Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика

26 ақпан, 12:34

1913 жылы «Қазақ» газетінде «Уақ қарыз» атты мақала жарияланды. Авторы — Ахмет Байтұрсынұлы. Қаржы тақырыбына жазылған бұл дүние ғасырлар бойы мал шарауашылығымен айналысқан қыр қазағына тосын болғаны анық. Ұлт ұстазы, содан болар, күрделі мәселені қарапайым тілмен тәптіштеп түсіндіреді. Бүгінде «шағын несие» немесе «микрокредит» деген атаулармен белгілі терминді «Уақ қарыз» дейді көпке ұғынықты тілмен. Халықтың қаржылай сауатын ашуға, бірлесіп, өз кәсібін жүргізісі келетіндерге кеңес беруге бағытталған. «Уақ қарыз серіктігінің (мекеме) түпкі мақсаты серіктескен адамдарға керекті кезінде машақатсыз, оңай жолмен, жеңіл өсіммен қарыз беріп тұрмақ» дейді мақалада. Автордың пікірінше, қарыз азық-түлік, киім-кешек үшін емес, дайын өнім шығаратын іске (жобаға) берілуі тиіс. Кәсіпкер алған ақшаны  құрал-жабдық, мәшине, тұқым сатып алуға жұмсаған жөн. Ал несие өсімі (жылдық пайыз) әр сомға 12 тиыннан аспауы керек.

Бес жыл бойы (1913-1918) жарық көрген осы басылым, шын мәнінде, Қазақ баспөзіндегі салалық журналистиканың бастау көзі. Біз мысал еткен қаржы ғана емес, білім, денсаулық, жер, сот, ғаламдық саясат сияқты сан тараулы тақырыптар қозғап отырған. Ана тілімізде алғашқы кәсіби үнқағазға айналған осы басылым жанрлары, тақырып қою, түрлі оқиға мен құбылыстарға терең талдау жасай білуімен де ерекшеленеді. Бір сөзбен айтқанда, «Қазақ» газетінің салалық журналистиканы қалыптастыру мен дамытудағы тәжірибесі бүгінгі болашақ журналистке де, тілшіге де таптырмайтын шеберлік дәрісі екені талассыз шындық.

Жалпы XX ғасырдың басындағы Қазақ баспасөзі қаржы сауаттылығы тақырыбына айрықша ден қойды. Айталық, «Ақ жол» газетінің 1924 жылғы 8 тамыздағы санында жарияланған «Биыл салық қалай салынады?» атты мақалада жұртшылықты қала шетіндегі егістік, мал, бау мен бақшаның салықтан босатылғаны туралы құлағдар етеді. Мақаланы «Тоқпақ» деген бүркеншік атаумен жазған – Ұлт қайраткері Сұлтанбек Қожанов.

Мемлекет басшысы бекіткен еліміздің Ақпараттық Доктринасында қазіргі медиакеңістіктегі бәсекеге төтеп беру үшін бұқаралық ақпарат құралдарының сапалы дүние жасауына айрықша мән берілген. Бұған қол жеткізудің бір жолы — салалық журналистиканы өркендету. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева  өткен жетіде БАҚ өкілдерімен кездесуде медиакеңістіктің көкжиегін кеңейту тетіктеріне тоқталды. Министр осы орайда «Қазіргі уақыт талабына сай салалық журналистиканы дамытуға ерекше көңіл бөлген жөн» деді. Айта кетейік, министрліктің мұрындық болуымен осы салада біраз шаруа қолға алынды. Медианың замануи беталысы мен сұранысты ескере отырып, журналисті белгілі бір салаға бейімдеу, яғни оның мамандануы үшін нақты қадам жасалып жатыр. Мәселен, 50 әріптесіміз С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде дәрігерлермен бірлесіп, осы сала бойынша сапалы контент дайындауды қолға алды. Ал Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Әскер журналистика кафедрасы құрылып, студенттер осы салаға мамандануда.

Ұлттық баспасөздің алғашқы қарлығашы – «Қазақ» газетінен сөз еткенде Алаш қайраткерінің «Уақ қарыз» атты мақаласына тоқталуымыз бекер емес. Өйткені мемлекеттің күш-қуаты, халықтың әл-ауқатының жақсаруы қуатты экономикаға байланысты екені баршаға белгілі. Сонымен қатар, жұрттың қаржы сауаттылығы бүгін де отандық БАҚ-тағы аса өзекті тақырып. Тәуелсіздік жылдары Қазақ баспасөзінде экономикалық журналистика тәп-тәуір дамыды. «Теңге Монитор» (бұрынғы «Экономика»), «Қазақстан Іскері» газеттері, «Айқын» газетінің жанынан «Құн», «Ана Тілі» басылымының қасынан «Алтын Дария» қосымшалары жарық көрді. Басқа басылымдар да аталған тақырыпты тереңнен қозғап, оқырманға мазмұнды да мағыналы дүниелер ұсынып жүр. Jas Qazaq газеті мен jasqazaq.kz сайтына тоқталсақ, отандық өнім өндіру, мұнай мен газ, транзиттік тасымал, сутегі энергиясы, шағын және орта бизнес және қаржы пирамидасының алдап-арбау тәсілдерінен сақтануға арналған сараптамалық материалдар ұдайы жарық көреді.

Әлемдегі геосаяси ахуал құбылып, «сауда соғыстарының» өршуі БАҚ алдына жаңа міндеттерді қойып отыр. Мұндай жағдайда тілші мен шолушының ең алдымен мемлекет мүддесін ойлайтын ұстанымда болуы, шындық пен жалған ақпараттың аражігін ажырата алатындай (фактчекинг) сауатты болуы маңызды. Бұл үшін көп оқып, ізденудің, шет тілдерін білудің мәні зор. Осы орайда журналистерге арнап өткізілетін семинар мен тренингте лекция оқып, сұраққа жауап берумен шектелетін таптаурын  теориядан гөрі нақты жазуға бейімдейтін практикалық машықты үйретуге көбірек көңілсе бөлінсе, құба-құп. Бұл ретте Jas Qazaq газеті мен «Шеврон» компаниясы бірлесіп ұйымдастыратын «Бәріне ортақ журналистика» курсының тәжірибесі үлгі бола алады. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар өздерін толғандырған мәселе мен оны шешу жолдары, яғни әлеуметтік түйткілдер тақырыбына маманданады.

Ғылым мен технология дамыған сайын БАҚ-та «жасанды интелект», «кибербуллинг», «блокчейн» секілді өзге тілден енген терминдер көбейді. Сол саланың мамандары болмаса, көпшілік оның мағынасын біле бермейді. XX ғасырдың басында қазақ қауымына дипломатия ұғымы  мүлде беймәлім-тұғын. Сондықтан «Қазақ» газетінің авторлары оқырманға түсінікті болу үшін балама ретінде «елтарту» сөзін пайдаланған. Пойызды «отарба» деген. Қазақша нұсқасы жоқ терминдердің мағынасын түсіндірген. Бүгінгі журналистің Алаш ағартушыларының осы тағылымды тәжірибесін басшылыққа алғаны абзал деп есептейміз. Сондай-ақ экономикалық журналистика бойынша оқулық, Терминдер сөздігін шығару да уақыт талабы болып тұр.

Қазіргі беталысымыз, салалық журналистикаға оң көзқарас осы саланың кең қанат жаюына септігін тигізеді деген сенім бар.

Срайыл Смайыл,

экономикалық шолушы

Сурет: Ашық дереккөз 

 

 

 

 

 

 

 

 

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?