Кенесары хан тағдыры: Қазақ-қырғыз қарым-қатынасының контексінде

09 қантар 2018, 14:53

 

ХIХ ғасырдың 40-жылдарында Ресей Орта Азиялық хандықтарды қосып алуға дайындық жүргізуге кірісті, сондықтан қазақ жері оған тұтастай керек болатын, ол сенiмдi қалқан құру үшiн қажет едi. Сонау 1844 жылдың өзiнде І Николай “бiр патшалықтың iшiнде екiншi патшалықтың болуы мүмкiн емес” дегендi айтқан-ды. 1845 жылдың басында Кенесары ордасына Долговтың елшiлiгi келдi, онымен бiрге Бас штабтың поручигi Герн де болды. Ресей елшілері Кенесары ханның көптеген орыс тұтқындарын босатқан, келісімге келмек болған ниетіне жауап ретінде бұрыңғы уақытта тұтқынға түскен ханымы Күнімжанды алып келді. Бірақ елшілер Ресейдің Кенесарының өзіне қазақ даласының Жайық пен Ұлытау арасындағы өңірін беру туралы ұсынысын қабылдамайтынын жеткізді. Долгов әкелген хатта Кенесарыға Қарақоға деген жер ғана бұйыратыны айтылған екен. Долговтың жауабына ашуланған Кенесары: “Орыстар неге онсыз да өзімізге тиесілі жерлерiмiздi өзiмiзге сыйлайды?” дегендi айтады. Осыдан соң Хан Кененің патша үкiметiмен келiсiмi тоқталды.

Кешiкпей патша үкiметi Кенесарыға бағынышты өлкенің екi жерінен қамал сала бастады: бiрi Ырғыз өзенiнен, екiншiсi Торғай өзенiнен. Осынау қорғандардың салынуын Обручев “Бұл қамалдардың бой көрсетуi Кенесарыға қарсы шешушi қимылдар жасауымыз үшiн қажет, егер ол өзiнiң бүлiкшiлерiмен келе қалса, орда iшiндегiлерге толқу тудырмайтындай жедел қимылдар жасауымыз үшiн қолайлы” деп түсiндiрдi. Билердiң ұсынысымен Кенесары үлкен кеңес шақырды, мұнда қазақтың белгiлi руларының өкiлдерi мен ханның қасындағы батырлары және кеңесшiлерi қатысты. Осы кеңесте болашақ күрес қимылдарының жоспары мен көшi-қон жерлерiнiң мәселесi қаралды, сондай-ақ хандықтың көршi Қытай мен Бұқардан, адай руларынан көмек сұрауы керектiгi жөнiндегi шешiмдер айтылды. Кеңесте Ұлы жүздiң сұлтаны Рүстемнің “құдай күнәләрiңдi кешiп тұрғанда, отырған орындарыңды қалдырып менiң жерiме қарай көшiп келiңдер” деген шақыруы қаралды. Кеңес көтерілісшілердің Сарыарқаны қалдырып Жетісуға қарай көшуді қолдады, бұл Ресей озбырлығына қарсы бас көтерген елдің ауыр рухани күйзелісін туғызды :

Бұл қоныстан кеткен соң,

Көремiз бе, дүние-ай,

Мына жатқан Есiлдiң

Көк орай тартқан өзенiн?!

Күншiлiк жерден көрiнген

Көрiнсе көңiл бөлiнген,

Алшаңдатып ат мiнген

Мұнар болып көрiнген

Кiшi ауылдың қыстауы

Баянаула – Қазылық.

А, дариға, дүние-ай,

Ақыры бүйтiп бүлген тау

Айналасы қоғалы

Суы тұнық көлдерiм!

Көк шалғынды жапырып

Жағалай қонған елдерiм!

Осылар еске түскендей

Қайғырмассыз ба ерлерiм?..

1845 жылдың жазы Қоқан хандығымен соғыста өттi. Кенесары оңтүстiктен өз қарамағындағыларға өрiс-қоныс тауып беруге ниеттендi, бұл өңiрлерге патша үкiметiнiң ықпалы әлi жетiп үлгермеген болатын. Қоқанмен болған бұл соғыста Кенесарыға көрнектi батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы қолдау көрсеттi. Олар бiрiккен күшпен Қоқаннан Созақ, Жүлек, Жаңа қорған қамалдарын тартып алды. Алайда 1846 жылдың басында жағдай өзгерiп шыға келдi, бұрыннан Кенесарыны қолдап келген Бұхар әмiрлiгi Қоқанмен келiсiмге келiп, ендi олар да бiрiккен күшпен қазақтарға қарсы шабуылға шықты. Осының барлығы келiп, Кенесарыны Балқаш пен Iле өзенiне қарай көшуге мәжбүр еттi. Ол өз күштерiн Қамау делiнетiн қолайлы жарты таралға жинақтады. Алайда бұл жерде де патша үкiметi оған тыныштық бермейтін болып шықты. Мұнда Кенесарыға қарсы генерал-майор Вишневскийдiң ортяды жiберiлдi. Ханның әскерлерiне ұзақ уақыт қорғануға тура келдi. Тек кескiлескен ұрыспен ғана олар Ұлы жүздiң орталық аудандарына Алатау шатқалдарына өтiп кете алды. Бұл оқиғаларда М.Ж. Көпейұлы баяндайды:«Іле деген өзеннің Балқашқа құйған жерін «Қамау»- деп атайды. Қараталдың, Іленің, Шудың алабын Алматы төңірегін Найман мен Үйсін жайлайды. Албан, Суан, Дулат, Жалайыр, Шапырашты деген рулары бар. Кенесары Ұлытау, Кішітаудан ауып барғанда, сол Қамауға барған. Шапыраштыдан басқа Ұлы жүз де, Найман да Кенесарыға мойындай қоймаған. Ұлы жүз бұрыннан Қоқанға қарап, атқамінер еркегі екі жыл сайын сарттан шапан киіп тұратұғын. Найман-Темірсу, Жеменей, Алматы, Аягөздегі орысқа бағынып, басты-басты атқамінерлері зерлі шекпен киіп тұратұғын.

Кенесарының Қамауға келгенін естіп, Аягөзден әскер бастығы Нохалов, деген жасауыл атқа мінеді. Көмекке Сөкі төре Абайұлы; Әлі төре Әділұлы. Бұл Әділ- Абылайдың тұңғыш баласы- Барақ төре Сұлтыбайұлы, Бөлен төре Мышыңқайұлы,— осы айтылған төрелерді зерлі шекпен кигізіп, бір-бір қылыш асындырып, жылтыраған жезді омырауларына қадатып, «асулы тұрған еттен басқаға, ашулы жатқан көттен басқаға»- жайы жоқ жарықтықтар жемтікке жиылған тазқаралардай қоқиысып шыққан соң, Кенесарыны шабуға «Сүзекінің қолы» деген қол аттаныпты!»- дегенді есіткен соң, Үйсін де, Найман да қорғалап, қорқып, артын қысып жата береді.

Сонан Кенесары Қамауды тастап, Шуға қарай өрлейді. Нохалов Қызылағашта жатып, қырғыздың манаптарына хат жазады. Сарбағысты «қараның ханы» болып билеп тұрған Орман Ниязбекұлына, Солты руын билеп тұрған манабы Жанқараш Есқожаұлына, Бұғы руын билеп тұрған Боранбай Баймұратұлына: «Кенесары сендердің, патша үкіметінің дұшпаны. Кенесарыны жойыңыздар, қарашығын батырыңдар! Патша үкіметі сіздерге жәрдемдес болады!»-деп».(Көпейұлы М.Ж. Шығармалары, Павлодар, 2013. ,9 т. 172-173 бб)

Бұл кезде Ұлы жүздiң де жағдайы өзгерiп Кенесарыға қолайсыздық тудырған едi. Ресей жанталаса Ұлы жүздi бейтарап қалдыру үшiн аттандырған генерал-майор Вишневский сұлтандар мен билердi салтанатты жағдайда Ресейдiң бодандығына өткiзудi бастап кетті. Генерал-майордың қарамағына есауылдар Нюхалов, Абакумов, Карбышевтiң отрядтары берiлдi. Ол өзiнiң Батыс-Сiбiрдегi басшыларына “мен қалайда бүлiкшiл Кенесарыны сол жердiң қазақтарынан бөлiп тастап, мүмкiн болса оның өзiн ұстап алам” деп уәде берiп шыққан болатын.

Осы мақсатта үкiмет Ұлы жүздiң сұлтандары мен билерiн аямай марапаттай бастады, оларға ордендер тағып шендерiн жоғарылатты, ақшалай сый тапсырды. Барынша берiлген сұлтандар Әли Әдiлов пен Хәкiм сұлтанның шендерiн полковникке жоғарылатып, омыруларына алтыннан медаль тақты, ал олар өз кезегiнде “бiздiң жерiмiзге енiп тыныштығымызды кетiрген Кенесары мен оның жақтастарымен ешқандай қатынасқа жол бермеймiз және оларды жерiмiзге тұрғызбаймыз” деп уәде бердi. Орыс қанша жерден алдаусыратқанмен Ұлы жүз руларының едәуір бөлігі азаттық күресін қолдап, Кенесарының соңынан ерді. Солардың арқасында Кенесары Ұлы жүздiң көп бөлiгiн қосып алып айтарлықтай әскер жинады. Бiрақ Алатауға келгелi оның қырғыз манаптарымен арасы ушығып кеттi. Оның қырғыздарды Қоқанға қарсы бiрiккен күшпен шығуға шақыруы қозғау келтiрмедi. Қырғыз манаптары Орман мен Жаңтай Кенесарының ұсынысын қабылдамай тастады, онымен қоймай олар нөкерлерiн шекралас қонған қазақ ауылдарына барымтаға жұмсады.

Манаптар да қазақ сұлтандарының өнегесiмен орыс өкiметiмен келiссөзге барды: “жабайы қырғыздардың басшылары билер Боранбай мен Кiшкене Пiрназаров, генерал губернатор Капцевичтiң кезiнде Омбыда

болғандарында Кенесарымен соғысуға дайын екендерiн бiлдiрдi” деп келтiрiледi деректерде.

1846 жылы Кенесары Қоқанның Мерке қамалын алды. Ұзақ уақыт қоршаудан кейiн қамалдың датқасы әскерiмен берiлiп, соның белгiсi ретiнде арғымағын сыйға тартты. Кенесары мұнан соң Пiшпек қамалын алуды жоспарлады .Бірақ қазақ-қырғыз арасындағы жаугершілік басталып кетті. Б.Солтоноев та «Кыргыз менен элдешип турууга киши жиберели, эгерде болбосо күч менен караталы деп, 1846-жылы эрте көктөмдө Кенесары көчүп келип Жангарач, Жантай, Тыналы, Төрөгелдиге элчи жиберген» дейді. Қырғыз басшылары «чаар атка жолборстун терисин жаап, тартуу кыла» елшілік жіберген күні «бөлөкбай кыргызы төкөлдөш уругунан Илип деген барып, Кенен хандын тогуз кысыр ак чаар байталдарын уурдап келип, семизин союп, арыктарын өткөрүп жиберген». Кене ханның кісісі сұрап келгенде «мында казактын жылкычысы жок» деп, күлүшүп жооп бербеген».

Кенесары елшілікке көнбесек жаушылыққа көнерсің деп қырғызды жазалауды бастаған соң Жантай манап «Калыгулду элчиликке жиберген». «Калыгул өз сөзүндө бул сапарда берген убадасы аныгы мындай болгон: казак, кыргыздын жоосу болсо биргелешип жоолайлы, өзүбүз эл болуп туралы, чоң кеңешибизди Кенеханга салып, анын айтканынан чыкпайлы» -деген. Осыдан кейін қырғыздың бөлекбайлары Саурық батырды өлтірді де жаугершілік қайта жалғасып кетті.

Қалығұлдың қазақпен келісімі туралы әңгімені Белек Солтоноев оның өз аузынан естідім дейді: «Бул сөздүн баарын 1895-жылында Калыгулдун үйүндө олтуруп, элге айтып берип жатканда оозмо-ооз жаздым… Кенесарынын башын алып барганда алган алтын медалдары бар экен. Түштөнүп олтурган элдин өтүнүчү боюнча көрсөттү». Міне, біздің бетімізге салық қылып Кененсары қырғызды шапты деп жүрген әңгіменің түпнұсқасы.

Қырғыз манаптарының жігіттері Кеклiк Сеңгір тауына бекiндi, екi жақтан да көп шығынмен соғыс жүрдi. Бiр аздаған келiсiмнен кейiн 1847 жылы шайқас қайта басталды. Бұл жолы екi жақты соғыс қимылына алып келген, Ұлы жүздiң батыры Саурықтың қарулы барымтада өлтiрiлiп, бiрнеше үйір жылқының айдауда кеткендiгi себеп болды. Соңғы шайқас Қоқанның қамалдары Пiшпек пен Тоқмаққа таяу Кеклiк Сеңгір тауында өттi. Жер жағдайын жақсы бiлетiн қырғыз жасақтары оңтайлы жерлерге орналасты. Шешушi шайқас кезінде Рүстем төре мен Сыпатай батыр соңына ерген жасақтарымен ұрыс алаңын тастап шықты. Кенесарыға қарсы күресте қырғыздарға орыс және қоқан әскерлерi бағыт берiп тұрды, ақырында күштердiң теңсiз дәрежесiнде Кенесары әскерлерi жеңiлiске ұшырап талқандалды. Қазақ халқының қара түнек күндерi басталды. Ресейдiң Қазақстан территориясындағы ауыр отаршылдық үстемдiгi басталды.

Жүз жылдан астам уақыт еркiн алаш рулары кең даланы азулы көршілерінің отаршылдық шеңгелiнен қорғап келдi. Отаршыларды мемлекеттің тарихи орталықтары Ұлытау мен Түркiстанға жiбермедi. Кенесары ханның өлiмiнен кейiн тек қазақ мемлекетi ғана құлап қойған жоқ

сонымен бiрге Еуразиядағы көшпелiлер өркениетi өштi. Бұл жыраулардың өлеңдерiнде айқын көрiнiс тапқан:

Наурызбай төре кеткен соң,

Бастан ауды бағымыз.

Кенесары кеткен соң,

Иесiз қалды тағымыз.

Бұлбұлдай сайрап жүр едiк,

Байланды тiл мен жағымыз.

Артында қалған жетiм ел

Келiспей кеттi сәнiмiз.

Ақырында әлеумет

Осындай болды халiмiз.

Қырғыз манаптары өздерiнiң берiлгендiгiнiң белгiсi ретiнде Қоқан ханына өлтiрiлген қазақтардың бастарын жiбердi. Олар бұл бастарды Ташкент базарының қақпасы алдына iлiп қойған. Батыс-Сiбiр генерал-губернаторы Горчаков ұрысқа қатысқан манаптарды марапаттап, империя наградасына ұсынды. Сол жолы Кенесары ханды өлтiрген Қалығұл Әлiбеков кеудесіне Георгиев лентасына тағылған күмiс медаль тағылды.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

Тарих факультетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

24 сәуiр, 14:22
Талғат Байеділов: Халық үніне әрдайым құлақ асамыз
24 сәуiр, 11:46
Сүтпен шай – дәстүр ме, әлде денсаулыққа қауіп пе?
16 сәуiр, 12:17
II Орталық Азия медиафорумы - ақпараттық ынтымақтастыққа арналған бірегей алаң
10 сәуiр, 14:02
"Қазпошта" алаяқтардың асына айналған ба?
07 сәуiр, 14:29
Көктемде психикалық аурулар неге асқынады?
01 сәуiр, 19:13
Саудада достық жоқ
31 наурыз, 16:10
Мақта кластері: Шикізаттан –дайын өнімге
31 наурыз, 15:45
Астана – даму драйвері
30 наурыз, 12:48
Мұхит Тұрысбеков: Ауыз су мәселесін толық шешу – басты міндеттің бірі