Кеселдің кесірі

24 қыркүйек 2021, 11:57

Әлемді мезі қылған індеттің жаңа түрі (штамм) халыққа былтырғысынан ауыр тигенін естіп те, көріп те жатырмыз. Көпшілік куә, сондықтан оған мысал келтіріп, қайталап айтып жату артық. Таныс дәрігер (бір облыстық психикалық орталықтың басшысы): «Жұқпалы аурудан өткен жылы аман қалған пациенттер бұл жолы төтеп бере алмағаны былай тұрсын, жат ауруға бірден ілініп, баудай сұлап жатыр» деп эпидемиологиялық ахуалдың ақиқатын жеткізді.

Ғаламдық індет қоғамның қызу талқысына айналды. Бұл жөнінде білгір мамандармен, білікті сарапшылармен тайталасқан ғаламның небір «ақылшы-кеңесшілері», тәуіптері әлі күнге дейін неше түрлі ем-дом ұсынып, жарысып келеді. Олар шипаны, дерттің дауасын алкогольден, аяқ астынан бағасы шарықтаған имбирьден, қойдың құйрық майынан, тағы басқа өнімдерден іздеп, елді шарқ ұрғызғаны да есімізде. Өкінішке қарай, әлі де «халық емі» деп, қилы ішірткілерін жарнамалаушылар бар. Ең сорақысы – карантин кезінде ішімдікке тәуелді болғандардың саны күрт өсіп кеткендігі мәлім болып отыр.

Статистика комитетінің мәліметі бойынша, еліміздегі коронавирусқа қарсы карантин мезгілінде арақ, ликер өнімдерін тұтыну мөлшері 21,5 пайызға (2020 жылғы қаңтар-қарашада 35,7 миллион литрге дейін) өскен. Ал спирт ішімдіктерінің иммунитетті әлсіретіп, адам организмінің жұқпалы аурулар мен вирустарға қарсы қабілетін нашарлататыны – белгілі жайт. Түрлі қатаңдату, шектеу шараларына қарамастан, былтыр мас күйінде көлік жүргізген 8900 адам ұсталған.

(Басы 1-бетте)

Жалпы, Дүние жүзі денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, бүгінде Қазақстан халқы жан басына шаққанда 11 литр таза спирт тұтынады екен. Осы көрсеткіш бойынша еліміз Орталық Азия өңірінде «ең ішкіш елге» айналғаны көңілге кірбің ұялатады. Бұл жағынан әлемде 34 орындамыз. Мысалы, Қырғызстан – 106, Түркменстан – 114 , Өзбекстан – 131, Тәжікстан – 134 орынды иемденіпті. Қытай – 95 орында.

Бұл – дабыл қағарлық меже. Ел болып, етек жинап, барлық үкіметтік мекемелер, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар, діни бірлестіктер, отбасы институты тарапынан бірлесіп, жүйелі жұмыс жоспарын құрып, нысаналы-мақсатты әрекетке көшпесе, істің насырға шабатын түрі бар. Сондықтан маскүнемдікке, нашақорлыққа және құмар ойындарына қарсы күрес бағдарламасын әзірлеу керек деп ойлаймыз. 2015 жылдан бері елімізде ондай бағдарлама жұмыс істемейді. Ғаламдық кеселдің кесірі халқымызға, ұлтымызға тимесін десек, спирттік ішімдіктерге, есірткіге, құмар ойындарына әуестілікті дәрігерлердің көзқарасымен «дерт» ретінде ғана бағалауды қайта қарайтын уақыт келді. Дәл қазіргі уақытта ондай науқастар үшін барлық жауапкершілік дәрігерлердің мойнында десе болады. Мұндай санаттағылар санаторийдегідей ем алып, курорттық жағдайда тұрып жатыр. Оның бар шығыны мемлекеттік бюджетке жүктелген. Ақылға сыйымсыз бұрынғы шешімдерді өзгертуге қоғам да қарсы емес. Әйтпесе, осындай орталықтарда «ортақ жауапкершілік» атты медициналық ұғым еленбей, ескерілмей қала бермек пе, әлде өздігінен жойылып кете ме? Мәселен, Қылмыстық кодексте мас күйінде қылмыс жасау – кінәні ауырлататын мән-жай ретінде қарастырылады, яғни ішіп алып жол апатына ұшыраудың, адамды қағып кетудің арнайы жазасы бар. Сондай-ақ, Ата заңымызда белгіленгендей, елімізде мәжбүрлі еңбекке сот шешімімен ғана жол берілетіні белгілі. Алайда оңалту орталықтарында дене қозғалысы аз, қолы бос адам қалай емделмек? Жекелеген өркениетті елдерде жазасын өтеушілермен бірге жоғарыда көрсетілген дертпен ауыратындарға әлеуметтік еңбек терапиясы қолданылады. Сонымен бірге, оларды дуальды оқыту арқылы арнайы кәсіпке бейімдеу, қоғамға қажетті жұмысшы мамандықтарына, волонтерлық қызметке, экономиканың басқа да секторларына тартуға болар еді. Жалақысын тауып, нәпақасын өзіне, отбасына жұмсауына өздері де қарсы бола қоймас. Бұл бағытта тиімді жұмыс ұйымдастыру үшін жергілікті атқарушы органдар мен денсаулық сақтау орындарының құзыретін кеңейтудің жөні бар деп ойлаймыз.
Қорыта келгенде айтарымыз, данышпан Абайдың өзі күйініп, жазып кеткен:

Бір күшті көп тентекті
жыға алмай жүр,
Іште жалын дерт болып,
шыға алмай жүр,
Арақ ішкен, мас болған
жұрттың бәрі,
Не пайда, не залалды
біле алмай жүр
деген ахуал жалпақшешейлікті көтермейді. Бұл – қоғам санасын өзгертпейтін, бәсекеге қабілеттілікті шідерлейтін, тәуелсіз мемлекетіміздің болашағына балта шабатын дерт. Масылдықтың нақ өзі.

Оны тоқтатуға қатаң заң талабы, берік дәстүр жүйесі, айқын мемлекеттік тетік қажет.

Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты,
«Nur Otan» партиясы
фракциясының мүшесі

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?