Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-практикалық конференцияда сөз сөйледі, деп хабарлайды jasqazaq.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап..
Мемлекет басшысы: «Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Осыдан 30 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Бұл егемен еліміз үшін тарихи сәт болды.
Баршаңызға құтты болсын деймін.
Шын мәнінде, Ата заңнан биік ештеңе жоқ. Себебі Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры, Тәуелсіздігіміздің айнымас темірқазығы.
Қазақ – Ұлы дала заңына бас иген, ар-ұяттан аттамаған халық. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы – нағыз дала заңының жарқын үлгілері. Осы дәстүр ешқашан үзілген емес.
Жұртымыз дала заңынан қазіргі Ата заңына дейін тарихи жолдан өтті. Өткен ғасырдың басында қазақ зиялылары бұл іске елеулі үлес қосты. Кеңес заманында еліміздің құқықтық іргетасы қаланды, білікті заңгерлер шоғыры пайда болды», — деді.
Президент 1993 жылы егемен Қазақстанның алғашқы Ата заңы бекітілді, мемлекетіміздің конституциялық құрылымы айқындалғанын айтып: «Бірақ көп ұзамай жаңа тарихи ахуалға сай келетін жаңа Конституция қабылдау қажет болды. Осыған орай, арнайы кеңес құрылды, оған бір топ белгілі отандық заңгер мүше болып, белсенді жұмыс жүргізді. Шетелден шақырылған сарапшылар да осы маңызды іске атсалысты. Ата заңымыздың жобасын талқылауға миллиондаған азамат қатысты, мыңдаған ұсыныс келіп түсті.
Конституция туралы айтқанда, тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегіне әділ баға беру қажет. Ол Конституция қабылданған кезде Мемлекет басшысы ретінде шешуші рөл атқарды», — деп атап өтті.
«Осылайша, 1995 жылы 30 тамызда Тәуелсіздік төлқұжаты, яғни, Конституция қабылданды. Еліміздің басты заңына «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы…» деген сөздер жазылды. Конституциямыз Тәуелсіздігімізді нығайтуға зор ықпалын тигізді, еліміздің одан әрі дамуына даңғыл жол ашты.
Қазақстан дербес мемлекет ретінде әлем қауымдастығының белді мүшесі атанды. Әрине, уақыт бір орында тұрмайды. Отыз жылда түрлі себепке байланысты Ата заңға 6 рет түзету енгізілді.
Бірақ ең басты конституциялық өзгеріс осыдан үш жыл бұрын жасалды деп айтсақ, орынды болар. Конституциялық реформаның арқасында еліміздің саяси-құқықтық жүйесі түбегейлі жаңа сипатқа ие болды.
Сол кезде Конституцияға түзетулерді Парламент арқылы өткізу керек деген ұсыныс кеңінен айтылды. Бірақ күрделі болса да, басқа жолды таңдау жөнінде шешім қабылданды. Ел болашағына тікелей әсер ететін аса маңызды шешімдерді тек қана референдум арқылы қабылдау қажет деген ұстанымды міндетті түрде сақтау керек деп ұйғардым», — деді Президент.
Мемлекет басгымы елімізде «Республикалық референдум туралы» заң ширек ғасыр бұрын қабылданғанын, осы кезге дейін бірқатар себеппен бүкіл халық өзекті мәселелер бойынша дауыс бермегенін айтып өтті: «Ал азаматтарымыз ел тағдырына қатысты әр мәселеге өз ой-пікірін, көзқарасын ашық білдіргісі келді. Қоғамымызда дәл осындай сұраныс болды.
Сондықтан референдум өткізу туралы бастамаға барша халық бірауыздан қолдау көрсетті. Жұртымыз Конституцияға енгізілген түзетулерді зор құлшыныспен жақтап, дауыс берді.
Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген Конституция бабы нақты жүзеге асырылды. Бұл қоғамымыздағы саяси үрдіске зор серпін берді. Енді еліміздегі барлық маңызды шешімдерді бір ел болып талқылап, бірге қабылдайтын болдық. Былтыр Атом электр стансасын салуға қатысты өткен референдум – соның айқын дәлелі».
Президент: «Шын мәнінде, 2022 жылы жүргізілген реформа Қазақстанның конституциялық құрылымы тарихындағы ең мазмұндысы еді. Мұндай реформаны қолға алуға сол кезеңдегі өте күрделі саяси жағдай себеп болды.
Референдумда Ата заңға түзету енгізумен шектеліп қалмай, Конституцияның жаңа жобасын дауысқа салу туралы көптеген ұсыныс айтылды. Мұндай бастамалардың көтерілуі бекер емес еді. Заңнамалық тұрғыдан орынды әрі саяси жағынан биліктің беделін арттыратын айтарлықтай оңтайлы тәсіл болып көрінді.
Алайда 1995 жылы қабылданған Конституцияны реформалаумен шектеліп, оның негізгі мән-мазмұнын сақтау жөнінде шешім қабылдадым.
Осы арқылы Конституцияның басты ережелерінен айнымайтынымызды дәлелдедік. Сондай-ақ ел бірлігі, халықтың тыныш әрі берекелі өмірін қамтамасыз ету және ішкі саяси тұрақтылықты сақтау секілді мемлекетіміздің жоғары құндылықтарын берік ұстанатынымызды көрсеттік.
Осы шешімнің арқасында бүгін Конституцияның 30 жылдық мерейтойын атап өтіп отырмыз. Дегенмен жаңа саяси жағдайға, қоғамды жан-жақты жаңғырту міндеттеріне сай келмейтін Конституциядағы ережелер референдум арқылы жойылды.
Сондықтан нақты реформаның нәтижесінде Конституция баптарының үштен бірі жаңартылды. Бұл – конституциялық реформа ауқымының айқын көрсеткіші. Көп жылдан бері қоғамның көкейінде жүрген Әділдік, Ашықтық, Есептілік, Жауапкершілік қағидаттары Ата заңда көрініс тапты. Азаматтардың Конституцияға сенімі нығая түсті. Референдум өткізудегі басты мақсат осы болатын», — деді
JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi