
Әулиекөл ауданының Құсмұрын ауылында мемлекеттік тілде білім беретін жаңа мектепті оқушылар да, ата-аналар да, мұғалімдер де зор ықыласпен күтті.
Көптен күткен ашылу оқу жылының басында өтіп, 300 орындық мектеп ауыл оқушыларына өз есігін айқара ашты.
Мектептің ашылуында Қостанай облысының әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақалов: «Сапалы білім беру мен жас ұрпақты тәрбиелеу – еліміздің басты құндылықтарының бірі. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен облысымызда жаңа үлгідегі заманауи мектептер салынып, балаларымыздың жарқын болашағына жол ашылуда», – деп атап өтті.
Бұл – Ұлттық жоба аясында облыста ашылған бесінші мектеп және ауылда ашылған екінші білім ошағы. Жалпы жоба бойынша 4500 орынға арналған 6 мектеп пайдалануға берілмек.
Жаңа мектеп заманауи стандарттар бойынша салынған және жайлы білім беру ортасының барлық талаптарына толық сәйкес келеді. Кабинеттерде интерактивті панельдер, жаңа зертханалық жабдықтар мен жиһаз орнатылған, балалардың оқуына және дамуына қолайлы әрі қауіпсіз орта жасалған.
Мектепте 24 оқу кабинеті бар: физика, химия, биология кабинеттері, биотехнология және нанотехнология бойынша зертханалар, робототехника кабинеті, компьютерлік сыныптар, STEM-зертхана. Барлығы заманауи техникамен жабдықталған. Кең спорт залы толық спорттық құралдармен қамтылған, оқушылар алғашқы жетістіктерін көрсетуде. Ал хореография залында жас бишілерге барлық жағдай жасалған.
Оқушылардың жан-жақты дамуы мен педагогтердің белсенді жұмыс істеуі үшін акт залы, заманауи кітапхана, оқу залы, «Бейнелеу өнері» кабинеті және жайлы коворкинг аймақтары қызмет көрсетеді.
Бүгінде мектепте 32 педагог еңбек етуде. Олардың қатарында тәжірибелі ұстаздар да, жас мамандар да бар. Жас мұғалімдер жаңа идеялар, тың көзқарас пен энергия әкелсе, аға әріптестері тәжірибесімен бөлісіп, кәсіби өсуіне қолдау көрсетеді. Мұндай дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімі сапалы білім беруге және ұжымда достық, ұйымшыл атмосфера қалыптастыруға негіз болады.
Мен үшін, мектеп басшысы ретінде, бұл мектептің ашылуы ерекше мәнге ие. Бұл – директор ретіндегі алғашқы жұмыс тәжірибем. Бұған дейін мен басқа мектепте директордың орынбасары қызметін атқардым. Сондықтан жаңа, заманауи мектептің есігі ашылған сәт мен үшін аса толқулы әрі қуанышты болды.
Біз балаларымыздың ең жақсы жағдайда білім алуына мүмкіндік жасалғанына мақтанамыз. Мұнда олардың табысты оқуына және тұлға болып қалыптасуына барлық жағдай қарастырылған.
Мектептің ашылуы – жаңарудың және болашаққа деген сенімнің нышаны. Бұл ауыл мектептерін дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы болып қала беретінін дәлелдейді. Енді біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр — мектепті дамыту, инновациялар енгізу, педагогтарды қолдау және оқушылардың әлеуетін ашу.
Келешек мектеп — жай ғана ғимарат емес. Бұл — арман туған, тұлға қалыптасатын және табысқа бастар жол басталатын орын.