Кеш өкінді

17 ақпан 2017, 14:33

Атырау қаласындағы УГ 157/1 №9 Тергеу қапасына кіру оңай болған жоқ. Басынан бақайшағына дейін мұздай қаруланған арнайы күзет бізді жіті тексеруден кейін ғана ішке кіргізді. Онда да ішкі тәртіпті түсіндіріп, біраз уақытқа бөгеді. Еңсені езердей қапастың іші суық көрінді. Арнайы күзет ызаға булыққан екі жігітті алып келгенде, тіпті сасқалақтап қалдық. Өздерін көңілсіз ғана таныстырған жігіттер де бастапқыда шешіліп әңгіме айта қоймады. Әр сұрағымызға қысқа ғана жауап беріп отырды.

Бірінші кейіпкеріміз өзін Амангелді Бисеновпін деп таныстырды. Атырауда туып-өскен Амангелді бұған дейін «кісі өліміне қатысы бар» деген айыппен 15 жылға сотталып шыққан екен. Екіншісі – Эмиль Амрахов. Ол Ақтаудың тумасы. Бірінші рет істі болып отыр. Жігіттердің екеуі де біраз елде тыйым салынған «Әт Тәкфир Уәл Хижра» ағымының өкілі.

Амангелді осы ұйымды насихаттаушы лидерлердің түрлі лекция, аудиожазбасын әлеуметтік желі арқылы кеңінен таратумен айналысып келген.
«Бостандықта небары тоғыз ай ғана жүрдім. Үйленіп, өмірімнің жаңа парақшасы ашыла бастаған сәтте, тағы да ауыр жағдайға тап болып отырмын. Бұл жолы маған «экстремистік сипаттағы ақпаратты ашық жариялап, насихаттады» – деген айып тағылды. Келісемін, мен елімізде тыйым салынған ұйымға ерушілердің лекциясын «В Контакте» желісіндегі өз парақшама орналастырдым. Сол лекция, аудиожазбаны үнемі тыңдап жүрдім. Жанымда мен сияқты ілім іздеп жүрген жігіттер де болды. Бірақ олардың кім екендігін ашып айта алмаймын. Біздер үйренген ілімімізді арасында кездесіп, өзара талқылап отыратынбыз. Теріс ағымның жетегінде кетіп, қателескеніме өкінемін. Сол қателік мені түрмеге әкелді» – деген Амангелдінің артында аңырап ата-анасы, жүкті келіншегі қалды.
Сенім мәселесінде оңбай қателескеніне өкінетін Амангелді Сирияны қантөгіс алаңына айналдырған террористік бағыттағы ДАИШ ұйымының ұстанымын қолдамайтынын айтты. «Бауырларымды ілімді интернеттен емес, кәсіби мамандардан алуға шақырамын. Өзіміздің Ақтөбеде, Алматыда орын алған қанды оқиғалар да адасқандардың ісі. Кез келген адам бейбіт елде өмір сүруге ұмтылуы керек» – деген Амангелді жастарды өз қателігін қайталамауға шақырады.
Амангелдімен бірге істі болған Эмиль отызға да толмаған. Небары 27 жаста. Ақтаудың жігіті. Әкесі әзірбайжан, анасы орыс. Бұрын сотталмаған. Оның артында қазір екі бірдей сәбиі мен жұбайы қалды. «Әкем мен анам не болғанын әлі түсінбей, қапаланып отыр» – дейді Эмильдің өзі.
Эмиль де Қазақстанда тыйым салынған «Әт Тәкфир Уәл Хижра» ұйымының өкілі.
«Мен зайырлы отбасында өстім. Өзімді бұрын мұсылманның да, христианның да қатарына жатқызбайтынмын. Дінге осыдан алты жыл бұрын бет бұра бастадым. Әуелі Библияны, кейін Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) туралы оқып жүрдім. Өзіме түсініксіз мәселелерді ұғына түсу үшін дінді тереңірек білетін азаматтардың көмегі керек болды. Сөйтіп, бағыт-бағдарды интернеттен іздедім. Ақырында дін атын жамылған ұйымның жетегінде кеттім. Адам білімді ғаламтордан емес, ұстаздан үйренуі керек екен», – дейді ол.
Эмиль бұған дейін өзінің нақты кімдерді ұстаз санап келгенін айтудан бас тартты. Бір білеріміз, оның да жанында өзі сияқты пікірлестері болған.

Эмильді де, Амангелдіні де темір торға әкеліп тынған тәкфиршілер ерушілерін мешіт атаулыға мүлде бармауға үгіттейді. Олардың пікірінше, имамға ұю қателік болып табылады. «Кәпірге шығару» сияқты ессіз әрекетімен қоғамды іштен ірітуді көздейтін тәкфиршілердің «сенімі» радикалдық көзқарастан тұрады. Өкініштісі сол, жігіттердің екеуі де қателескендерін тым кеш түсініп отыр…
Екі тәкфиршіге қатысты сот үкімі шықты. Экстремизмді насихаттағаны үшін істі болған Амангелді Бисенов 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын ерекше режимдегі колонияда өтейді. Эмиль Амрахов 5 жылға сотталды. Ол жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеп жатыр.

Тақырыпқа тұздық 

*«Әт Тәкфир Уәл Хижра» 60-жылдардың ортасында Мысыр мемлекетіне қарсы қастандық әрекеті үшін тұтқындалған
*Астана қаласы Сарырқа аудандық сотының 2014 жылғы 18 тамыздағы шешімімен «Әт Тәкфир Уәл Хижра» ұйымы экстремистік деп танылды.
* Тәкфиршілер несімен қауіпті?
– адамдарды «мұсылман» және «кәпір» деп екіге бөледі. Жеке отбасында әкеге баланы қарсы қойып, ата-ананы баласынан тірідей айырады;
– халықтық салт-сана мен әдет-ғұрыптың күллісіне «ширк» (Құдайға серік қосу), «бидғат» (дін жолына жаңалық енгізу) және «көпқұдайшылық» деген айдар тағып, жала жабу арқылы
ұлттық мәдениетті ойсыратады.

 

Баян Жанұзақова,
Атырау қаласы

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды