Қарымы қарқынды Құрық айлағы

22 қазан 2023, 19:17

«Бізге теңіз инфрақұрылымын дамытуға арналған біртұтас жоспар керек. Онда Құрық портына айрықша мән берілуге тиіс. Құрықты Ақтау порты сияқты толыққанды логистикалық кластерге айналдыруымыз қажет. «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізі де өте маңызды. Сол арқылы Парсы шығанағына шығуға болады. Біртіндеп бұл бағыттағы теміржол желісінің өткізу мүмкіндігін екі есе арттыру керек».

(Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті  Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауынан)

Осы күзде Маңғыстаудағы Құрық портында қуаты 1 млн тоннаны құрайтын астық терминалы іске қосылады. Мұнда бір мезгілде 25 мың тонна бидай мен өзге дақылдардың түрлі сорттарын сақтауға болады. Сонымен қатар, астықты Иран мен Кавказ өңіріне, одан әрі басқа аймақтарға жөнелтуге мүмкіндік береді. Бұл нысан — «Саржа» көпбейінді теңіз терминалы (КТТ) жобасының бір тармағы.

Айлақтың жүк өткізу қуаты еліміздегі аса ірі логистикалық инфрақұрылымдық жобалардың қатарына жататын осы «Саржа» арқылы еселене түспекші. Ауқымды жобаға шетелдік инвесторлар да ықылас танытып отыр. Тамыз айында  «AD Ports Group» (Біріккен Араб Әмірліктері) пен «Semurg Invest» (Қазақстан) компаниялары арасында астық терминалы және «Саржа» көпбейінді теңіз терминалы құрылысы жөнінде келісімге қол қойылды. «AD Ports Group» компаниясының аймақтық директоры Абдуләзиз Зайед Әл Шәмси қол қою рәсімінен кейін өз елінің Орталық Азия өңірінде экспорттық бағыттарды дамытуға арналған аса маңызды көлік-логистика бастамаларын жүзеге асыру үшін Құрық портымен ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін мәлімдеді.

Айлақта қазірдің өзінде теміржол тартылып, екі жағажай, жүк терминалы салынды. Болашақта астық, әмбебап, негізгі және құйылмалы жүктерге арналған бірнеше терминал, сондай-ақ көлік-логистика кешенін салу көзделіп отыр. Порттағы ауқымды жоба Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Орта дәліз) бойынша жүк тасымалы көлемін күрт арттырады деп күтіледі. «Semurg» Invest компаниясының Бас директоры Нұржан Марабаевтың айтуынша, 2030 жылға қарай «Саржа» жобасы толығымен іске асқанда «Орта дәліздің» жылдық жүк өткізу қабілеті 10 млн тоннаға артады.

Биылғы көрсеткіштер де қомақты. Қаңтар-тамызда айларында Құрық теңіз порты арқылы 1,5 млн тонна жүк өтті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға артық. Мұның 1 млн тоннадан астамы теміржол арқылы, 430 мың тоннадан астам жүк портқа автокөлік арқылы жеткізілді. Айлақтан отандық мұнай мен мұнай өнімдері, метал, тыңайтқыш, химия өнімдері алыстағы тұтынушыға жөнелтіледі. Сонымен қатар, Қытай және Орталық Азиядан теңіздің арғы бетіндегі Әзірбайжанға, одан әрі Грузия, Түркия және Шығыс Еуропаға бет алатын транзиттік тауардың да көлемі өсіп жатыр.

Өткен жылы Каспийдегі Ақтау теңіз сауда порты мен Құрық айлағын Маңғыстаудағы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы құрамына қосуды көздейтін шешім мақұлданған болатын. Бұл Маңғыстау түбегінде 2025 жылға қарай контейнерлік хаб құру жобасы шеңберінде жүзеге асты. Атап өткен жөн, тасымал көлемін еселейтін осы Ақтау контейнерлік хабын құру «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына енгізілген.

Маңғыстау өңірі — Шығыс пен Батысты бір-біріне жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізі үшін тиімді де таптырмас торап. Теңіз жолдарымен жүктің барлық түрін жөнелте алатын контейнерлік хабтың мән-маңызы зор екені белгілі. Мемлекет басшысы Үкіметке біздің порттарды трансформациялау арқылы Каспий теңізіндегі жетекші хабқа айналдыру жөнінде тапсырма берді. Бұл еліміздің Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін күшейтуді көздейтін шешуші бастамаларының бірі.

Президент Қытайда өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумында Орта дәліздің ерекше рөліне назар аударған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бағыттың Қытай, Орталық Азия және Еуропаны бір-бірімен байланыстыратын» «Бір белдеу, бір жол» бастамасының құрлықтағы көпіріне айнала алатынын атап өтті. Соның нәтижесінде жүк тасымалдау мерзімін екі есе қысқартуға және көлік шығындарын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік туатынын тілге тиек етті. Бейжіңде Қазақстан мен Қытай арасында Транскаспий бағытын дамыту жөніндегі үкіметаралық екі келісімге қол қол қойылды. Мемлекет басшысы осы құжаттардың маңызына тоқтала келе, олардың жуық арада нәтиже беретініне сенімді екенін мәлімдеді. Президент бұл ретте: «Күш-жігерді тиімдірек үйлестіру үшін ірі стратегиялық порттар, логистикалық орталықтар мен пошта хабтарының серіктестік желісін құруды ұсынамын. Сонымен қатар, кемелер мен контейнерлердің бірлескен өндірісін жолға қоюға мүдделіміз», — деді.

Қазақстан Үкіметі осы құжаттарға қатысты қаулы қабылдады. Онда келісімдердің мақсаты Орта дәліздің бәсекеге қабілетті болуын бірлесе қамтамасыз ету, көлік инфрақұрылымын қалыптастыру, жүк тасымалында озық технологияларды енгізу, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойында орналасқан порттарды қаржыландыруға ықпал ету екені айтылған.

Күретамырдағы стратегиялық мақсат, сөз жоқ, отандық порттарда жүк тиеу немесе түсіретін контейнердің санын көбейтуге де серпін  берері анық. Қазір Ақтау портында контейнерге жүк тиеу қуаты 70 мың ЖФЭ (жиырма фут эквивалент) болса, 2025 жылға қарай көрсеткішті 300 мыңға жеткізу міндеті тұр.

Маңғыстауда халық саны жылдан жылға артып келе жатқанын ескерсек, Құрық порты өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып отыр. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «Саржа» теңіз терминалында атқарылып жатқан жұмысқа оң баға берді. Осындағы астық терминалы 30 адамды тұрақты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Қазір айлақта 218 адам еңбек етеді. Маңғыстау облыстық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, айлақтағы «Саржа» теңіз терминалы толық қуатымен жұмыс істеген кезде 1,7 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл аймақта негізгі жұмыс орны болып табылатын мұнай-газ саласына балама секторлар көбейіп, өңірдің қарыштап өркендеуіне, ел дамуының драйвері болуына ықпал етеді деген сөз. Тағы бір жағымды жаңалық. Күні кеше әңгіме басында айтылған «AD Ports Group» және «ҚазМұнайГаз» компаниялары қазақстандық мамандарды жұмысқа орналастыру жөнінде келісімге қол қойды. Осы уағдаластық бойынша, ADP компанияларына жұмысқа тартылатын қызметкерлер кәсіби ерекшелігіне қарай Маңғыстау тұрғындары арасынан іріктеледі.

Срайыл Смайыл,

экономикалық шолушы

 

01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу