«Қара аққудың қайтып келуі»

03 мамыр 2020, 12:01

 

Бұл құстың атауы тілімізде «ақ» сөзінен ажырағысыз. Әйтпесе, оның сұр немесе қара түсті түрлері де бар. Соңғысын біреулер «қарақу» деп жазып жүр. Даламызда кездеспегендіктен, сөздік қорымызға сіңбегендіктен құлаққа тосын, қабылдауға қиын.

ЖАМАНАТ ЖАРШЫСЫ

Басқалар «қара» сөзін қолданады. Зоологияда емес. Пәлсапада. Ежелгі Римдегі ақын әрі сатирик Иувеналдан «Жер бетінде кездесуі екіталай қара аққу сияқты сирек құс» деген сөз қалған. Оқымысты ықтимал кесапатты осы теңеумен түсіндіріпті. Ал орта ғасырлардан бастап бұрын- соңды болмаған апат пен құбылысты «қара аққумен» сипаттайды. Сонау он жетінші ғасырдың соңына дейін. 1697 жылы Австралияға барған голланд саяхатшысы Уиллем де Вламингх табиғатта әлгі құстың қара түрі бар екенін жалпақ жұртқа жария етті. Ал өткен ғасырдың соңына таман black swan (қара аққу) экономика мен қаржы жүйесіндегі теорияға айналды. Тегі лүбнандық американдық қаржы профессоры Нәсим Тәлибтің (Nassim Nicholas Taleb) «Қара аққу». Болжап болмайтын құбылыстың ықпалы» атты зерттеу еңбегі экономиканы күтпеген соққымен есеңгіретіп кететін белгісіз күштерге арналған. Автор Американың қаржы жүйесін астаң-кестең еткен 1987 жылғы дағдарысты алдын ала ескерткен көрінеді.

Міне, сол Нәсим Тәлиб жуырда қазіргі ахуалға қатысты өз пікірін ортаға салды. Қаржыгердің ойынша, қоғам мұндай оқиғалар мен құбылыстарға қарсы тұра алатындай болуы үшін өзінің осал тұсын анықтайтын жүйе қалыптастыруы тиіс. Ол «Біз пандемия алдында әлсіз едік. Қазір адамдар мұны жақсы біледі. Қаржы бойынша осал тұсымыз бар. Жұрт бұдан да хабардар. Табиғатпен де сондай. Енді біз ГМО (генетикалық-модификациялық азық) жөнінде алаңдауымыз қажет. Біздің әлсіздігіміздің бір көзі солар. Адамдар енді соған назар аударады» дейді. Бәзбір экономистер ғайыптан келген кеселдің экономикаға ықпалын «қара аққудың қайтып келуі» деп сипаттайды. Расында, шекаралар жабылып, жер-жиһандағы шаруашылықтың тоқтап қалуы тарихта әлі кездеспеген. Тіпті АҚШ-ты тура 10 жыл бойы тұралатқан Ұлы Тоқырау (Great Depression) кезінде де еңбек көрігі дәл бұлай суымап еді.

ЕРТЕҢДІ ОЙЛАУ

Коронавирустан кейінгі өмір қалай болмақ? Көптің көкейіндегі бұл сауалға жауап санқилы. Дегенмен бір арнада тоғысатын пікір де жоқ емес. Ол – дүниенің өзгеретіні, жағдайдың мүлдем басқаша сипат алатыны, көп нәрсе тіршілік тірегі – экономиканың ендігі беталысына байланысты болатыны жөнінде. Олай дейтініміз, жойқын кесел жұмыссыз қалған жұртына әлеуметтік көмек беруге қауқары бар елдердің дағдарысқа қыңбайтынын көрсетті. Қазақстан қаржылай қоры бар осындай мемлекеттер қатарында. Газетімізде Жүсіп пайғамбардың өрістегі жартысы семіз, қалғаны көтерем өгіздерге қатысты түсті жоритыны туралы тәмсілді тілге тиек еткенбіз. Біздегі «бәрін білетін бесаспап» сарапшылардың ұсынысына қарамастан, мұнайдан түскен қаржыны бүгін жұмсап тастамай, ертеңді ойлау ең дұрыс шешім болды.

Жинаған қоры жоқ елдер сырттан көмек сұрауға мәжбүр. Кесел өршігенде Өзбекстан бюджетті қолдау мақсатымен Азия даму банкінен 1 млрд доллар сұрады. Ал қырғыз елі Халықаралық валюта қоры (IMF) мен Дүниежүзілік банктен жалпы сомасы 132 млн долларға жететін несие алды. IMF қаржысына байланып, осы қордың қиын талабын орындауға мәжбүр Украина ақыры жер сатуға рұқсат беретін заңды қабылдады. Елде карантин жарияланғандықтан оппозицияның айқайы көшеге жетпей, көмейде қалды. Есесіне, Батыс мемлекеттері мұны тарихи шешім деп бағалап, құттықтауын жаудырып жатты.

