Қағынан жеріген құландай немесе аралас мектеп кімге керек?

29 қантар 2021, 12:52

Елден келген Есенбай Көкшетау қаласындағы жиенінің үйіне ат басын тіреген. Шай ішіп, ес жиған соң қара домалақтарға көңіл аударған. Әуелі биыл жетіге толған Жәдігерді шақырды. Ауыл шалдарының кейінгіге күлкілі болып көрінетін әдетімен күректей алақанын жайып насыбай сұраған. Жетіге толған Жәдігер аталарының бұл әдетінен хабарсыз екен.

– Что такое? – деп ата сақалы аузына шыққан нағашысына аңтарыла қарады. Ауылдағы аяғын апыл-тапыл басып келе жатқан балалардың бәрі білетін әлгі ырымды жетіге толып жігіт болып қалған Жәдігердің білмегеніне нағашысы аң-таң. Оның үстіне орыс тілінде тіл қатып тұр.

– Ой, мыналарың мектепте қай тілде оқиды?

– Қазақ тілінде, нағашы ата.

– Енді неге орыс тілінде сөйлеп тұр?!

– Е, бұлардың бәрі осылай, жалғыз Жәдігер емес, Көкшетаудағы мұқым қазақ балаларының бәрі дерлік орыс тілінде сөйлейді.

– Қойшы, неғып?!

– Мұндағы мектептің көбі аралас мектептер ғой, нағашы ата, – деді жиені, – аралас мектепте оқыған соң осылай болады. Мектепте, мектептен кейін бірге ойнағанда бәрі орыс тілінде сөйлейді. Сөйлегені былай тұрсын, сол тілде ойлайды. Үйде де солай, тіліміз талғанша айтып, жағымыз қарысқанша ұрсып көндіре алмадық.

Елден келген Есенбай тұңғиық ойдың түбіне сүңгіген. Бұл қалай болғаны? Ел егемендік алғалы табаны күректей отыз жыл. Отыз жылдан бері көбесі сөгілмей келе жатқан неткен қасірет.
Сөйтсе, ағымдағы оқу жылында облыстағы білім ошақтарында 130 мың оқушы білім алып жатыр екен. Оның ішінде жергілікті ұлт балаларының саны – 82 936. Осы оқушылардың 21 700-і орыс тілінде оқиды, ал өзге ұлт өкілдері балаларының 762-і ғана қазақ тілінде оқиды.

Оған аралас мектептерде оқитын жергілікті ұлт өкілдерін қоссаңыз, орыс тілі орғып тұрған өлкеде Тәуелсіздік алғалы отыз жыл өтсе де, қазақ тілінің кірпігі әзер қимылдап тұрғанын аңғарар едіңіз. Облыстағы 555 жалпы білім беретін мектептің, 159-ы ғана таза қазақ мектебі. Аралас мектептің саны– 218. Бұл мектептерді де ойланбастан, орыс тілінде білім беретін мектептерге қоса салуға әбден болады. Аралас мектептердегі жеткіншектердің үзілісте де, сабақ үстінде де орыс тілінде сөйлейтіндігін елдің бәрі біледі.

Көкшетау қаласында небәрі үш мектеп қана таза қазақ тілінде, қалғандары орыс тілінде білім беретін немесе аралас мектептер.

«Аралас мектептерді мүмкіндігінше азайту керек. Тек қазақ тілінде білім беретін мектепке айналмай, көсегеміз көгермейді. Ауылдық жерде оған мүмкіндік болмауы ғажап емес, ал облыс орталығында мұндай мүмкіндік әбден бар. Әне бір жылдары осындай мәселе жиі көтерілетін. № 6 мектепті таза қазақ тілді білім ошағына айналдыру туралы бастама аяғына дейін жеткізілмеді. Өзге ұлт өкілдерін өкпелетіп аламыз ба деп тайсақтадық. Бұл білім ошағының дәл жанында № 5 және № 2 мектептер бар. Қаланың қақ орталығындағы білім ошақтары. Орыс тілінде білім алғысы келген, осы ауданда тұратын оқушыларға тіпті де алыс емес. Тәп-тәуір басталған талпыныстың соңы нәтижелі болмай қалды», – дейді білім саласының ардагері Ырысбек Таңатаров.
Қалалық білім бөлімінің меңгерушісі Дина Башарованың айтуына қарағанда, облыс орталығындағы №19 мектеп келер жылдан бастап таза қазақ тілінде білім беретін мектепке ауыспақ. Қазір құжаттары дайындалып жатқан көрінеді. Бірақ ата-аналардың пайымдауынша, қордаланып қалған мәселені түбегейлі шешуге әлі ерте.

Аралас мектептің алысқа апармайтындығын ата-аналар да айқын аңғаруда. Қазақ сыныптарында оқитын оқушылар отбасында да, білім ошағында да орыс тілінде сөйлейді. Демек қазақ сыныптарындағы оқушылардың өз тілдерін еркін меңгеру жайына күдікпен қарауға әбден болады.

Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевтің айтуынша, кешегі кеңес заманында орыс тілінде білім алмаған адамның болашағы жоқ деген ұғым болды. Мектепте мұғалім болдық, мектеп директоры болып қызмет еттік, аудандық білім бөлімін басқардық, сол кезде дәл осындай пікірдің кең етек жайғанын жақсы білеміз. Бірақ қазақ тілінде білім алған бала далада қалады деу– түбірімен қате. Арғы-бергі ел тарихын екшесеңіз, алысқа бармай-ақ, осы Көкшетау төңірегінде аты шыққан жақсы мен жайсаңның қазақ тілінде оқып білім алғандығын жақсы білеміз. Биылғы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру» деп атап көрсетілді. Ұлт сапасы жас толқын ұлт тілінде, өз тілінің мәйегінен нәр алғанда ғана артатындығы мәлім. Әрине, біз орыс тілінде білім алып жатқан қазақ балаларын кінәлаудан аулақпыз. Бірақ солай бола тұра, уыздарынан жарығандары дұрыс болатын еді. Бәлкім, рухани жаңғырудың біз елеп-ескермей жатқан бір қайнар бұлағы осы жерде шығар. Ұлттық құндылықтарды өз тілінде меңгермеген адамнан ұлт қамын жейтін азамат қалыптастыру өте қиын. Жаман тұмау жолымызды жаппай тұрғанда қалалық ардагерлер кеңесі еңбек ардагерлерін, айтар пікірі бар аға буын өкілдерін жас ұрпақпен жиі жүздестіріп тұрушы едік. Сол кезде туған топырағына жан-тәнімен адал қызмет еткен адамдардың басым көпшілігі, бәлкім, түгел дерлігі өз тілінде тәлім-тәрбие алған азаматтар екендігін көзімізбен көріп жүрміз. Ана тілі ананың сүті тәрізді, сәбиінен сүйегіне дарыса ғана жұғымды болмақ.

Енді осы қаны шығып тұрған мәселенің түп-тамырына үңіліп қарайықшы. Тақырыпты қаузап ізденгенімізде, кеңес заманында орыс тілін озық көрген буынның әлі күнге дейін үзілмей келе жатқандығында жатыр. Нақтырақ айтсақ, алдымен, ата-аналарының өздері өз тілдерін еркін білмейді. Мәселенің мәнісі осы!

«Немеремді қазақ тілінде білім беретін мектепке берейін-ақ деп едім, бірақ бала мен келін менің ұсынысымды қоштай қоймады, өзіміз кінәліміз. Кешегі кеңес заманында қызметсіз қалмасын, болашағына әсер етпесін деп балаларымызды орыс тілінде оқытып едік. Бұлай боларын кім білген. Енді бала да, келін де қазақша білмеген соң, немеремді қазақ тілінде білім беретін мектепке берсек, сабақ оқыған кезде көмектесе алмаймыз деп азар да безер болады. Амал жоқ, орыс тілінде білім беретін мектепке беруге мәжбүр болдық», – дейді қала тұрғыны Алпыс Уәлиев.
Міне, осылай сабақтаса берсе, жергілікті ұлт өкілдерінің өз тілін меңгеру мәселесі таяу арада шешіле қоймайды екен. Өйткені облыстағы 601 мектепке дейінгі мекемелерде де дәл осындай көрініс бар. Олар ертең тағы да «қағынан жеріген құландай» өз тілдерінен өздері жеріп, өзге тілді өмірлеріне серік етпек.

Өз тілін өзі менсінбеудің тағы бір сорабы, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу жайына байланысты.

«Шынын айту керек, қазақ тіліндегі құжаттар дайындалғанымен, басшылар оны оқымайды да, қолдарын да қоймайды. Әйтеуір, талапты орындау үшін, заңды бұзбау үшін осылай істейді. Құжаттың бәрі орыс тілінде дайындалады да, ішінара қазақ тіліне аударылады. Іс қағаздарын ең алдымен қазақ тілінде дайындасақ қана үстем болмаған күннің өзінде терезесі теңесіп қалар еді. Оның үстіне мемлекеттік қызметшілердің барлығы дерлік орыс тілінде сөйлеседі. Демек әлі де жергілікті ұлт тілі кәдеге аспай жатыр. Оны сол мемлекеттік қызметте істейтін жастар көріп отыр ғой. Сосын қазақ тілінің болашағына күмәнмен қарайды, керексіз деп ойлайды», – дейді мемлекеттік қызметші Берік Қазбеков.

Тіл тұғырын биіктету үшін әлі де талай жұмысты атқаруға тиістіміз. Соның ішінде ең алдымен аралас мектептерді азайтып, таза жергілікті ұлт тілінде білім беретін білім ошақтарының санын көбейту. Сәбидің санасына сіңбеген тіл сәуле шашпайды.

Сәбидің тілі қай тілде шықса, солай қалыптасады. Тіршілік қағидасы. Ақмола облысында 614 балабақша бар. Жергілікті ұлт өкілдері перзенттерінің 63,3 проценті ғана қазақ топтарына барады. Білім ошақтарының жалпы саны – 560. Оның ішінде аралас мектептер саны 217 болса, орыс тілінде тәлім-тәрбие беретін білім ошақтары -184. Ал таза қазақ тіліндегі мектептер небары 159 ғана.

Бастауыш сынып мұғалімі Роза Қайыржанова «Бұл өзі бір кезде амалсыздықтан туған қадам болатын. Облыс орталығында кешегі кеңес заманында жалғыз-ақ жергілікті ұлт тілінде балабақша болды. Қазақ тілінде білім беретін екі-ақ мектеп-интернат. Екеуінде де ауыл балалары оқитын. Ал қалада тұратын қазақтардың балалары жүз пайыз орыс тілінде білім алды. Кейін қазақ тіліндегі мектептердің санын көбейтуге талпыныс жасалды. № 6 орта мектепті таза қазақша білім ошағына айналдырамыз деген кезде өкпе-реніш айтылып, бастама басылып қалды. Кейін бұл тараптан ұмтылыс бола қойған жоқ. Амалсыздан орыс мектептерінің жанынан бастауыш сыныптар ашылды. Жоқтан тәуір. Бірақ мұндай мектептерде білім алатын қазақ балаларының қай тілге жақын екендігін елдің бәрі біледі. Егер балалар өз тілінде таза сөйлесін десеңіз, онда аралас мектептен арылатын жағдай жасау керек», – дейді.

Ұстаз айтса айтқандай, мұндай мектептерде оқитын қазақ балаларының тілі орысшаға жақын, үйір. Үзілісте, ойын кезінде кілең орыс тілінде сөйлейді. Демек пайызға шаққанда, аралас білім ошақтарында тәлім-тәрбие алып жатқан жергілікті ұлттың өрендерін орыс тілді деп есептесеңіз де артық емес.

Бір есептен балаларының орыс тілінде білім алуына ата-аналардың, әсіресе жас отбасылардың өздері ынталы. Мәселен, Көкшетау қаласындағы №13 аралас тілде білім беретін мектеп-гимназияда үстіміздегі оқу жылында білім ошағының табалдырығын аттаған жеті орыс сыныбы, жалғыз қазақ сыныбы бар. Бастауыш орыс тілінде тәлім-тәрбие беретін сыныптарда оқитын оқушылардың дені – қазақ балалары.

