jasqazaq.kz

Кедергісіз келешек үшін барын салған жан

09 тамыз, 14:36

Ол хатшылықтан бастап мектеп директорлығына дейін сатылап өскен адам. Ол мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан өмірді шексіз сүйеді. «Мемлекет қамтамасыз етсін» деген патерналистік ұстанымнан мүлде алшақ. Өзі мен ұлы үшін күн-түн демей аянбай еңбек етеді. «Қоларбада отырған жоқпын. Мүмкіндігім шектеулі болғанмен, аяқ-қолым сау. Отбасым үшін өзім жұмыс істеп, қамтамасыз ете аламын. Қазақстанда еңбек етсең, көптеген жетістікке жетуге болады» дейді өзі. Ол – Шымкент қаласы білім басқармасының «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Айгүл Жамалбекова.
Айгүл Көмекбайқызының 100-ден аса қызметкері бар білдей бір мектепті басқарып отырғандағы тындырымды тірліктеріне қарап мотивация аласың. Төрт бірдей диплом иегері. Оның еңбек жолы Леңгір қаласындағы №4 Қаныш Сәтбаев атындағы мектепте хатшылықтан басталды. Гитара мен домбыраны әуесқойлықпен үйреніп алған бойжеткен Айгүл сол мектепте домбыра үйірмесінен де сабақ берді. Кейіннен ерекше балаларға арналған мектеп-интернатында тәрбиеші, сосын бастауыш сынып мұғалімі, әдістемелік бірлестіктің жетекшісі, кейіннен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметін атқарды. Қазірде қызметтік мансабында екінші рет мектеп директоры қызметін атқарып отыр. Бұл қызметке де жұрт қатарлы тест тапсырып, қамқоршылық кеңесінде мектептің даму жоспарын қорғап, конкурс арқылы тағайындалған. Жұртпен бірге басшы ретінде категориясын көтерді. Уақытында Леңгірдегі ерекше балаларға арналған мектеп жанынан жатақхана салынуына тікелей мұрындық болып, басы-қасында жүрді. Шымкенттегі «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 мектеп-интернатын» да толықтай күрделі жөндеуден өткізіп, материалдық-техникалық базасын жаңғыртты. Есту қабілеті бұзылған балаларды қоғамға кедергісіз кіріктіру үшін, олардың кедергісіз келешегі үшін барын салып жүр.
«Бірінші келген кезде мына мектептің жағдайын көріп түңілгенмін. Қатты көнерген, жиһаздары ескі, бқлме есіктерінің бәрі жамалған. Қазір, Аллаға шүкір, төрт қабырғасынан басқасының барлығын жаңартып алдық. Жағдайы жақсарған мектептен балалар да қайтқысы келмейді. Ата-аналары «Ана баланы жіберіңізші» деп әрең дегенде алдыратын жағдайлар кездеседі. Яғни, заманауи мектебіміз олардың өз үйіндей болып кеткен», — дейді А.Көмекбайқызы.
Кейіпкеріммен сұхбаттаса отырып, оның қайтпас қайсарлық, еңбеккерлік қасиетін ерекше атап өткім келеді. Шынашақтай ғана қазақтың қайсар қызы мүмкіндігі шектеулі болса да, сау адамнан артық қимылдайды. «Осы уақытқа дейін мемлекеттен бірнәрсе алмадым. Жәрдемақысына да арқа сүйемеймін. Жұмысымды сүйемін. Жұмыс істемесем, өзімді қоярға жер таппаймын. Өзім үшін, ұлым үшін алға ұмтыла беремін. 24/7 осы мектептің жұмысындамын. 170 баланың оқу үлгерімі мен тәртібін қадағалау, олардың ата-анасымен тұрақты жұмыс жүргізу менің міндетім», — дейді ол.
Мөлдір Кенжебай,

Шымкент қаласы

 

16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті
06 тамыз, 20:36
Алматыда көше және сәулеттік жарықтандырудың бірыңғай жүйесі жасалады
05 тамыз, 12:34
Бала жанын түсіну – рухани жауапкершілік
31 шiлде, 15:56
Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?
31 шiлде, 15:21
2,7 млн жайылым жер мемлекетке қайтарылды: жұмыс жалғасады
31 шiлде, 15:00
Айгүл Жамалбекова: Мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай шектеу жоқ