Бірер күн бұрын ақпарат айдынында коронавирусқа қатысты мультфильм пайда болды. Онда Қытайда күйдірген саздан (терракот) жасалған жауынгер мен Америкадағы Бостандық ескерткіші айтысқа түседі. Бұл – кеселге қатысты мәліметті «жасырып қалды» деп айыптаған Вашингтонға Бейжіңнің берген жауабы. Шағын бейнетуындыда қытай билігінің карантин енгізіп, жұртты жаппай оқшаулауы «демократияға жат» әрекет деп бағаланады.
Сол кезде жер-жердегі құқық қорғаушылар мұны «адам еркіндігін шектеу» деп айқай салды. Бір қызығы, көп өтпей, АҚШ пен Еуропада карантин енгізіліп, тұрғындар үйден шыға алмай қалғанда әлгі аттан салғыштар сап тыйылды.
Жақында біздің парламентте бейбіт митинг туралы заң жобасы мақұлданды. Еркіндігі көбірек кең қолтық құжат. Қаланың қиыр шетінде емес, қақ ортасында жиналып, талап-датыңызды жеткізе аласыз. Ең бастысы, бұрынғыдай рұқсат күтіп жүрмейсіз. Әкімдікті құлақтандырсаңыз жетіп жатыр. Асырып айтқандық емес, мұндай заңды ТМД кеңістігінде кездестіру қиын. Мұны биліктің қоғамды демократияландыру жолындағы елеулі жетістігі деуге әбден лайық. Бірақ осынау жаңашылдығы мол құжат БҰҰ-ға жақпай қалыпты. Ұйым өкілі Клеман Вул митинг кезінде бет-жүзін жасыратын бетперде тағуға тыйым салатын бапқа шүйлігіпті. Бұған ақпарат және қоғамдық министрлігі дер кезінде жауап қайтарды. Дәурен Абаев «БҰҰ-ның мәртебелі арнаулы баяндамашысы мұндай өкпе-ренішін, айталық, АҚШ-қа білдірді ме екен? Ол елдегі 15 штатта осындай тыйым енгізілген. Немесе, осындай тәртіп бұзғаны үшін 6 айға қамайтын Австрияға жеткізді ме? Испанияда жүзін жасырғандар 30 мың еуро айыппұл арқалайды. Мұндай тыйым әртүрлі сипатта Германия, Швеция, Дания және Швейцарияның бірқатар кантондарында (өңір) кездеседі» деп толымды да тұрлаулы уәжді көлденең тартты.
Осы аптада Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған Д.Абаев шетелдіктердің еліміздегі митингке қатысуына рұқсат беруге әлі ерте екенін мәлімдеді. Заң жобасынан кемшілік іздейтін құқық қорғаушылар баршылық екені, үкіметтің мемлекет мүддесі, қауіпсіздік және елдің тұтастығы саудаға салынбайтыны кесіп айтылды.
Осындай орынсыз сын айтылып жатқанда еліміздің осы ұйымдағы өкілдігінің үнсіз қалғаны түсініксіз.
Айта кеткен жөн, бүгінде жер бетінде бейбітшілік пен әділдікті қорғауы тиіс БҰҰ әрдайым қара қылды қақ жаратын әділетті ме? Бұдан біраз бұрын Түркияның екі министрі (біреуі әділет мекемесінің жетекшісі –авт.) өздерінің қандастары ұйымдастырған Голландия мен Германиядағы митингке қатысқысы келді. Рұқсат берілмеді. «Бұл біздің ішкі мәселеміз» деді. Сол кезде халықаралық құқық ұйымдары «Шетелдіктерді неге кіргізбейсің» деп әлгі екі елді сынап-мінеген жоқ. Ал ресейлік кейбір сарапшылар БҰҰ-дағы кейбір күштер ықпалды топтардың сойылын соғады деген пікірде. Олар ұйымның Либиядағы қантөгісті тоқтатуға белсенді әрекет етпегенін, керісінше, осы елден Батысқа баратын мұнай экспорты тоқтағанда дабыл қаққанын тілге тиек етеді.
Саясаттануда бір мәселе бойынша екіжүзді ұстанымды халықаралық қатынас тілімен double standart деп жүр. Өзіне келгенде үндемей, былайғы жұртқа үнемі демократия «дәрісін» оқитын Батыстың осындай қитұрқы амалы туралы біздегі кейбір құқық қорғаушылар әдеттегідей жақ ашпайды.
Срайыл Смайыл