Қасым-Жомарт Тоқаев: Өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек

24 қазан 2023, 12:20

Бүгін Республика күнін мерекелеу қарсаңында орай, Ақордада мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсім болып өтті.

Басқосуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, Республика күнімен құттықтады.

«Бұл — қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн, Көк түріктер дәуірінен Алтын орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тартқан күн. Бұл — Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн. Халқымызда «Егемен болмай, ел болмас» деген сөз бар. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашты», — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев егемендік декларациясын қабылдау оңайға соқпағанына тоқталып өтті: «Еліміздің ұлттық құрамы біркелкі емес еді. Сол кездегі Парламентте, яғни Жоғарғы кеңесте және бүкіл қоғамымызда ұзақ пікірталас, қызу талқылау болды. Құжаттың әр сөзін, әр бабын қорғауға тура келді. Әлихан Бөкейхан «Бостандыққа апаратын жалғыз жол ұлттық ынтымақ қана» деген. Ел ағалары халқымыздың ардақты ұлының бұл өсиетіне адал болды. Олар жауапты сәтте ұйымшылдықпен ұлт мүддесін қорғай білді. Ақжолтай құжат жұртымыздың талап-тілегіне сай жазылды. Отаншыл азаматтардың ақыл-парасатының арқасында қабылданды».
Президент олардың сын сағаттағы батылдығы нағыз ерлік деп бағалауға болатындығын баса айтты.

«Біз қазір Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беріп отыруымыз керек. Азаттық жылнамасында Салық Зиманов, Серікболсын Әбділдин, Қаратай Тұрысов, Зинаида Федотова, Ерік Асанбаев, Әбіш Кекілбаев, Қайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Александр Княгинин, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Терещенко және тағы басқа көптеген тұлғаның есімін құрметпен атап өту керек. Елін сүйген ерлердің отаншылдығы және олардың ұлт мүддесіне адалдығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Біз тарихи әділдік жолын берік ұстануымыз керек.

Осы орайда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін атап өткен жөн. Себебі ол еліміздің тәуелсіз мемлекет атанып, тұғырын бекемдеуге орасан зор еңбек сіңірді», — деді Мемлекет басшысы.

JQ-Aqparat

01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу