Қай өңірде алкогольге тәуелді тұрғын көп?

04 қантар, 18:20

Құрылыс компаниясы бас директорының орынбасары , ақшаны күреп тапқан Данияр жаңа жылды араққа құмар дертінен емдейтін орталықта қарсы алады. 36 жастағы жігіт Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталықта емделіп жатыр. Ол бір ай бойы ауыз құрғатпай ащы су ішіпті. Өзінің не істеп қойғаны, үйінде дау-жанжал шығарғаны есінде жоқ. Өзін-өзі басқару қабілетінен айырылған маскүнемді туыстары емдеу мекемесіне алып келіпті. Емделушінің өтініші бойынша аты-жөнін өзгерттік. Даниярдың дерті спиртті сусындарға тәуелділік.
-Біздің компания Алматыда бірнеше көпқабатты үй салды. Табысым қомақты, ең қымбат баспана, өзім армандаған бес көлігім болды. Үш жылда ата-анамның түсіне кірмеген жетістікке қол жеткіздім. Бір күні әріптесім казиноға шақырды. Ойын ережелерін үйретті. Бірақ сол күні ойынханаға қайтып келемін деген ой болған жоқ. Бір күні жұмыстан шығып, өзім ойнап көргім келді. Қонаев қаласына бардым. Ойынханаға 43 мың теңге тігіп, 4 миллион теңгеге жуық ақша ұттым. Оңай олжаға кенелгеннен кейін сол жаққа күнде магниттей бір күш тартып тұрады . Бала-шағаны, отбасымды ойлауға мұрша жоқ. Бес айда көліктерімді, баспанамды, жер телімдерін ойынға тігіп, отбасыммен далада қалдық. Лудоман, араққа құмар адамға айналдым. Алғаш емделгеннен кейін 4 жылға жуық ащы суды ішпедім. Өкінішке қарай -ойынқұмарлықтан құтылу мүмкін емес. Ағам мені түрмеге бірнеше тәулікке қамады, өзім тәрбиелеген бауырларым ұрды. Абырой, беделден , қызметтен айырылдым,- дейді Данияр.

Жақында інісінің көлігін уақытша сұрап, оны да ойынға тігіп жіберген. Қалтасы қағылып, арақты қанша күн ішкені есінде жоқ. Маскүнемдік, ойынқұмарлықтың шырмауында жүрген Данияр қолы, иегі дірілдеп, есінен айырылғанда өзін бұл дерттен құтқаратын орталықты іздеп келген.
-Таңертең ұйқымнан оянып, қолдарым дірілдеп жатыр. Бір литр арақ сатып алғаным есімде. Мас күйде өз-өзіме қол жұмсаймын деп балаларым мен әйелімді әбден мазалаппын. Маған осы жер тыныштық сыйлайды. Жаңа жылды орталықта қарсы аламын. Себебі, мереке күндері қонаққа барып, тағы ащы суды ұрттап қоямын деп қорқамын,- деп емделуші желкесін қасыды.

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталықта емделушінің айтуынша психологтар, медицина қызметкерлері ғана оның жан-дүниесін түсінеді. Лудоман, маскүнем жігіт бұл кеселден құтылып, айығып кету үшін уақыт, шыдамдылық және еркінен тыс құмарлыққа қарсы тұратын ерік , жігер керек дейді.
Республикалық психикалық денсаулық ғылыми -практикалық орталықтың психологы Орынхан Мейірханұлының айтуынша елімізде биыл алкоголь сусындарына тәуелді 90 416 тұрғын динамикалық бақылауға алынған. Былтырғы статистикалық көрсеткішпен салыстырғанда науқастардың саны биыл 0,2% көбейген.
-Динамикалық бақылауға алынған тұрғындардың тізімінде Павлодар облысы көш бастап тұр. Осы өңірдің 6767 тұрғыны маскүнемдіктен емделу үшін динамикалық бақылауға алынған. Шығыс Қазақстан облысында 6082, Абай облысында – 5613, Солтүстік Қазақстан облысында 5451 адам ащы суға тәуелділіктің құрсауында,- дейді Орынхан Мейірханұлы .

Орталықтың мәліметінше, ішімдікке әуес адамдар ең аз тіркелген өңір Маңғыстау облысында 1241 адамның денсаулығы дәрігерлердің бақылауында. Алматы облысында 2549 , Алматы қаласында 3452 тұрғын динамикалық бақылаудың тізімінде тұр.

Мамандар мереке күндері ішімдіктен бас тартуға кеңес береді. Оның қауіптілігі жүрек -қан тамырлары зардап шегеді және шамадан тыс тұтынған адам инфаркт дертіне шалдығып, төсекке таңылуы мүмкін. Іш құрылысы, жүйкесі зақымданады. Алкоголь психикаға эйфориялық әсер етіп, агрессияны ушықтырып, ашу-ызасын қоздыру, елестер көру сияқты адам бойын жағымсыз қылықтар билейді. Бұған қоса , ішкілікке бой үйреткен адам ішпесе тұра алмайтын күйге түседі. Ол бір сылтау тауып ішудің жолын іздейді. Тәуелділік өршіген сайын мінезі өзгереді. Өтірік айтады, жұмысқа қабілеті жоғалады, отбасына деген жауапкершіліктен жұрдай болады. Әрі қарай мастығы тарқағанда қалтырайды, ұйқысы қашады, өзінен –өзі үрей құшағында жүреді. Араққа құмарлықтың алдын-алудың жалғыз жолы оны ұрттап ауызға алмау дейді психолог.

Жазира Бегалы, журналист

01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу