Ғаламтор пайда болғалы кітап оқу, күнделікті газет-журнал қарау азайды. Әсіресе, жастар жағы «Газет оқитын адамдар әлі бар ма?» деп аң-таң болатындарын қайтерсің? Олардың ойынша, газет оқитындар өмірден қалып қойған немесе жаңа заманға ілесе алмай қалғандар. Неге екені түсініксіз, қоғамда сондай тенденция пайда болған. Керісінше, ғаламторға үйір болуды білімді һәм мәдениетті адамның ісі деп түсінеді.
Смартфон шығып, ғаламторға қол жеткелі жастар кітап оқудан біржола қалды. Ал газет-журналды оқу түгілі, жаздырып алатындардың өзі сиреп кеткен. Мұның соңы қайда апаруы мүмкін? Бұрын қойшы етігінің қонышына кітап не бір бума газет салып жүріп оқушы еді. Қазір ондай қойшы бар ма екен? Қойшы түгілі, қала жағалағандардың өзі кітап оқымайды. Міне, сондай оқымаудың салдарынан сауатсыздық пайда болды. Баяғыда қойшылардың өзі сауатты еді. Олар газет-журналдан жаңалықтың бәрін оқып-біліп отыратын. Жаңалықты ғаламтордан қарау газеттен оқығандай болмайды. Ойда сақталмайды. Адам ойының көкжиегін кеңейтпейді. Ғаламтордан алған ақпарат – ескен желдей, жанған оттай ғана. Сондықтан кітап оқып, газет-журналдан қол үзбеу керек!
Биыл дауасыз індет бұрқ ете қалды. Онсыз да оқудан жеріген жұртқа газет-журналды жаздырып оқыту мұндай жағдайда тіпті қиын. Дегенмен ел ішінде руханиятқа жанашыр жандар аз емес екен. Өткен аптада Алматыда футболдан журналистер арасында алғаш рет турнир өткізген «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры» қазақ баспасөзін қолдауды қолға алып жатыр. Газет түгілі, ғаламторы жоқ ауылдарға бірнеше басылымды тегін жаздырып, қазақ баспасөзін қолдауға мұрындық болуда. Сөйтіп «Ана тілі», Jas qazaq, «Ұлан» мен «Жас өркен», «Қазақ әдебиеті» мен «Жұлдыз» журналы сияқты басылымдарды қолдап отыр. Олардың әрқайсысына 40 данадан тегін жаздырып берді. Әрине, бұл көп емес. Дегенмен, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, бұл руханиятқа жасалған қолдау. Осы бір жақсы қадам қоғамдық қорлар мен кейбір қалталы азаматтарды, кәсіпкерлерді оятып, жақсы іске бастамашы болса деген ізгі ойымыз бар.
Мұндай игіліктің берері мол болса керек. Газет-журнал оқып өскен бала ертең ғаламтордағы жарқ-жұрқ еткен жазбалармен тәрбиеленген адамнан ақыл-ойы әлдеқайда ұшқыр, санасы ояу болары анық. Дәл қазіргідей алмағайып заманда ұлтты сақтап қалудың жалғыз жолы – сауатты, сауапты ұрпақ өсіріп, тәрбиелеу. Ондай ұрпақты кітаппен, газет-журналмен өсіруден басқа төте жол көріп тұрған жоқпыз! Ендеше, балаларымызға кітап оқытып, газет-журнал жаздыруға асығайық, ағайын!