«Оқу жылының алдында оқушыларды сыныптарға бөлген кезімізде ата-аналар көбіне орыс тілді сыныптарды қалайды. Себебін сұрап көрсек, үйде сабақтарына көмектесе алмаймыз дейді. Өйткені жас ата-аналардың өздері өз ана тілдерін білмейді ғой. Тіл проблемасы осылайша кәдімгі Мақта қыздың ертегісі сияқты бір-бірімен сабақтасып жатыр», – дейді Роза Нығметқызы.
Шын ниетті адамдардың сұранысы қанағаттандырылмайтын да жай бар. Ол өздері тұратын мекенжайда жергілікті ұлт тілінде тәлім-тәрбие беретін мектептің болмауы.

«Облыс орталығындағы №1 орта мектептің қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін сыныбына тұңғыш немеремізді беріп едік. Қазір азын-аулақ қазақшасын ұмытып, орыс тілінде сөйлейтін болып алды. №3 қазақ орта мектебіне беруге мүмкіндік болмай тұр. Қаладағы қазақ мектептерінің санын әлдеқашан көбейту керек еді. Жергілікті ұлт тіліндегі айналдырған үш мектеп оқушының көптігінен лық толып тұр. Қазіргі күні тілге сұраныстың өсіп келе жатқандығын көріп отырмыз. Тәуелсіздік алғалы да талай жыл өтті. Жаңа салынып жатқан білім ошақтарын егер ол ауданда орыс тілді немесе аралас білім беретін мектептер болса, таза қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін мектепке айналдыруға әбден болар еді ғой», – дейді қала тұрғыны Абзал Қасымбаев.
Облыстағы кәсіптік-техникалық білім беретін колледждердің саны 33 болса, оның ішінде 26-сы білім алушыларға екі тілде білім береді. Таза орыс тілінде 5 колледж жұмыс істейді. Қағажу қалған қазақ тілінде небәрі екі колледж жұмыс істеп тұр. Сонда қуаты мол, сөздің қоры телегей-теңіз қазақ тілі жастардың белгілі бір кәсіпті игеруіне қауқары жетпейтін болғаны ма?! Шынымен, тіліміздің тұғырын биіктету үшін бар күш-жігерімізді жұмсайтын болсақ, ең құрығанда, ел ертеңі – жастардың өз ана тілдерінде оқып, кәсіп игеруіне жағдай жасар едік қой.

Білім ошақтарындағы қалыптасып отырған жағдай осылай болғанда, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуде мүлде сорақы жағдай қалыптасып отырған мекемелер де аз емес. Мәселен, аумақтық департаменттер мен ведомстволардың мемлекеттік тілде іс жүргізу бағытына жасалған сараптамаға көз жүгіртіп көрелік. Мемлекеттік тілде іс жүргізу деңгейі облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы 62,7, облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті 55,78, су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясы 38,89 пайыз ғана. Жасыратыны жоқ, қазақ тіліндегі іс қағаздары, әйтеуір пайыз қуалау немесе жүргізілмеді деп айтпасын деген күлдібадам кейіпте. Кейбір басшылар қазақ тіліндегі бұйрықтар мен анықтама нұсқауларға қолдарын да қоймайды. Негізгісі – орыс тілінде. Алдымен, мәтін орыс тілінде жазылады да, заң талабын орындау үшін қазақ тіліне аударылады. Осындай көзқарас бар жерде қазақ тілінің көсегесі таяуда арада көгереді деп айту қиын.

Қазақ тілінің бұл өңірде алпыс екі тамырына қан жүгірмей жатқаны ең алдымен жоғарыда біз айтып өткен мектепке дейінгі мекемелер мен білім ошақтарының орыс тілді болып, сіресіп тұрғандығында. Сең қашан бұзылар екен?!.

Енді аралас мектептердің өмірге келу жайы туралы сөз сабақтап, бастан жақты айырғандай етіп түсіндірейік. 1990 жылдардағы жағдайды аға буын өкілдері жақсы біледі. Бұл кезде қазақ тілі білім ошақтарының төріне, төріңіз не, босағасына ене алмай жаутаңдап тұрған шақ еді ғой. Жазықсыз адамдардың тау болып үйілген сүйегінің, өзен болып аққан көз жасының үстіне тұрғызылған қызыл империяның өктемшіл, озбыр саясаты шағын ұлттар мен ұлыстардың рухын жасытып, тілі мен ділін жоюға сынық сүйем ғана қалған еді. Аралас мектеп туралы әңгіме қаузағанда, алдымен, облыс орталығындағы мектептерге сыналап, қазақ тілін енгізу қажет болды. Бесігінде тұншығып жатқан қазақ тілінің, қазақ тілінде білім беретін сыныптың басын дауға қалдырмау үшін. Өз тілімізде оқимыз деп айтудың өзіне ерлік керек болған заман-ай, десеңізші. Оның өзінде де қазақ сыныптарына қолайсыздау орын бөлінетін жағдайлар да кездесті. Тіпті оларға дәретхананың жанынан бөлме берілгендігі туралы ақпараттар жетіп жатты. Біртіндеп соның барлығы жөнге қойылды. Аралас мектеп шын мәнінде, өзінің тарихи миссиясын аяқтап шықты. Әуел баста амалсыздан жасалған қадам еді. Оның зияндылығын, тәлім-тәрбие процесінің дәл ұлттық мектептегідей жүргізілмейтіндігін, әрине, ел кейін білді. Бірақ бұдан басқа амал болмаған. Таза ұлттық мектеп ашуға уақыт керек еді. Әрі мұндай мәселе қою ол кезде мүмкін емес шаруа болатын.

«Кеңес заманында мектепке дейінгі мекемелердің де жағдайы сын көтермейтін. Облыс орталығында жергілікті ұлт тілінде тәлім-тәрбие беретін бірде-бір балабақша болған жоқ. Жаста берген тәрбие жас қайыңды игенмен бірдей екендігін санамызбен салмақтап, жүрегімізбен түйсінгенімізбен қолдан келер дәрмен аз. «Әсел» балабақшасын ашу кезінде ұлтжанды азаматтардың ересен қажыр-қайраты қажет болды. Менің ойымша, аралас балабақшаларында ұлттық тәлім-тәрбие беру, ана тілін оқытып, үйрету қисынсыз шаруа. Екі топ араласпай тұра ма. Сондай сәттерде негізінен, балалар орыс тілінде сөйлеуге бейім. Демек аты ұлттық болғанымен, мазмұны өзгеше қойыртпақ топ болып шығады», – дейді білім саласының ардагері Телман Мұқышев.

Енді аралас мектептерден біртіндеп құтылған жөн. Көкшетауда бір-бірімен жап-жақын тұрған бірнеше мектептер бар. Мәселен, Жұмағали Саин көшесінің бойындағы №11,13 орта мектептердің арасы жүз-ақ қадам жер. Бір-біріне тиіп тұр десе де болғандай. Осы мектептердің біреуін таза қазақ мектебіне ауыстыруға болмай ма? Бұл жерде өзге ұлт өкілдерінің мүддесіне ешқандай кесірі тимес еді. Есесіне, тағы бір ұлттық мектепке ие болып, жас ұрпақ қазақылана түсер еді. М.Сағдиев көшесіндегі №5 және №6 орта мектептер де аралас. Осы мектептердің біреуін жергілікті ұлт тілінде білім беретін мектепке айналдырудың қаншалықты қиындығы бар. Әне бір кезде №11 орта мектепті жергілікті ұлт тілінде білім беретін мектепке айналдырамыз деген кезде қазақ тілінде сабақ беретін мұғалімдер жоқ деген қисынсыз сылтау айтылған. Бұл сыныққа сылтау іздеу. Әйтпесе, облыс орталығындағы бірнеше жоғары оқу орындары жыл сайын жүздеген мұғалімді дайындап жатыр емес пе? Олардың ішінде жұмыс таба алмай жүргендері қаншама!
Солтүстік өңірде өз тіліміз өре бойы озуы үшін аралас мектептерден біртіндеп арылған дұрыс болар ма еді.

Байкен Көбеев,
Ақмола облысы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?