Қайдасың, қазақ өнертапқышы?

12 ақпан 2021, 11:48

XIX ғасырда өмір сүрген қазақтың ағартушы ұстазы Ыбырай Алтынсарин фантаст-ақын деуге әбден лайық. Алып қиялмен адамзат дамуының алдағы даңғыл жолын тап басып айтқан Жюль Верн, Айзек Азимов, Александр Беляевтардан бір кем емес. Дәлел керек пе? Мінеки:

Өнер-білім бар жұрттар
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.
Аты жоқ құр арбаны
Мың шақырым жерлерге,
Күн жарымда барғызды.
Адамды құстай ұшырды;

Мұндағы «жылдам хабар алғызу» мен «аты жоқ құр арбаның» интернет пен жүргізушісіз қозғалатын көлік немесе ұшу аппараты екенін ақынның бүгінгі ұрпағы жақсы біледі. Ақыл-ойдың озық туындысы өнерлі де білімді басқа жұрттарға көбірек тиесілі екенін де. Мүмкіндіктің молдығынан да хабардар.

Шынында да, отандық өнертапқыштың керемет дүниесімен қуантуға тиіс зерттеу орталықтары жетіп артылады. Роботтың түр-түрін жасай алатын талапты, алғыр жастар да баршылық. Былтыр пандемия алқымнан алғанда өз қолымен жасанды тыныс алу аппаратын құрастырып, атасына бірнеше күн өмір сыйлаған маңғыстаулық оқушы Ислам Жалғасбай туралы газетімізде жазғанбыз. Бұл аз десеңіз, әлемнің ең үздік университеттерінде білім алып қайтқан дипломды маманнан да кенде емеспіз. Ғылым мен цифрлық технологияның шыңына шығарамыз дейтін министрліктер де бар. Бұған қазынадан жыл сайын қомақты қаржы бөлінетінін қосыңыз.
Өрлеуге, өркендеуге барлық жағдай бар. Бірақ сол басқа жұрттар аузынан тастамай жүрген «Artificial Intelligence», яғни интеллектуалдық әлеуеттің (жасанды интеллект) жемісін қашан көреміз?» деп орынды сауалды төтесінен қойып жатқандар да жоқ емес. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де өз әріптестері секілді келер шақпен және «техникалық» тілмен сөйлейді. Оның пікірінше, Қазақстан IT-ландшафт қалыптастыратын платформалық модельге көшуі тиіс. Мұндай үлгі бизнес-процесті жеңілдету үшін қажет. Ол былай дейді: «Біз бизнес-процестердің нақты архитектурасы болатын ойын ережесі мен мемлекеттік платформаны қалыптастырғымыз келеді. Бұл автоматтандыру қызметі алты айға созылмай, бір ай болуы үшін қажет».

Б.Мусин IT-өнімді экспорттау бойынша өзге елдерден кейін қалып қойғанымызды мойындайды. Министр мұның себебін былай түсіндіреді: «Өйткені, адам капиталы жетіспейді. Қазақстанда жыл сайын 20 000 IT-маманы дайындалады. Бірақ бұл тек статистика жүзінде. Сондықтан IT нарық үшін білім министрлігімен бірлесіп, гранттық бағдарламаларды IT-мектептерге бағыттауды қарастырып жатырмыз». Осы мақсатпен өңірлерде IT-мектептер ашылатын көрінеді.
Жер-жерде ақпараттық технологияны игеруге мүмкін беретін білім ордаларын ашу құптарлық іс. Бірақ осы министрлік әлі күнге дейін онлайн-дәріс оқып жатқан балаларды толығымен интернетпен қамтамасыз ете алмай отырғанда мұндай жоба қаншалықты тиімді? Оның үстіне, министрдің өзі де растағандай, білікті IT-маманға зәру елде ондай мектептегі білімнің сапасы қандай болары да белгісіз. Әлде бұл «қаржы игерудің» тағы бір тәсілі ме?

Өнер – білім бар жұрттар ғылым мен технологияны мықтап игеруге кірісіп кетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше Біріккен Араб Әмірліктерінің мұрагер ханзадасын осы елдің ұлттық жер серігін Марсқа қондыруымен құттықтады. Туысқан Түркия 2023 жылы Айға өз кемесін ұшырмақшы. Ұшқышсыз ұшатын апаратымен бүкіл әлемге мәшһүр болған Селжүк Байрақтар түріктің Ұлттық ғарыш жобасы, әсіресе, дарынды жастардың өз білімін, ұшқыр қиялын іске асыруға таптырмас мүмкіндік екенін айтады. Илон Масктың арқасында көп мәрте пайдаланатын зымыран тасығышты дүниеге әкелген Американың жетістігі туралы да жазғанбыз. Зяң Суйесең іргесін қалаған, Айдың арғы бетіне ұшу аппаратын қондырған Қытайдағы ғарыш мектебінің толағай табысы өз алдына бөлек әңгіме. Өнерінің бабын тауып, замандас-қатарынан оза шауып, ілім-білімнің көгіне құлаш ұрған, мұндай өнертапқыштар қазақ даласында да жүр. Тек бұлақтың көзін ашатын ниет, ілкімді әрекет болмай тұр.

Ұстаз Ыбырай Алтынсарин былай дейді:

Біз де бекер жатпалық,
Осыларға таныспай;
Ат өнері білінбес,
Бәйгеге түспей жарыспай,
Желкілдеп өскен көк шөптей
Жаңа өспірім достарым,
Қатарың кетті-ау алысқа-ай,
Ұмтылыңыз қалыспай!

Срайыл Смайыл

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?