JP Morgan Stanley корпорациясының сарапшылары тура бір ай бұрын «қара алтын» құнына қатысты болжам жасаған. Американдық алпауыттың аузы дуалы айтқыштары биылғы үшінші тоқсанда (шілде – қыркүйек) бір бөшке май 100 долларға сатылады деген.
ұхиттың арғы жағындағы мамандардың болжамы ақпан аяқталмай жатып расталды. Тіпті күткеннен де асып түсті. Сәрсенбі күні Лондон биржасында (ICE Futures) таңертеңгі сауда-саттықта Brent маркалы мұнай бағасы 110 долларға жетті. Бір күн бұрынғы мөлшерден 5,45 пайыз қымбат. Бұл «қара алтын» мамыр айында осындай бағамен сатылады дегенді білдіреді. Мұндай баға соңғы рет 2014 жылы тамызда байқалған еді (бейсенбіде мұнайдың 1 баррелі 116 доллардан асты).
Ал Нью-Йорк биржасында сәуірге арналған WTI маркалы мұнай құны әлгі көрсеткішке сәл жетпей (108 $) қалды. Бүгінгі беймаза әлемдегі аса күрделі геосаяси ахуалды ескерсек, көмірсутегі шикізаты әлі талай тосын «сыйды» көлденең тартатын сияқты. Өйткені күні кеше әлемдегі аса ірі инвестициялық банктің бірі – Goldman Sachs (АҚШ) сарапшылары жасаған болжамға жүгінсек, наурызда қара май 115 долларға сатылады. Олар Ресейден әкелінетін қуат көздерін жаппай шектеу нарыққа ауыр зардабын тигізетінін жоққа шығармайды. Мұндай жағдайда мұнайға деген тәуліктік сұранысты 4 млн баррельге азайтуға тура келеді. Тіпті қара май керуенін Шығыс елдеріне қарай бағыттағанның өзінде ахуал оңалмайды. Себебі тасымал уақыты 12 күнге ұзарады. Бұл тәулігіне 90 млн баррельден қағылады деген сөз. Вашингтон да осы және өзге факторларды ескерген секілді. Ақпарат құралдары Blumberg TV-ге сілтеме жасай отырып, американдықтардың осы мәселе бойынша ұстанымын жариялады.
Телеарнаға сұхбат берген Мемлекеттік департаменттің энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Амос Хохштейн өз елінің Ресейдегі мұнай секторына санкция енгізуі жоспарда жоқ екенін мәлімдепті. Оның пікірінше, шектеу қуат көздері құнын шарықтатып жіберуі мүмкін. Хохштейн мырза «шөміштен қағу» амалы жүзеге асқан жағдайда «Ресей бізге өз өнімдерінің тек жартысын ғана сатады. Оның өзінде екі есе бағаға» дейді. Американдықтардың алаңдауы бекер емес. Бірер нөмір бұрын газетімізде екі ел арасында саяси сахнада текетірес жүріп жатқан соңғы бірнеше айда Мәскеуден мұхиттың арғы жағындағы алып мемлекетке жеткізілетін «қара алтын» көлемі күрт артқанын, ал жанармай (дизель отыны) экспорты 1,5 млн баррельге жеткенін жазғанбыз. Тағы бір дерек. Өткен жылғы көрсеткіш бойынша, Ресей Американың тұтыну нарығына «қара алтын» жеткізетін елдер арасында екінші орын алды.
Ғаламдық нарық осы жетіде өтуі тиіс Мұнайды экспорттаушы елдер ұйымы мен «қара алтын» өндіруші мемлекеттердің (ОПЕК+) жиынын асыға күтуде. Айта кеткен жөн, осы бейресми ұйымға біздің еліміз де кіреді. Басқосуда алдағы сәуір айына арналған өндіріс көлемі айқындалуы мүмкін. ОПЕК+ елдері былтырғы жаздан бері қара май шығаруды тәулігіне 400 мың баррельге арттырып келеді. Мұндай қадам пандемия кесірінен дағдарысқа ұшыраған әлемдік экономиканы тұрақтандыру мақсатымен қолға алынған еді.
Осы арада айта кеткен жөн, қуат көзінің тағы бір түрі газ бағасы аспандады. Қазір кәрі құрлықта «көгілдір отынның» текше метрі үшін төленетін ақы 2000 доллардан асып кетті. Ал Ресей газын украин жері арқылы Еуропаға апаратын құбыр желісі тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.
Болжамы бұрыс кетпей тұрғандарға «аузыңа май» деуге асықпайық. Баға – баянсыз. Кез келген уақытта құбыла салады. Бұған 1997, 2008 және 2020 жылғы дағдарыста көзіміз анық жеткен. Біздің үкімет геосаясаттағы дүрбелеңге дайын. Дағдарысқа қарсы жоспарын жариялады. Қоржында, әдеттегідей, үш сценарий бар. Базалық, пессимистік және оптимистік. Өлшемі белгіленді. Бізде бюджеттің кірісін есептегенде негізгі параметр ретінде «қара алтын» құны ескерілетіні белгілі.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осыған орай былай дейді:
«Егер мұнай бағасын 70 доллар деп қарастырсақ, осының өзі Ұлттық қорға қосымша кіріс әкеледі. Бір бөлігі бюджетке де түседі».
Қазынасы «қара алтынға» қарап отырған біздің елге, әсіресе, жұрт тайлы-таяғымен тек мұнайға барғысы келетін Жаңаөзен секілді өңірлерге бұл ақжолтай жаңалық. Қоры сарқылуға айналып, қара майды шыңыраудан шығаратын, соның салдарынан өнімнің өзіндік құны қымбатқа түсетін байырғы кеніштер таза пайдасын еселейді. Мұнайшының айлығы мен шайлығы жөнінде еркін сөз қозғай аласың. Бюджет бүйірінің тоқ болуы жаңа кен орындарын табуға да мүмкіндік береді. Жақында «ҚазМұнайГаз» компаниясы қойнауы құт Маңғыстауда қоры 40 млн тоннаны құрайтын жаңа кеніштің табылғанын хабарлады. Демек ұлттық компанияның қазіргі басшылығы келешекті ойлап, бір кездері мүлдем ұмытылуға аз қалған геологиялық барлауға көбірек мән бере бастады.
Дегенмен бағаның өсуі тек шикізатқа қарап отырған елдердегі түйткілдің бәрін шешпейді. Мұнай ырзығы құдды құмсағат сықылды. Көл-көсір дүниенің қайда кеткенін иесі сезбей де қалады. Ал жөнімен жұмсағандар шикізаттың шырмауына түспеуді ойлайды. Өндіріс ошағын ашады, құрал-жабдық жасайды, тұрақты табыс көзін табады. Содан болар, қыс қамын жаз ойлағанның ширақ шаруадай қашанда көңілі тоқ.
Білікті мамандар сол қара майды шикізат ретінде пайдаланып, мұнай өнімдерін шығару ең тиімді жол екенін көптен бері айтып келеді. Солардың бірі – Алик Айдарбаев. «ҚазМұнайГаздың» қазіргі басшысы – Маңғыстауда ұзақ уақыт жұмыс істеген кәсіби мұнайшы. Саланың жай-жапсарын жетік біледі. Әкім боп тұрған кезде төртінші мұнай өңдеу зауытын басқа жақта емес, дәл осы Маңғыстауда салуды ұсынды. Оның тиімділігін нақты дәлел-дерекпен дәйектеп беріп еді. Біріншіден, сырттан тасымайтын дайын өнім шығарылады. Екіншіден, жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық азаяды. Үшіншіден, өңірдің көрші облыстарға ғана емес, тіпті шетелге бағытталған экспорттық әлеуеті артады. Өйткені тақау жатқан Иранның терістігінде жанар-жағармай тапшы. Каспий теңізіндегі төте жол арқылы тікелей жеткізуге болады. Өкінішке қарай, экономикадағы диверсификация мен уақыт өткен сайын күрделене түскен әлеуметтік түйткілдерді шешуге ықпал ететін осы бастама қолдау таппады. Төртінші зауыт салынбай қалды.
Үкімет оның орнына елдегі үш мұнай өңдеу зауытын жаңғыртып, өндіріс қуаты артатынын мәлімдеді. Алайда сол кәсіпорындардың бірінде жөндеу басталса, жанармай тапшылығы жағадан алатын болды.
«Түні бойы ойын-сауық мастықта, күндіз болса, қалың ұйқы, жастықта». Әдебиеттанушылар бұл теңеу мәшһүр шығармаларымен әйгілі Шекспирге тиесілі дейді. Сөз зергері той-думаннан қолы босамайтын кейіпкерін осылай сипаттаған екен. XVI ғасырдың аяғы мен XVII ғасырдың басында, әрине, «қазба байлықтың қарғысы» дейтін ұғым әлі дүниеге келмеген. Ол кездегі жуан мен шонжардың аңсағаны – алтын мен күміс. Шикізатқа тәуелді елдерді шарпитын «Голланд кеселі» мен осы терминді ойлап тапқан оқымыстыға таяуда тоқталғанбыз. Ричард Аутиге салсақ, жер қойнауындағы байлықты қымбат бағаға сатудан түскен ырғын ақша адам бойында еңбекке деген құлшынысты жояды. Енжарлық, жалқаулық, масылдық, азғындық сияқты жаман әдетті қалыптастырады. Ұлы Абай еңбексіз мал табуға әуестікті «Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман» деп суреттеген. Қаржыдан қысыла қалса, дереу несиеге жүгінетін бүгінгінің аларманы – кредитоман. Ақшамен, қымбат дүниемен мақтану сәнге айналады. Ал тек шикізатқа телмірген мемлекет кәсіптің өзге түрін игеруге құлықсыз. Мұндай «қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын» заманда қолы ұзын қарпып қалады. Жемқорлық тамырын терең жаяды.
Ғаламды алаңдатқан геосаяси текетірес те аяқталар. Жаңа Қазақстан экономикасы әр тарапты, сан салалы, шикізат қана емес, қарапайым заттан бастап, заманауи құрал-жабдық өндіретін, озық технологияға арқа сүйейтін алдыңғы қатарлы елге айналатын күнге де жетерміз.
Срайыл Смайыл,
экономикалық шолушы