jasqazaq.kz

Қайтып алған сөз жаман

29 қазан 2021, 11:54

Он елшінің Түркияға өктем талап қойып, көп өтпей кері шегініс жасауы әлемдік жүйеде түбегейлі өзгерістің басталғанын аңғартады.

Әңгіменің әлқиссасы мынадай. АҚШ, Канада, Франция, Германия, Нидерландтар, Дания, Швеция, Финляндия, Жаңа Зеландия және Норвегияның Анкарадағы дипломаттары ортақ мәлімдеме жасады. Олар құқық қорғаушы әрі қоғам белсендісі Осман Каваланы дереу ақтап, абақтыдан босатуды талап етті. Түрік құқық қорғау мекемелері оған заңсыз шеру мен мемлекеттік төңкеріс әрекетіне қатысқаны үшін айып таққан болатын. Еске сала кетейік, осыдан жеті жыл бұрын Ыстамбулдағы Гези саябағында бірнеше ағаш кесілгенде өздерін қоғам белсенділері өкіметке қарсы жаппай шеру ұйымдастырған. Ал 2016 жылы жоғарғы билікті құлатуға бағытталған әскери төңкерістің жай-жапсарынан жұртшылық хабардар. Парижде дүниеге келген Осман Кавала осыдан төрт жыл бұрын Франциядан Ыстамбул әуежайына келген сәтте қамауға алынған болатын. Түрік басылымдары оның демократия және адам құқығын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста екенін жазып жүр.

Елшілердің талабынан кейін президент Режеп Тайип Ердуан Түрік Республикасында соттың тәуелсіз екенін, оған ешкімнің қысым жасай алмайтынын, өз елінің қонағы билейтін жаман үй емес екенін кесіп айтты. Ол шетелдік дипломаттардың бұл қадамын елдің ішкі ісіне араласу деп есептейтінін мәлімдеп, сыртқы істер министрлігіне тапсырма берді. Әлгі елшілер Түркияда «Istenmiyen adam», яғни Persona non grata ретінде елден кетуі тиіс. Бұған қатысты шешім түрік үкіметінің отырысында қабылданып, жарияланатын болған. Батыстағы ақпарат құралдары әдеттегідей, оқиғаны бір жақты етіп көрсетіп, бар жауапкершілікті Анкараға артуға тырысты.
Арада 47 сағат өткенде алдымен АҚШ елшісі мәлімдеме жасады. Ол 1961 жылғы Вена келісімінің 41-бабына сәйкес, дипломатиялық қызметкерлердің өздерін қабылдаған мемлекеттің заңдарын сыйлауға, елдің ішкі ісіне араласпау жөніндегі міндеттемеге адал екенін білдірді. Іле-шала өзге елшілер де бастапқы пікірін өзгертті. Ердуан министрлер кабинетінің отырысынан кейін «Біздің дипломатиялық дағдарысты туындатуға бағытталған ниетіміз болған жоқ. Мақсатымыз – еліміздің мүддесі мен құқығын қорғау. Осы елшілер бұдан кейін Түркияның егемендік құқығына қатысты мәлімдеме жасағанда жеті өлшеп, бір кеседі деп сенеміз» деді.

Күллі әлемге ықпал ете алатын мемлекеттердің Түркиядағы өкілдерінің өз сөзін бұлай қайтып алуы дипломатия тарихында сирек кездесетін құбылыс. Бұл Батыстың «ақ дегенім алғыс, қара дегенім қарғыс» дейтін қағидасы мен қалай өмір сүруді үйрететін өктем бұйрығына ендігі жерде барлық елдердің бас шұлғи бермейтінін көрсетеді.

Талап Тілеген

09 желтоқсан, 13:10
Алматы өңдеу саласын дамытуды жеделдетті
04 желтоқсан, 15:02
Алматыда Сайран көліндегі понтон көпірлер су деңгейінің төмендеуіне байланысты жыл сайын қыста алынады
03 желтоқсан, 19:08
Алматыда қатты отын қолданатын кәуапханаларға бақылау күшейтілді
01 желтоқсан, 15:36
Алматы метрополитені: 14 жылда 200 миллионнан астам жолаушы
28 қараша, 11:14
"Таза Қазақстан": Алматыда экологиялық жұмыстардың аралық қорытындысы шығарылды
26 қараша, 18:40
Алматыдағы зообақты кең көлемде жаңғырту жоспарланып отыр
26 қараша, 14:07
Алматыдағы ауыз су сапасы барлық санитарлық талаптарға сай
25 қараша, 18:30
«Таза Қазақстан»: Алматының Жетісу ауданында Сейфуллин–Жансүгіров жолайырығын көгалдандыру жалғасып жатыр
18 қараша, 15:39
Түрксіб ауданы Алматының «жасыл-желегі жайқалған қала» мәртебесін нығайтып жатыр: 772 мыңнан астам ағаш егіліп, көшелер көгалданды