Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Қызылжардағы мәдениет және демалыс саябағында тұрған қазақ зиялыларына арналған ескерткіштер қоқыста жатыр деген хабар күллі республикаға тез тарады. Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтпаев, Қожаберген жырау сынды қазақтың шоқтығы биік тұлғаларының мүсіндері жаздан бері күл-қоқыста жатыр. Бұған жергілікті билік өкілдері бас қатырмаған сыңайлы.
Облыс орталығындағы қалалық мәдениет үйінің артындағы қоқыс алаңында ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің ескерткіштері тас-тұғырлары қирап, шашылып жатыр. Оларды орталық саябақтан алып тастау шешімін Петропавл қалалық әкімдігі қабылдаған. Алайда жауаптылар әлі күнге дейін бұл жәйтке қатысты еш пікір білдірмеді.
2010 жылы Петропавлда қала күніне орай орталық саябақта ақын-жазушы, ғалымдарға арналған 34 ескерткіш орнатылған. Оларға бюджеттен 38 миллион теңге бөлінген. Бірақ мүсіндердің 22-сі қызылжарлық бұқараның сынына ұшырап, сол кезде-ақ алынып тасталды. Себебі тұрғындардың айтуынша, ескерткіштер адам баласына ұқсамайтындай етіп мүсінделген. Сол кезде-ақ әкімдіктің бұл әрекеті шаһар халқының ашуына тиіп еді. Мәселен, қала тұрғыны Өмір Есқали ескерткіштерді ергежейлілерге теңеген: «Сәбит Мұқановты және бір-екі адамды ғана таныдық. Қалғандарын тану өте қиын. Мүлде ұқсамайды. Бірінің денесінен аяқ бітімі бөлек, біреуінің бойы ергежейлі», – дейді қоғам белсендісі. Осылайша ескерткіштер авторына, мүсінші Қазыбек Сатыбалдинге қайтарылып, саябақта 12 ескерткіш қалады. Оның өзі ұзақ тұрмады. Биыл олар із-түссіз жоғалып кеткен.
Қалалық мәдениет үйінің алдында 6 ескерткіш 6 айдан бері қаңтарылып тұр. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды тұлғалар бейнеленген қалған алтауының қайда кеткені беймәлім…
Петропавл қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Азат Ыбыраев: «Ескерткіштердің астында тұрған тұғыры бүліне бастаған. Сондықтан мүсіндерді уақытша мәдениет үйінің алдына әкелдік. Оларды жөндеуге қажетті сома көлемі есептеліп, бюджеттен ақша бөлінеді. Бірақ әзірге олардың қайда орналастырылатыны белгісіз. Қалған 6 ескерткіштің қайда кеткенін де білмеймін», – деді. Ескерткіштердің қайда кеткенін әкімдік те, жауаптылар да, бұқара халық та білмейді екен…
Бүгінгі күні Мағжан Жұмабаев, Қожаберген жырау, Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтпаев, Федор Достоевский және Иван Шухов есімі жазылған тақтайшалар табан астында басылып жатыр.
Аяқ астында қалған артефактілерге бәрі бірдей немқұрайды қарайды деу ағаттық болар. Ескерткіштерді өз қорғауына алғысы келетін халқының ұлдары бар. Әкімдіктен қайыр болмаса да, бұқара халық тек отырмайық деп ескерткіштерді алып кетуге дайын. Олар тек «Әкімдіктен заң жүзінде алып беруге көмектесіңіздер», – дейді. Сондай азаматтардың бірі – Есіл ауданы Бұлақ ауылдық округінің әкімі. Болат Бейсенбаевпен хабарласып, сөйлесіп, мән-жайды білдік. Ауылдың әкімі, өз атынан да, ауыл халқы атынан да сенімді сөйлеуге тайсалмайды.
«Бір мүмкіндік болса, бұл ардақты тұлғаларымызды қоқысқа қалдырғанша, біз ауыл, ел болып саябақ орнын жобалап, жоспарлап отырмыз. Бізге беріңіздерші… Ең құрметті жерден орын тауып, қасқайтып қоямыз. Саябақтың ашылуын ендігі жылға жоспарладық. Халықтың, жеке кәсіпкерлердің ақшасына орнатамыз. Мүмкіндік болса, өтініш жасап, ескерткіштерді алып кетейік. Тіпті өз қалтамнан ақша шығаруға бармын. Алаш арыстары үшін ақырына дейін барамын», – деп отыр ауыл әкімі.
Осы тұста ақын Ілияс Жансүгіровтың «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деген сөзі ойға оралады. Бүгінгі күннің ерлерін былай қойғанда, өмірден өткен ата-бабаларымыздың ескерткіштеріне тиісті деңгейде құрмет көрсетілмей отыр.
Қазіргі таңда қала халқы мұндай әрекетке жол берген әкімдік өкілдерінің жауапқа тартылуын талап етіп жатыр. Елі мен жері үшін еңіреп өткен ерлер ескерілмек түгіл, есімдері жазылған ескерткіштері елеусіз қалып, жерде жатыр…
Расул Ғамзатовтың «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» деген ұлағатты сөзі бар. Ұлыларды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Аталған мәселе әкімдік өкілдерінің назарына ілігіп, шешімін тапса, игі. Болмаса, бұл жұмысты бұқараның өзіне атқаруға мүмкіндік берілгені абзал….