Алматыда өмір есігін енді ашқан шаранадан жаңа шыққан шақалақтарды сату ісін «кәсіпке айналдырған» бүтіндей бір қылмыстық топ құрықталып, іс тергеуге түсті. Біреу емес, екеу емес, басынан бақайшағына дейін мейірім мен қайырымнан ада ұйымдасқан топ көлеңкелі кәсіпті өркендеткен. Күдіктілер уақытша қамауда отыр.
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Ш.Тұрлыбектің айтуынша, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы баласынан бас тартқысы келетін жүкті әйелдерді және баласы жоқ ерлі-зайыптыны іздеген. Сондай-ақ балалардың туу туралы жалған куәлігін дайындаумен айналысқаны анықталды. Аталған факті бойынша «Кәмелетке толмағандарды сату» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Біздің елде Қылмыстық кодекстің 135-бабында «Кәмелетке толмағандар саудасы, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған әрекет» негізінде жаза арқалайды. Қылмыс құрамы дәлелденсе, бала сатқандар 9-12 жыл аралығында жаза арқалап, өзіне тиесілі мал-мүлкінен айрылады.
2016 жылдың жазында Шымкент қаласында болған сот отырысын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Қаладағы №1 перинаталдық орталықтағы бала сатушылардың жымысқы қылмысын жергілікті прокурорлар анықтап, том-том қылмыстық іс материалдарынан тау тұрғызғандай еді. Сол кезде дәрігерлер жең ұшынан жалғап отырып, 21 нәрестені астыртын сатылымға шығарған. Бұл – тек толық дәлелденген эпизодтар.
2015 жылы Алматы облысына қарасты көпсалалы клиникалық аурухананың жүкті әйелдерді босандыру бөлімшесінің дәрігерлері сегіз жыл «жеке бизнесін» бала сату арқылы өрістетіп келгені анықталды. Осы жылдың ішінде бөлімше меңгерушісі, акушер бастаған Гиппократ антын орындаушы он шақты дәрігер бас құрап, қылмыстық істің қызығын көріп, 22 нәрестені сатқан. Тергеушілер «саудагер дәрігерлердің» әр баланы 150 мың теңгеден 6 мың долларға дейінгі аралықта «бағалап», сатып отырған. Бұлардың құрығына кімдер іліккен? Әрине, некесіз құрсақ көтеріп қалған, ойнап жүріп шоқ басып, шақшадай басы шарадай болған қыздар, жалғыз басты әйелдер. Аңдамай ағат кетіп, бармағын шайнаған бойжеткендерді үгіттеп, «етегі қанағанын ел білсе, туыстарына таңба болатынын» жанашырлықпен айтып, мәселені оңынан шешудің амалын өздері ұсынған. Көбіне жаңа босанып, баласынан бас тартқан аналар перзентінің саудаға түсетінінен бейхабар болған. Олар «баламыз балалар үйіне өткізіледі» деп сенсе керек. Сұмдығы сол, сауданы қыздырушылар тез табыла кетіп, шақалақ шыр етіп өмір есігін аша салысымен, кейде бір аптаға жеткізбей сатылған. Сегіз жылдан бері жалғасып келген іс кезекті бір сауда кезінде әшкере болып, қылмыстық топ жазасын арқалады.
Мұндай оқиғалардың мысалын мыңдап келтіруге болады.
Көлікте отырған екі келіншектің әңгімесі. Тыңдамайын дегеніңмен дауыстары зорайып шыққан соң құлағыңды түресің. Діттеген жеріне жеткенге дейін екеудің әңгімесінен ұққаным, бірінің жеңгесі жасанды жолмен (көпшілік эко деп айтады) бала көтерудің қамында үш рет дәрігердің алдын көріпті, үшеуінде де түсік тастаған екен. Қып-қызыл қаржы шығындап, несие де рәсімдеген. Қандай қилы тағдырлар жүр арамызда дәл осы баланың зарын тартып. Эко демекші, жасанды жолмен, медицина көмегіне жүгініп, ұрпақ сүю үшін қазір ауылдық жерден де жас отбасылар келеді.
Біреулер сәби сүйе алмай, Жаратқанға жалбарынып күні-түні дұғасын оқиды. Ал біреулер «бауыр еті баласын» оп-оңай сата салады…
Тұяқ Қаскенқызы жасы сексенге таяса да, жетімдердің маңдайынан сипап, бауырына басып, ата-анасы бағудан бас тартқан балаларды қамқорлығына алып жүрген жан. Бала сату бизнесіне қатысты жайтқа батыр ана:
«Қарағым, мұндай сұмдықты естімедім, құрсағыңды жарып шыққан, тас емшегіңді жібіткен ұрпағыңды қалай қиып сатасың? Мен өзім де жетім өстім, 18 жасымнан бастап жетім балаларды асырап келе жатқаныма 60 жыл болды. Осы жылдың ішінде 950 баланы бағып-қағып өсірдік. Қазір қоғамда тасбауырлық психология белең алып барады. Ата-анасы жағдайы бола тұра, баласынан бас тартып бізге өткізгендерді де көрдік, тұлдыр жетімдерді де жетілдірдік. Қасқыр екеш қасқыр да қанша жыртқыш болғанымен бөлтірігін қаңғыртпайды, қараусыз қалдырмайды. Ал өз баласынан бас тарту, тіпті сату, сәбилерді саудаға салушылардың ісі жыртқыштан да ары болып барады. Біз бұған ел болып тосқауыл қоюға ұмтылуымыз қажет», – дейді.
Заңсыздықпен табыс табуда қару-жарақ бірінші орында, есірткі бизнесі екінші, ал адам саудасы үшінші орында тұр. Ауқымды ақша айналымы жүрген жерде сауданың сәні кіріп, бәсі биіктейтіні бесенеден белгілі.
Заңмен қорғалып, ауыр айып арқалату да бұл адам саудасының аранын бәсеңдетер, түбегейлі жоймаса да. Ең алдымен әр пенде баласының түйсігіне обал мен сауап, ізгілік дейтін ізгі ұғым титтей де болса, сыналап енбесе, қатыгездік қатулана түседі. Қазақ тегіннен-тегін «қызға қырық үйден тиым» демеген. Мектеп қабырғасында балиғат жасынан асқан оқушыларға обал мен сауапты арнайы оқытудың тетігін де қарастырудың уақыты әлдеқашан жеткенін қоғамдағы осындай опасыздардың әрекеті әйгілеп отыр.
Нұрдан Есімбай