашылғалы бері, қазақтар мұнда көп келіп жатыр. Әсіресе, қыздарымыз осында келіп алып, шетінен жеңіл жүріске салынып кетті. Жүз емес, мыңдап жүр. Тіпті аэропорттан сутенерлерімен келіп түсіп жатқанын талай рет көрдік. Осы туралы бір пост жазыңызшы! Әке-шешесі, аға-інісі мен жігіттеріміз ай қарап жүр ме? Ұяттан басымызды көтеріп жүре алмай қалдық! – деп аяқтаған.
Мұның біздің тақырыпқа пәлендей қатысы жоқ сияқты көрінгенімен, түпті тамыры бір. Жақсы тұрмыс аңсаудан туған тағдырлы таңдау. Ал сол таңдаудың соңы, міне, осындай жеңіл жүріс, арзан ақшамен аяқталатындай.
Күйеу жігіттің арманы –
ықтияр хат
Әуелгі кейіпкеріміздің әңгімесіне қайта оралайықшы. Қазақ қыздары шетелдіктерге байлық үшін қызықса, жатжұрттан келген күйеу балалар біздің қаракөздерге неге қызығады? Мұның жауабын ішкі істер министрлігі көші-қон комитетінің басқарма басшысы Сабыржан Сейітжановтың мына пікірінен тапқандай болдық. Ол «Шетелдіктер үшін елімізде тұрақты тұруға рұқсат беретін ықтияр хат алудың бір жолы жергілікті азаматпен некеге отыру. Мәселен, соңғы екі жылдың ішінде 26247 азамат ықтияр хат алды. 2017 жылы 19073, ал биыл жыл басынан бергі 4 айда 7170 адам біздің елден ықтияр хат алған. Оларға Қазақстан ұнап жатыр. Сол үшін алдымен келіп көріп, ұнатып, содан кейін ықтияр хат алуға өтініш береді», – деп түсіндірді.
Белгілі ақын Исрайыл Сапарбайдың «Қазақ қызы» деген өлеңінде:
Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары жаны жаздай жайраңдаған – деген жолдары бар. Бүгінгі мақаланы қолға алғанымызда көмейімізге осы бір әдемі ән шумақтары келіп тұрды. Әсіресе, «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деген алғашқы бір жолы қайта-қайта орала берді. Бірақ бүгінгі қазақ қыздарға қайран қалмайтын болдық.
Жарас Кемелжан,
Оразәлі Баймұрат