Керекуде мемлекеттік тіл төрге озбай тұр

13 ақпан 2017, 23:25

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, қазақ тілді журналистер үшін сан мәрте айтылып, жазылып, әбден жауыр болған тақырыптың бірі – мемлекеттік тіл мәселесі. Өкінішке қарай, бүгінде Тәуелсіз ел атанғанымызға ширек ғасыр уақыт өтсе де, мемлекеттік тіл өз тұғырына қонды деп ауыз толтырып айта алмасымыз анық. Себебі басқасын былай қойғанда, мемлекеттік мекемелердегі мемлекеттік тілдің қолданылу аясы әлі де тар. Тіпті, мұндай мекемелердің тізгінін ұстап отырған кейбір басшылар Тіл туралы заңға шекесінен қарайды. Неге? Кім кінәлі? Жалпы, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру үшін не істеу керек? Басшылар неден қорқады? Жасыратыны жоқ, күні бүгінге дейін облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктердегі мемлекеттік маңызы бар жиындардың, жалпы, іс-шаралардың басым бөлігі ресми тілде өтеді. Аппараттық жиналыстар мен отырыс-тарда сөз сөйлейтін басқарма басшыларының шамамен 90 пайыздан астамы баяндамасының «бісмілләсін» ғана мемлекеттік тілде бастап, әрі қарай орыс тілінде қостай жөнелетініне сан рет куә болып та жүрміз. Бұл үрдіс шенділер мен шекпенділер үшін үйреншікті әдетке айналғаны қашан?! Сонда егемен еліміздің көсегесін көгертеді деп сенім артқан азаматтардың мемлекеттік тіл саясатына немқұрайлы қарағаны ма? Әлде, басқа себептері бар ма? Бұл сауалдарды облыстағы бірқатар басқарма басшылары мен қосшыларына, яғни орынбасарларына қойып көрген едік. Алдымен облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының қабылдау бөлмесіне телефон шалдық. Басшысы орнында жоқ екен. Келіп қалар деген үмітпен 3 күн қатарынан хабарластық. Бірақ онымен тілдесудің сәті түспеді. Сөйтіп, аталмыш басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Есембаевқа сөйлесуімізге тура келді. — Жиналыстарда баяндамаларды орысша жасаймыз. Кейде ғана қазақша бастап, ресми тілде жалғастырамыз. Оның себебін түсіндіре алмаймын. Негізінен, бұлай істеуіміз дұрыс емес те шығар… Бірақ солай жасауымызға тура келеді. Мен бұл мәселеге байланысты нақты жауап бере алмаймын, — деді ол жұмбақтап. Келесі кезекте облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шыңғыс Нұрмағанбетовке хабарластық. — Мен қазақша «кішкене ғана» білемін. Баяндамаларды орыс тілінде жасаймыз, — деп ағынан жарылды ол. Оның бұл сөзіне күлейік пе, жылайық па? Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Қарамбаев: — Өзім көптеген жиындарда мемлекеттік тілде сөйлеймін. Жалпы, жоғары жақтан «баяндаманы ресми тілде жасаңдар» деген талап қойылмайды. Сондықтан көпшілік орындарда қалай сөйлеу – әркімнің өз таным-түсінігіне, ар-ұятына байланысты деп ойлаймын. Кейде жиналыстарға өзге ұлт өкілдері көбірек қатысып отырғанын ескеріп, баршаға түсінікті болуы үшін ресми тілде өткізуге тура келетін сәттер де болады. Бірақ мұндайда біз баяндаманы орыс тілінде оқығанымызбен, слайдтарды қазақша көрсетеміз, — дейді. Ал облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермұрат Нұрханов: — Алқалы жиындарда екі тілде де баяндама жасап жүрміз. Шындығымды айтсам, орысшасы басымырақ. Бізде аудармашы маман жоқ, — дейді. Бұл аталғандардан өзге де басқармалардың қабылдау бөлмесіне хабарласқанымызбен, басшыларымен тілдесу мүмкін болмады. Бірі жиналыстан қолы босамаса, енді бірі хатшысы арқылы қандай мәселемен телефон шалып тұрғанымызды білген соң, сөйлесуден қашқақтады. Осылайша, кейбір мемлекеттік басқарма басшыларының жауап беруден жалтарғанын байқап, таң қалдық. Олар білдей мемлекеттік мекемелердің тізгінін ұстап отырғандарына қарамастан, «мемлекеттік тіл туралы» мәселе көтерілгенде неден және кімнен қорықты екен? Ол жағы түсініксіз… Ілеспе аудармалар не үшін тұр? Негізінен, мемлекеттік тіл туралы сөз еткенде көп мәселені көтеруге болады. Бірақ біз әзірге мемлекеттік мекемелерді басқарып отырған шенді-шекпенділердің Тіл туралы заң талаптарына немқұрайлы қарайтынын қаузап отырмыз. Сонымен, бұл олқылықтың орын алуына тосқауыл қою мүмкін бе? Ол үшін не істеу керек? Бұл сұрақтарымызға жауап берген облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Сәуле Османова: — Мен түрлі деңгейде өткен жиналыстарға барып жүрмін. Өкінішке қарай, жиындардың басым бөлігі ресми тілде өтеді. Яғни, Тіл туралы заң болғанымен, оның талаптары өз деңгейінде орындалмай тұр. Біз бұл жөнінде айтып та, жазып та жүрміз. Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді. Шыны керек, бүгінде арамызда өзге ұлт өкілдері аз. Олардың мемлекеттік тілді меңгеруі, түсінуі үшін барлық жағдай жасалуда. Мәселен, мемлекеттік маңызы бар жиындар өтетін орындардың барлығында, яғни, әкімдіктерде, мәдени орындарда ілеспе аударма аппараттары бар. Соған қарамастан, жиналыстардың басым көпшілігі орыс тілінде өтіп жатады. Мүйізі қарағайдай басшылардың мемлекеттік тілге деген көзқарасы осындай болған соң, біз не істей аламыз? Мұндай мәселе барлық өңірде бар. Жалпы, мемлекеттік тілді білмейтін адамдар неге мемлекеттік қызметке қабылданады? Талапты күшейтетін уақыт жетті, — дейді. Аталмыш басқарманың мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда облыс бойынша 1 195 ілеспе аударма жасау құрылғысы бар екен. Бұл аппараттардың көмегімен жиындарда, отырыстарда қазақ тілінде «әу» дегеннің барлығы орыс тіліне жедел түрде аударылып отырады. Яғни, сіз мемлекеттік тілде баяндама жасасаңыз, айтылған сөзіңіз ресми тілге бірден аударылады. Сондықтан қазақша сөзді түсінбегендер осы аппараттың көмегіне жүгінулеріне болады, дейді мамандар. Ал бұл аппараттар қандай мекемелерде жұмыс істейді десеңіз, жіпке тізіп берейік: облыстық әкімдіктің үлкен залында — 120, кіші залында – 50, Павлодар қаласы әкімдігінде — 30, Ақсу қаласының мәдениет сарайында — 25, Ақсу қаласының әкімдігінде – 15, Екібастұз қаласының әкімдігінде – 100, Успен ауданының әкімдігінде — 30, Железин ауданында — 25, Качир ауданының әкімдігінде — 20, Лебяжі ауданында — 25, Ертіс ауданында 25 ілеспе аударма аппараты бар. Сонымен қатар, Павлодар қаласындағы «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени ойын-сауық орталығында — 200, Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында — 150, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында – 280, Достық үйінде (қоғамдық келісім мекемесі) — 100 орындық ілеспе аударма құрылғысы орнатылған. Осы құрылғымен жұмыс істейтін аудармашы, облыс әкімдігінің құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маманы Алтынай Дұшманова: — Облыс әкімдігінде өткен аппа-раттық жиналыстар мен отырыстарда мемлекеттік тілде айтылған барлық сөзге ілеспе аударма жасаймын. Тіпті, арасында Достық үйі мен «Нұр Отан» партиясындағы жиындарға да шақыртып жатады. Облысымызда ілеспе аударманы қажет ететін адамдар үшін барлық мүмкіндік жасалуда деп ойлаймын, — дейді. Демек, өңірдегі ең көп саяси жиындар мен іс-шаралар өтетін орындардың барлығы дерлік аударма жасау аппараттарымен қамтамасыз етілген. Мемлекеттік тілдің баршаға түсінікті болуы үшін қыруар қаржыға сатып алынған бұл құрылғылар халықтың қажеттілігіне жарамаса, шаң басып не үшін тұр? Мемлекетік тілді жетік түсінбейтінін сылтау еткендер енді бұған не дейді екен? Тіл туралы заң орындалмай жүр ҚР Тіл туралы Заңының 4-бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі», — делінген. Өкінішке қарай, бұл заң бүгінде өз деңгейінде орындалып жүрген жоқ. Мұны көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауым ашық айтып та жүр. Солардың бірі — филология ғылымының докторы, профессор Бекен Сағындықұлы: — Мемлекеттік тілдің мерейін өсіретін кез келді. Мені толғандыра-тыны – біздің әкім-қаралар бүкіл Заңды құрметтейді, сыйлайды. Бірақ Тілге қатысты заңға немқұрайлы қарайды. Неге екені белгісіз, мемлекеттік тілге деген жауапсыздықтары алдыңғы қатарда тұрады. Елбасымыз бір сөзінде халық алдында жүрген басшылардың мемлекеттік тілді сыйламауы — олардың намысшылдығының төмендігі, қауқарсыздығы деген ой айтқан еді. Шындығында да, мемлекеттік тіл мәртебесінің әлі күнге дейін діттеген деңгейіне жетпеуі – шенеуніктердің намыссыздығы. Ал екіншіден, мемлекеттік тілдің дамымай, орнынан қозғалмай жатуына бүгінгі басшылардың аузынан шығатын бір-екі ауыз сөз, яғни: «Біз мемлекеттік тілді біртіндеп, кезең-кезеңмен жүргізуіміз керек», — деген уәжі қақпақ болып отыр. Осыдан алшақ болуымыз керек. Себебі бұл сөзді Мемлекет басшысы еліміз алғаш Тәуелсіздік алған жылдары айтқан болатын. Сол кезде осылай айтуымыз керек еді. Содан бері 25 жыл өтті, еліміз өсіп-өркендеді, дамыды. Демек, мемлекеттік тілге деген талап та өзгеретін кез келді, — дейді. Иә, басқасын айтпағанда, мемлекеттік мекемелерде мемле-кеттік тілдің лайықты орын ала алмай жүргені — ащы да болса шындық. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Гүлсара Кокина: — Мемлекеттік мекеме басшы-ларының көбі мемлекеттік тілдің қажеттілігін түсінбейді. ҚР Тіл туралы Заңында Мемлекеттік тілдің мәртебесі жайлы анық жазылғанымен, көп талаптар орындалмай жүр. Өкінішті жағдай, әрине. Кезінде біздің басқарма мамандары бірқатар мекемелердегі қателіктерді тексеріп, әкімдіктерге хат жазып, біраз олқылықтың оң шешімін табуына ықпал етті. Қазір мораторий жарияланғандықтан, қолымыз байлаулы отыр. Қателерді түзетуге де, онамастика мәселесімен айналысуға да құқығымыз жоқ. Мемлекеттік тілдің қажеттілін арттыру үшін алдымен мемлекеттік қызметке келетін адамдарға талап қою керек. Мәселен, олар қызметке қабылданар алдында ҚР-ның Заңдарын қаншалықты білетінін дәлелдеуі үшін тест тапсырады. Сол тапсырмалардың ішінде қазақ тілінен 20 сұрақ болады. Бір қызығы, бұл сұрақтардың ешқайсысы есепке алынбайды. Сондықтан бұл мәселені заңдастыру керек. Сонда ғана ел азаматтары мемлекеттік тілге деген қажеттілікті сезінер еді, — дейді. Ал облыстық мәслихат депутаты Элина Паули мемлекеттік тілдің рөлін арттыру үшін алдымен қоғамның көзқарасын өзгерту керек екенін айтады. — Мен ұлтым орыс болса да, қазақ тілін жақсы білемін. Бірде облыс әкімдігіне кіріп, күзетшілерге қазақша сәлемдескенімде, олар менімен орысша амандасты. Бұған қарап, қазіргі қоғам қазақ тілінде сөйлеуге дайын емес екенін аңғаруға болады. Көпшілік арасында «өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді білмейді» деген пікір қалыптасқан. Шын мәнінде, олай емес. Қазір елімізде басқа ұлттардың қазақ тілін меңгеруі үшін барлық жағдай жасалуда. Тегін тіл үйрету курстары бар. Сөздіктер, тіл үйрететін интернет сабақтар жеткілікті. Біз сол мүмкіндікті пайдаланудамыз. Сондықтан мемлекеттік қызметте істейтін қызметшілер үш тілді білуі керек. Бірақ бірінші орында мемлекеттік тіл тұруы тиіс, — дейді. Тілі ала-шұбар болса да беті бүлк етпестен билікте отырған азаматтар халық қалаулысының бұл сөзінен үлгі алса екен дейміз. Айтпақшы, осы мақаланы дайындау барысында тілге қатысты заңның бұзылғанына тағы бір мәрте куә болдық. Нақтырақ айтсақ, ҚР Тіл туралы Заңының 11-ші бабында: «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың азаматтардың өтініштері мен басқа да құжаттарға қайта-ратын жауаптары мемлекеттік тілде немесе өтініш жасалған тілде беріледі», — деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Бірақ облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы біздің мемлекеттік тілде жолдаған сұраным хатымызға ресми тілде жауап қайтарыпты. Бұл мемлекеттік тілді менсінбеушілік пе, әлде өңірдегі ел ертеңі болар жастар саясатымен айналысып отырған білдей мекеме үшін қазақ тілінің қадірі болмағаны ма? 25 жылдық тарихы бар Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік тілі балабақшада, мектепте насихатталғанымен, мемлекеттік мекемелерде әлі де өгейлік көруде. Бұл — бүкпесіз шындық. Кейбіреулер «көш жүре түзелер…» деп өзін-өзі жұбатуда. Бірақ қашанғы өзімізді алдаймыз? Зиялы қауым мен тіл жанашырлары қазақ тілінің қауқарын күшейтетін уақыт жеткенін айтып, дабыл қағуда. Бұған не кедергі? Елбасымыз: «Қазақ тілі мемлекетіміздің барлық азаматтарын біріктіруге қуатты», — деген екен. Ендеше, қолында билігі бар шенеуніктер шынымен де ойланғаны жөн болар… Ал сіз не дейсіз, құрметті оқырман?

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz

 

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды