Егемен ел болғанымызға, етегімізді жинап, есімізді жинағанымызға 30 жыл болды. Отыз жылда Арыстағы әскери қоймада бір емес төрт мәрте жарылыс орын алды. Соңғы рет 2019 жылдың 24 маусымында адам өліміне әкеп соқтырған жарылыс бізге әлі сабақ болмапты. Араға екі жылды аунатып тағы да әскери қоймадан тұтанған өрт бір емес, бірнеше адамның өмірін жалмап кетті. Аңыраған ата-ана, боздаған бала, қан жұтқан жар, қайғы кемірген ағайын-жұрт қалды аңырап. Бәрінен де қаралы үйдің аза бойы қаза қазір. Өтемақы да, мың жылқыға жүк болар мақтау, марапат та адам өмірін қайтара ала ма? Салақтығымыздан осылай сорлап қалатынымыз қанша мәрте қайталанса да, сабақ алар түріміз жоқ.
Ең алдымен шейіт болған жандардың Алла алдынан жарылқап, біліп, білмей істеген күнәларын кешірсін деп тілеймін. Екіншіден, Жамбыл облысында болған жарылыстан зардап шеккен азаматтар тезірек сауығып, ортамызға оралса екен.
Өкінішке қарай, бұл келеңсіздік біздің елде тағы та қайталанып, айналып соғып отыр. Екі жыл бұрын да Арыстағы жойқын жарылыстан кейін арнайы комиссия құрылды. Тексеріс жүргізіледі, жауапты тұлғалар тиісті жазасын алады деді. Мерзімі өткен оқ-дәрінің көзі жойылып, залалсыздандыру жұмысы жүреді деді. Сол жұмыстардың қаншалықты орындалғанын, тапсырманың тап-тұйнақтай болғанын бүгін, міне, Байзақтағы жарылыстан бағамдап отырмыз.
Мұндағы басты кемшілік – бізде мерзімі өткен оқ-дәрілердің көзін құртудың технологиясы атымен жоқ. Технология болса, иісі мүңкіген снарядтар тау-тау болып жеке адамның ауласында үйіліп жата ма? Әскери білім мен ғылымның бір ізге түсіп, жолға қойылмағанының көрінісі.
Қазақстанда он жерден арнайы қойма саламыз деген дардай жоспар да болған. Қайда сол салынады деген бір емес, бірнеше қойма? Бұқаралық ақпарат құралдарында әскери қоймалардың тұрғын үйлер мен нысандарға жақын салынғаны айтылып жатыр. Керісінше, тұрғын үйлер мен нысандарды салуға әкімдіктен жер бөлушілер әскери базаларға жақындатып сызып, қоңсы етіп берген. Сондықтан да елді мекендер әскери бөлімдер секілді аса маңызды саналатын нысандарға тақалып бой көтерген. Ендігіде ұлтарақтай жер бөліп берерде де әскери базадан шалғай сызу керек. Келешекте бұл мәселені де жіті қадағалап, тереңіне бойлап қана шешім шығарған дұрыс. Қараусыздық, басымен кеткендіктен де жер бөліп беретін орындардың орашолақтығынан құрылыс жақын салынып жатыр. Мұның барлығын зерттеп, зерделеп тоқтатамыз, жүйелейміз деген. Бірақ карантиндік шектеу шідер салды, пандемия пәрмен бермеді деп сылтау айтады құзырлы мекемелер.
Әлемді жайлаған ауруды желеу етпей іске көшкенде, тәртіп орнап, жүйеленгенде, мүмкін мұндай апат тұтанбас еді.
Болашақта жерді бөліп бергенде, өздігінен меншіктеп алып үй салушыларға осы жағын баса ескертіп, ретке келтіріп отыру керек.
Түптеп келгенде, мұның барлығы да осы саладағы білімсіздіктің, біліксіздіктің өлшемі болып отыр. Білімді адам, білікті маман жауапкершіліктің салмағын сезінеді, түйсінеді. Қазір болары болып, бояуы сіңіп, апат орын алғаннан кейін біріне бірі сілтеп, жауапкершіліктен басын алып қашуға бейіл. Сен айыптысың деп кінә артудың реті жоқ. Сарапшылар да мұнда жемқорлықтың, диверсияның иісі аңқиды деп жатыр. Қайсысы болса да, ар жағында жауапкершілік тұрғанда мұндай оқиға орын алмас еді. Әскери тәртіп темірдей тәртіптің бастауы еді. Қазір әскери тәртіп түгілі, қарапайым ортадағы тәртіпті түзей алмай жүріп, азуымызды айға білейміз.
Мұндай апаттың алдын алып, келешекте болдырмас үшін, тағы да қайталап айтамын, әскери білімнің дәрежесін арттырып, деңгейін көтеру керек. Әскери саланың әр тармағы биынша тиісті мамандарды даярлауды қолға алу шетін мәселе, көп күттірмей іске қосқан абзал. Оқ-дәрілерді сақтау, даярлау, қолдану, оларды жоюдың технологиясы бойынша мамандардың біліктілігін арттыру керек.
Отыз жылдың ішінде бір емес, бірнеше мәрте жарылыс болды. Арыстағы жағдайдан кейін оқ-дәрі қоймалары мен әскери базаларді тексеріп, жұмысына қадағалау жүргізгенде жауапты тұлғалардың қызметін өзгертіп, өткел үстінде ат ауыстырып кеткендері де бар.
Әскери қызметкерлердің қай жағынан да жағдайы жасалуы керек. Әскер – мемлекеттің қорғаны. Өрт сөндірушілер де сондай. Олардың өмірінің қауіпсіздігі аса маңызды. Осыны естен шығармаған жөн. Ендігі жерде мұндай жарылыс болмас үшін, апат айналып соқпасын десек, әскери саланың білімі мен біліктілігін көтеруге баса мән беруіміз керек. Тексеріс, қатаң қадағалау, темірдей тәртіп орнағанда мұндай апат болмас еді.
Дархан Мыңбай,
Мәжіліс депутаты