«Аш бала тоқ баламен ойнамайды, Тоқ бала аш қалам деп ойламайды». Бүлдіршін кезімізде осы мақалды тура мағынасында түсінетін едік. Қазір санамыздағы аш бала мен тоқ баланың тағдыры мүлде өзгеріп кеткендей. Тоқ бала – байлар мен қалтасы қалың шенеуніктер. Ал аш бала – үй-күйсіз жұрт болып елестей береді. Мұны неге айтып отырмыз?
Езуіміздегі емеурінге себепкер болған әңгімеге оралайық. Астанада жас жұбайлар тойға жиған ақшасына мектеп-интернаттың залында дастархан жайып, оқушы балалардың арасында өздері ғана атап өтіпті. Сағатына 100 доллар төлеп, шұбалған қымбат көліктер жалдамаған. Ақ көйлек, көк кәстөм кимеген. Құстың сүті, жылқының өтінен өзгенің бәрін салатын дастархан жаймаған. Ысырапқа бармай, өз қалауымен, осындай қарапайым етіп атап өтуді жөн көріпті. Сүйсінбей көріңіз, қане?!
Ал фонограммамен жұртты алдап, 7-10 мың доллар бермесе, тойға бармайтын әншілерді шақырмапты да. Толқын тербеген жағажайда көл-көсір демалысының суреттерін әлеуметтік желіге жүктеп, жұрттың жүйкесіне тигендерді маңайына жолатпапты. Олардың осы деңгейге жетуі – қара орман халықтың арқасы емес пе еді?! Олар соны түсінбей ме? Түсінеді. Бірақ түйсігіне жетпейтін сияқты.
Қайсібір әнші келіншек инстаграмдағы парақшасымен күніне бірнеше миллион теңге табады екен. Оны мақтанып тұрып айтты бір сұхбатында. Сол ханымның да жетімді жебеп, жоқты демеп жүргенін көрген пенде жоқ. Керісінше, көпбалалы аналар балапанының жөргегіне тиын таппай жүргенде, ол бетіне бірнеше мың доллардың кремін жағып тастап, әлеуметтік желіде ән салып отыр.
Әнші демекші, Тәжікстанда эстраданың ең танымалы өкілі туған күнін дүркіретіп тойлап, аста-төк ысырапшылыққа жол бергені үшін жауапқа тартылған. Айыппұл төледі. Оларда заң солай. Бізде ше? Бізде аса танымалы әнші жігіт шығармашылық кешіне Ресейдің жұлдыздарын шақырған былтыр. Дуэт болып ән айтты. Ақшасын алайда-былай да шашты. Бірақ оған ешкім айыппұл салған жоқ. Жыл сайын бай-бағландардың туған күніне Ресей түгілі, Америкадан ең танымалы әнші-әртістер келіп, миллиондап ақша әкетіп жатады. Оларға да «Әй, мұның не?» деген, тым болмаса салыққа тиесілі қаражатын алып қалған бір құзырлы мекемені байқамадық.
Өзіміз әртіс шақыратын сол шетеліңізде байлар мен миллиондап ақша табатын әншілер жетімдерге, кедейлер мен балалы-шағалы отбасыларға көмектесіп тұратын жазылмаған дәстүр бар дейді. Қоғам солай қалыптастырған. Біздегідей емес. Жасаған жақсылығын бұлданбайды. Жарнамаламайды. Ал біздің байшыкештер ақшадан қала салып жатса да, қайырымдылыққа сараң. Кедейге берген он тиынына кергиді. Ал әнін өзі түгілі өзге түсінбейтін жатжұрттыққа берген он миллионына іші ашымайды. Неге? Бұл да байыбына бара алмайтын бір жұмбақ. Ал тойда тегін табыс тауып жүргенін білсе де, салық төлеуді білмейтіндер жүздеп саналады. Ақшаны «маңдай термен таптық» дейді. Бірақ тердің иісін сезбейсіз. Бұлардың жанында тойын топалаңа айналдырмай, табысын балалармен бөліскен жас жұбайлар әлдеқайда бақытты.
Астанадағы екі жас жомарттық танытты. Дастарханын мектеп-интернаттың залына жаймағанда, балаларға базарлық үлестірмегенде, бәлкім, оқушылар сырттан сыйлық ұсынатын әлдебір діни ағым өкілдерінің жылы сөзіне әріп сала беруі де мүмкін ғой. Мейірім мен ықыласқа зәру балалардың тез алданып, арбалып қалатын жағдайлары өте көп. Ондай мысалдың шет- жағасын түу алыстан емес, Жетісу жеріндегі бір мектеп-интернаттағы тосын оқиғадан көрдік.
Жетім де жетілер. Көпбалалы үйде өскен сары ауыз балапандар ертең-ақ ел ісіне араласатын ершіл азамат болар. Ал асқақтап жүрген анау әншілерден әр таяр, фонограммаға да тыйым салынар. Кезекті дүние – кезбелі дәулет бұл!
Жарас Кемелжан