ҚАРАПАЙЫМ БҰЙЫМНЫҢ ҚИЫН ЖОЛЫ

Тәжкесел әлемдік нарықтағы дағдарыс кезінде көрінетін осал тұсымыз бен апаттан соң дабыл қағатын әдетімізді тағы да еске салды. Соңғысына келсек, медицинадағы вирусологияға, осы салада кәсіби біліктілігі жоғары маман дайындауға жете көңіл бөлінбегені білініп қалды. Қорқынышты кесел адам баласын әлі де біраз әурелейтін секілді. Сондықтан шеттен қыруар қаржыға әкелінетін дәрі-дәрмектің түр-түрін, өкпенің жасанды жолмен тыныс алуын қамтамасыз ететін құрал, ауруды жылдам анықтайтын сапалы тест, бетперденің жетілдірілген нұсқасын өндіре алатын отандық медицина өнеркәсібі ауадай қажет боп тұр.

Коронавирустан кейінгі кезеңде ішкі мүмкіндігі мол, өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатындардың көші түзу, сүрлеуі тегіс. Мұнай сияқты шикізатқа тәуелді елдер дереу диверсификация (экономиканы әртараптандыру) жасамаса, хәлі мүшкіл. Аузы дуалы ақылгөйлер осылай дейді. «Қара алтын» бағасы құлдыраған алдыңғы дағдарыста-ақ бұған көз жеткізгенбіз. Бірақ, өкінішке қарай, бұл бағыттағы қарқынымыз баяу. Дайын өнім, тіпті, дәке секілді қарапайым заттарды шығару әзірге тек жоспарда. Ал мақтасын кәдеге жаратып, жеңіл !неркәсібін жандандырған көрші өзбек сол бетпердені гуманитарлы көмек ретінде Ресейге беріп жатыр. Мақта бізде де өседі. Қазақ бетперде ғана емес, киім-кешектің түр-түрін тіге алады. Тек жағдай жасалса. Жақында Сенатта елімізде жеңіл және тамақ өнеркәсібін аяқтан шалатын кедергілер туралы сөз болды. Аталған салаларды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама қажеттігі айтылды. Алайда тәжірибе көрсеткендей, біздегі бағдарламаларда мін жоқ, тек оны орындау тетігінде кемістік көп. Қайсыбірінің жартыкеш қалатыныда содан. Бұл істе жауапты тұлғалардың бәрі бірдей ынталы деуге тағы келмейді. Бір мысал. Білдей министрдің орынбасары импортқа деген құштарлығын жасырмай, бұйымы сапасыз деп отандық жеңіл өнеркәсіпті оңдырмай сынапты. Бұл шекара жабылмай тұрған кездегі әңгіме. Импортты алмастыру арқылы жаңа жұмыс орнын ашу, дайын өнім өндіру өткір көкейкесті міндетке айналған қазіргі тұста Руслан Дәленов басқаратын ұлттық экономика министрлігі бұл мәселеде үнсіз. Есесіне, осы мекеме мемлекеттің қолдауын алуға тиіс жүйе құраушылар тізіміне тауар өндіретін кәсіпорындарды емес, сауда орындары, қымбат көлік сататын автосалон мен зәулім үйлер салатын компанияларды енгізіпті.

Нәсим Тәлиб пандемиядан кейін рурализация (адамдардың жаппай қаладан ауылға кетуі) сияқты үрдістің басталуы мүмкін екенін ескертті. Бұл урбанизацияны насихаттап жүргендердің болжамына мүлдем қарама-қайшы. Егер ғалымның айтқаны келіп жатса, ауыл шаруашылығының маңызы артады. Осы орайда үндеуге үн қосуға үйір біздегі көп саясаттанушының арасында ұтымд ұсынысы, терең талдауымен дараланып тұратын Рахым Ошақбаевтың пікіріне тоқталған жөн. Ол ендігі жерде отандық экономиканы өрге сүйрейтін күш деп ауыл шаруашылығын атады. Білетіндер айтады, бір ғана Жетісу өңірі елімізді былай қойып, көршілес елдерді жеміс және көкөніспен қамтамасыз ете алады. Дәл қазір емес, әрине. Өйткені ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері алманың жартысына жуығы сырттан келетінін атап өтті. Әйтсе де, алдағы 3-4 жылда импорттан құтылуға болатын көрінеді.

Билік карантиннен кейін экономикаға мықтап көңіл бөлетін сияқты.

Биік мінберден адам капиталының маңызы, бізге саны бар да сапасы жоқ тоқ менеджерлер емес, тыңнан түрен сала алатын батыл топ-менеджерлер қажет екендігі айтыла бастады.

Ал қайта келетін «қара аққу» қамданбағанның қапы қалатынын ескертті.

Срайыл СМАЙЫЛ, шолушы

 

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?