Кеселге қарсы күрес – көкейкесті міндет

31 шiлде 2020, 12:38

Күллі дүниені бүріп тұрған қатерлі кеселге қарсы күрес пен тұрғындардың денсаулығын сақтау бүгінде мемлекет алдындағы көкейкесті міндет болып тұр. Осы сәрсенбіде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөніндегі кеңесте аталған мәселе жан-жақты талқыға түсті.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, басқосуда Үкімет Асқар Мәмин қазіргі ахуал жөнінде баяндап, 5 шілдеде елімізде қатаң карантин шаралары енгізілгеннен кейін індет жұқтырушылардың саны 29 пайызға төмендегенін атап өтті. Деректерге жүгінсек, бір күнде індет жұқтыратындар саны 1500-1600 аралығында тұрақтаған. Стационарда емделушілердің қатары 43 пайызға, оның ішінде, жансақтау бөліміндегі науқастар саны 27 пайызға кеміді. Сауығып шыққандар бойынша көрсеткіш 63 пайызға дейін өскен. Жедел жәрдем шақыру да азайды. Осылайша денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі жүктеме көрсеткішті төмендетуге қол жеткізілді. Сонымен қатар,Президентке дертке шалдығу және өлім-жітім, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы, тұрғындардан тест сынамасын алу деңгейі, интенсивті терапия және жансақтау палаталарын қажетті дәрі-дәрмекпен, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету секілді негізгі көрсеткіштер бойынша өңірлердегі ахуал бойынша жүргізілген күнделікті мониторинг жайында мәлімет берілді.

Ал денсаулық сақтау министрі Алексей Цой кеңесте инфрақұрылым нысандарының эпидемиологиялық ахуалға және экономикаға ықпалын ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету жолдарын баяндады.

Мемлекет басшысы коронавирус індетіне шалдығушылардың және соның салдарынан болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендетудің аса маңызды екенін атап өтті. Шілде айында енгізілген шектеу шараларының оң әсерін одан әрі арттыру мақсатында, сондай-ақ Қазақстандағы және шекаралас мемлекеттердегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсу ықтималдығын ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік комиссияға карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға ұзартуды тапсырды.

Сондай-ақ бұл жетіде әкімдер де Мемлекет басшысына өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайында баяндады. Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада «Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері аталған өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайында мағлұмат берді. Аймақ басшылары келтірген деректерден мынадай түйін жасауға болады. Елімізде коронавируске шалдыққандар қатары азайып, кеселден айықққандар саны көбейе түсті» делінген. Осыған қарап, елдегі жағдай тұрақталып келеді деп айтуға толық негіз бар. Атқарылған шаруаның нәтижесінде емдеу мекемелерінде төсек-орынның, қажетті дәрі-дәрмектің қоры жасақталды.

Мемлекет басшысы ахуалды қатаң бақылауда ұстап, аталған міндетке басым бағыт ретінде мән беруді тапсырды. Бұл ретте карантин шараларын сақтаудың маңызды екені және халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізе беру қажеттігі атап өтілді.

Талап Тілеген 

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?