«102» қосымшасы қылмыстың ізін суытпай ашуға мүмкіндік береді

17 маусым, 12:45

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында полиция жұмысын реформалау туралы нақты міндеттер белгілеген болатын. «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді», — делінген  бұл құжатта.

 Осы орайда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет»  қағидатын жүзеге асыру мақсатында 2021 жылы «102» мобильді қосымшасы іске қосылған еді. Бүгінгі күні қосымшаның танымалдығы артып, оны пайдаланушылардың қатары қалыңдап келеді. Бұл туралы Петропавл қаласы полиция басқармасы Жедел басқару орталығының бастығы полиция майоры Қайырбек Баймөңкеновпен сұхбаттасқан едік.

– Қайырбек Дәулетханұлы, ең алдымен, «102» қосымшасын қалай жүктеп алуға болатынына тоқталсаңыз? Қандай да бір қиыншылық бар ма?

– Еш қиындығы жоқ. Танымал әлеуметтік желілерге ұқсас, оны пайдалану да оп-оңай. Кәдімгі басқа да қосымшалар сияқты ұялы телефонға орнатылады. Android жүйесі үшін  Play Маркет, IOS үшін App Store арқылы жүктеліп алынады. Одан соң жұмыс панелінде «102» белгісі пайда болады. Ең алдымен жүйеде тіркелу қажет. Кейін полицияның көмегі қажет болған жағдайда қоңырау шалу тетігін басқанда бірден оператормен байланыс орнатылып, хабарласқан адамның жеке мәліметтері мен орналасқан жері автоматты түрде анықталады. Тіпті хабарласқан адам өзінің қай жерде тұрғанын білмесе де, мекенжайын анықтауға мүмкіндік бар. Қосымша полициямен кез-келген ыңғайлы форматта байланысуға, заң бұзушылық туралы хабарлауға, кеңес алуға мүмкіндік береді.  Ақпараттық технология қарыштап дамыған қазіргі заманда кез-келген жаңалық көзді ашып-жұмғанша тез тарайды. Біздің көздегеніміз де сол – азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру.

– Осы қосымша арқылы, «102» жедел арнасы арқылы келіп түсетін түсетін өтініштерді қарау үшін жұмыс істейтін қанша қызметкер бар?

– Бүгінгі күні Жедел басқару орталығында тәулігіне 7 қызметкер кезекшілікке түседі. Олардың әрқайсысы әр бағытқа жауап береді. Күштер мен құралдарды оқиға орнына жібереді, бейнебақылау камераларымен төңіректі бақылайды, навигация жасайды. Қосымша арқылы және 102 арнасына келіп түсетін қоңыраулар бойынша жұмыс істейді. Жұмыс кестесі – тәулік бойы кезекшілік. Одан соң операторлар бірін-бірі алмастырады. Азаматтардың қоңыраулары бірден тіркеледі. Бір өтініш бойынша жұмыс істеуге 3-4 минут қана уақыт кетеді. Қылмыс жасалған жерге бірден патрульдік полиция жіберіледі. Қосымшаның тиімділігі де сол – уақыт үнемделеді.

– Тағы қандай артықшылықтары бар?

– Бұл қосымша арқылы сурет не бейнежазба жолдауға мүмкіндік бар. Мәтіндік, дыбыстық хабарлама да жіберуге болады. Бейнеқоңырау да қабылданады. Бұл, әсіресе, кездейсоқ куәгерлер үшін өте ыңғайлы. Оларға полиция жасағын күтудің қажеті жоқ. Кінәлілерді жауапқа тарту үшін қосымша арқылы тіркелген фотосурет немесе бейнежазба жеткілікті. Бұл қосымша қылмысты ізін суытпай ашуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда полицияға өз аяғымен барып, қағазға өтініш жазуға ниет білдіретін адамдар жоқтың қасы. Заман талабы сол – бәрімізге де жұмыстың басым бөлігін ұялы телефон арқылы тындырған әлдеқайда қолайлы.

Екіншіден, жоғарыда айтып өткенімдей, қосымша арқылы өтініш берушінің кім екені және тұрған жері бірден анықталады.

Онлайн-сервис полицияны халыққа жақын әрі қолжетімді ету мақсатын көздейді.  Бұл халықтың сенімін арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сонымен қатар қылмыстардың жедел ашылуына ықпал етеді. Жаңа технология арқылы халыққа бір табан жақындай түстік деп сеніммен айта аламын.

– Күніне неше өтініш қабылдайсыздар? Олардың басым бөлігі қандай құқық бұзушылыққа байланысты?

– Біздің орталық күні-түні жұмыс істейді. Операторлар тәулігіне 110-120 қоңырау қабылдайды. Ең қауырт кезең – кешкі 19.00-ден түнгі 00.00-ге дейін. Барлық хабарламалардың 80 пайызы демалыс және мереке күндері келіп түседі. Олардың барлығы тек құқық бұзушылық немесе қылмысқа қатысты емес, әрине. Кейбіреулер консультациялық кеңес алу үшін де хабарласады. Тұрғын үйлердің кіреберісінде не дәлізінде темекі шегу, түнде шулаған көршілер, бағдаршамның қызыл түсіне өту, жолдардың сапасыз жағдайына қатысты да қоңырау келіп түсіп жатады. Мысалы, жуырда қала тұрғындарының бірі Батыр Баян көшесінде көлік қою ережесін бұзу дерегін суретке түсіріп алып, әлеуметтік желілердегі пабликтерге жолдамай, бірден полицияның ресми қосымшасына жіберді. Ереже бұзған барлық адамдар жауапкершілікке тартылды.

Бұдан бөлек, қала тұрғындары апаттық жағдай жасау, бағдаршамның қызыл түсіне өту, абаттандыру қағидаларын бұзу және т.б. бірқатар бұзушылықтарды жедел анықтады. «Volkswagen» автокөлігін көлік басқару құқығынсыз жүргізіп мақтанған 37 жастағы қала тұрғыны да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Биылғы жылдың басынан бастап Петропавл қалалық полиция басқармасының құрамындағы Жедел басқару орталығының «102» қосымшасына 97 қоңырау келіп түсті. Олардың дені түнгі уақытта тыныштықты бұзуға, жолда жүру ережелерін  бұзуға қатысты болды.

Келіп түскен әрбір өтініш бойынша қабылданған шаралар туралы иесіне хабарлама жіберіледі.

Осы қосымша арқылы сыбайлас жемқорлық деректері туралы да хабарлауға болатынын еске салғым келеді.

Жалпы, осы мүмкіндікті пайдаланып,  jasqazaq.kz оқырмандарын «102» қосымшасын белсенді пайдалануға шақырамын. Күш біріктіру арқылы ғана біз қауіпсіз әрі қылмысқа төзбейтін қоғам құра аламыз.

–       Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Роза ШӘКЕНОВА,

Солтүстік Қазақстан облысы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген