Қасқырды қорлауға бола ма?!

26 желтоқсан 2017, 12:39

Жезқазғанның ұшы-қиыры жоқ сайын даласы. Кеңгір өзенінің бойы. Қырбық қар түскен. Онда да тұтас емес, теңбіл-теңбіл, ала жылқының алқымы тәрізді. Өзеннің жарлауыт қабағынан қашып барып жайғасқандай анадайда үйір-үйір болып өскен қарағанның етегі жартылай жалаңаш. Қуаты бір емес, әлденеше үйір-үйір жылқыға тең аэрошана жақтан атылған жалғыз жебедей ысқыра зулайды екен. Екпіні үй жыққандай. Әншейінде, сағатына 50-60 шақырым жылдамдықты еркін алады, ет пісірім уақыт шаршап-шалдықпайды дейтін арланның адымын аштырар емес. Аэрошананың үстіндегі екеудің артында отырған қабасақалдысы мүлгіген жапан даланы жаңғырта айғай салып келеді.
– Қапталдай бұрыл! Жамбасынан атамын, құйрығын қапсын.
Бұған дейін қасқырға құйрығын қапқызу туралы естіген емеспіз. Тіпті аңшылық жайы сипатталатын әдебиеттерден де оқымаппыз. Таңсық сөздің түбін індетіп мылтық ұстаған талайлардан сұрап көрдік. Бірақ ешқайсысы жарытымды жауап қата алмады. Қайдан шыққан жоралғы, жосық екендігі де белгісіз. Қасқыр да болса жаратқан иенің жәндігі. Құйрығын қапқызып қинағанша, жанды жерінен бір-ақ атып, жанын жаһаннамға бірден неге жібермейді екен. Құйрығын қаптырғанда не мәттақа табады?..
Жан бермек оңай ма, жырта қарыс тілі аузынан шығып кеткен арлан олай-бұлай бұлтақтағанамын, қандыауыздың қарауылынан құтыла алмады. Күш, мүмкіндік тең емес еді. Аттыға алдырмауы да мүмкін, жаяуға шаңын да көрсетпейді, ал аэрошананың жөні басқа екен.
Құс ататын он алтылық, жиырмалық емес, қуатты винтовка. Қойдың құмалағындай қорғасын оқ. Жалғыз болғанымен, мұндай оптикалық көздеу құралы бар, қуатты винтовка арлан түгіл арыстанды да жалпасынан түсіретіндігі даусыз еді. Қабасақалды аңшы қолмерген екен, айтқанында тұрып, әуелі жамбастан көктей атқан. Екпіндей шапқан арлан кілт қайырылып, аңшы айтқандай, арс етіп құйрығын қапты. Дәл сол сәтте екінші қорғасын оқ мойын омыртқадан қадалған. Жай ғана қадалған жоқ, алқымының жартысын жұлып түсті. Қабатынан тиген екі оқ қанша жерден қайратты болса да, жан қоя ма? Арлан омақаса құлаған.
Аэрошана мінген, аң қуудың қызығына әбден түсіп, бұл дүниедегі тіршілікті ұмытқан, айқұлақтана атойлаған, алабұрта қызынған әлгі екеуі көлігінен түсе салып, тілін жиюға да шамасы келмей, тілсіз кеткен бейшара аңның басынан тепкілей жөнелді. Тағы да тіріліп кететіндей, винтовканың дүмімен де басынан салып-салып жіберді. Енді біреуі қонышынан екі жүзді қанжарды суырып алып, сан етіне сұғып көріп жатыр. Құйрығынан ұстап алып, қарны жарылған қасқырдың қан-жынымен аппақ қардың үстін, жарым дүниені былғап ыржалаң-ыржалаң етеді.
Бұл әлеуметтік желіде жарияланған серілік салтанаты. Жалғыз көкжал емес, ондап, тіпті жүздеп ататындары бар екен. Әрине, бұл жерде қасқырға қорғаушы болып отырған жоқпыз. Елдің малын жейтіні рас. Малсақ қауым зар илейді. Әйткенмен біздің өңір біраз жылдан бері тыныш. Әне бір жылдары Бурабайдың баурайында байқалды деген. Есіл бойында да, аң-құсы жыртылып айырылатын Қорғалжын төңірегінде де қандыауыздың хабары естілген емес.
Шамасы киік өрісі өрістеген өлкеде болса керек-ті. Мына бір бейне көріністе кемінде қырық-елу қасқырды қырып салған сайыпқырандардың ерлігі баяндалады. Әлгілер бірінен соң бірі бүктетіле жауған, төрт аяғы төрт жаққа кеткен қандыауыздарды кезек-кезек көтеріп, оқшантай байланған, қабатынан екі мылтық асынған қалпында суретке түсіп жатыр. Селфи. Бәлкім, мақтаныш, бәлкім, түз тағысынан басым шыққанына деген қуаныш. Қалай болған күнде де қорлау басым.
Ілкі заманда қазақ баласы өжет, жаужүрек азаматтың апталын қасқырға теңер еді. Ал бақай есебі көп, бақастығы мол біреулерді ит дер еді. Итті жақсы көрсе де, тіпті тазы итті босағасына жатқызса да, жеті қазынаның біріне санаса да адамның иттік қасиетін кешіре алмайтын. Ал өзіне қанша қиянат етсе де, малына шауып, қотанына түссе де қасқырдың қасқырлық қасиетіне тәнтітұғын.
Енді бүгінде маң далада мыңғыртып мал бақпаса да, қасқыр атуды қызық көрген, серілік санаған, масайраған топ пайда болыпты. Астарында желмен жарысқан аэрошана, қарауылына ілінгенді құр жібермейтін қуатты винтовка. Малға да, аңға да ойсырата зиянын тигізетін қандыауыздардың тұқымын тұздай құртып жібермегендерімен, сетінеткендері септік. Бірақ жауына да құрметпен қарайтын жұрт емес пе едік. Қасқырдың қабырғасын қақыратып атқанмен, қорлаған дұрыс бола қояр ма екен. Бұрынғылар қасқырдың да киесі болады деуші еді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Ақмола облысы

19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 23:28
Жұлдыз Сүлейменова: Жайбасарлыққа жол беруге болмайды!
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс