Қабырғалы қағидат

11 қараша 2022, 12:16

Ұлттық мүдде – ауқымы кең ұғым. Өзгенің дүниесіне телміртпейтін отандық өнімнің көп болуы – ұлттық мүдденің мықтап қорғалуы. Биыл сауда соғысы өршіп, қарапайым заттар қат дүниеге айналғанда айрықша сезілді. Қаймақ құятын қалбыр тапшылығы бағаның шарықтауына әкеп соқты. Өткен жетіде сүт өнімдерін өндірушілер жұрттың қалтасын қаққан қымбатшылықты осылай түсіндіруге тырысты. Қалбыр – жұқа пластмасса. Ол да бізге шеттен келеді. Елеулі бөлігі Ресейден. Жергілікті өндіруші жоқ емес. Бар. Бірақ аз. Терістік көршіні санкция қыспаққа алғалы отандық тамақ өнеркәсібі де «Кісідегінің кілті аспанда» дейтін қазақ тәмсілін еріксіз ауызға алуға мәжбүр.

Сол пластмасса немесе пластик бұйым мұнаймен бірге шығатын ілеспе газдан, нақтырақ айтсақ, полипропиленнен жасалады. Күнделікті тұрмыста қолданылатын пластик ыдыс-аяқ, қорап, кеңсенің керек-жарағы, машина жасау, құрылыс, тоқыма, көлік, тамақ өнеркәсібі, медицина бұйымдары, ойыншық пен жиһаз да осы шикізаттан жасалатынын еске салу артық етпес.
«Кеше тек шикізат шығарушы едік. Бүгін дайын бұйым жасай бастадық», – деп мақтанышпен айтатын күнге жеткендейміз. Мемлекет басшысының Атырау сапары кезінде елімізде полипропилен өндіретін алғашқы өндіріс ошағы іске қосылды. Осылайша, Ұлттық экономиканың беломыртқасы болып тұрған мұнай-газ химиясы саласында алып жоба жүзеге асырылды. «Kazakhstan Petrochemical Indastries» (KPI) зауыты жыл сайын 500 мың тонна (әлемдік өндірістің 1 пайызы) өнім береді. Көрсеткіш Әзірбайжан, Өзбекстан және Түрікменстанда өндірілген өнімнің жалпы көлемінен асып түседі. Жобаның екінші сатысына көшкенде кешенде шығарылған 800 мың тонна полиэтилен тұтынушыға жол тартады. Полипропиленге қажетті шикізат – пропан Теңіз кенішінен жеткізілуде.

Айта кеткен жөн, кешен өнеркәсібі өзгелерден көш ілгері тұрған мемлекеттердегі кластер тәсілін іске асыруға да мүмкіндік береді. Енді өндіріс ошағы маңына шоғырланатын шағын және орта кәсіпкерлікті дамытса, жаңа жұмыс орындарын ашуға, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға сеп болар еді.

Болашақта жоғары сапалы полипропиленнің 65 түрін (марка) өндіретін кәсіпорын полиэтиленге қоса бутадиен шығаруды да қолға алмақшы. Бұл талайдан бері айтылып та, жазылып жүрген қарапайым затты алыстан арқалаудан құтқарып қана қоймайды. Сонымен қатар, ішкі нарықтың сұранысын (50 мың тонна) қамтамасыз етіп, қалғанын (90 пайыз) сыртта саудалауға да мүмкіндік береді. Тіршілікке аса қажет өнім жасалатын шикізат Қытай, Түркия, Еуропа мен ТМД елдеріне жөнелтіледі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңір жұртшылығымен кездесуде аймақтың экономикасын әртараптандыру қажеттігін атап өтті. Атырау облысы мұнай мен газды терең өңдейтін орталыққа айналуы тиіс. Полипропилен өндіретін кешеннің іске қосылуы – осы бағыттағы маңызды қадам. Аймақта мұнай-химия кластерін құрудың бірінші кезеңі осылай жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы еліміздің көмірсутегі шикізаты қоры бойынша алдыңғы жиырма мемлекеттің қатарына кіретінін, соған қарамастан, мұнай-химия өнімдерінің 95 пайызына жуығын шеттен әкелінетінін айта келе: «Бұл – дұрыс емес. Біз ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете аламыз. Тіпті сыртқы нарықтарға шығуға мүмкіндік бар. Мұнай-химия кәсіпорындары инвестиция салуға өте қолайлы. Әлемде олардың өніміне сұраныс жоғары және бұл сұраныс арта береді», – деді.
«Қара алтын» мен «көгілдір отын» ауылындағы оң өзгерістің лебі ұлттық экономиканың сан-салалы буындарына үлгі болып, әсіресе, жылдар бойы жүдеу хәлден арылмаған жеңіл өнеркәсіптің бойына қан жүгіртуі тиіс. Сонда ғана басқаның бұйымына бағынышты болмай, «Өзіміздікі өзіме жетеді» деп мақтанышпен айта аламыз. Ұлттық мүдденің қабырғалы қағидаты да осы болса керек.

Срайыл Смайыл

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген