Капитанның капиталы

15 сәуiр 2016, 19:00

Сол күні Ришат қуанып оянды. Көзін ашпаған күйі тәтті қиялға шомып, керіліп-созылып ұзақ жатты. Көрген түсі кинолентадай тізбектеліп, көз алдынан өтіп жатыр. «Орда бұзар отыз жасына» дейін қилы да қилы түс көрген. Сол есіне түсті. Бірақ сол түстерінің бір де бірінде дәл бүгінгідей қуанып оянбапты. Бүгінгісі керемет енді: Бума-бума американдық доллар. Иығында – генерал погоны. Шырт-шырт түкіріп, үш қабатты ағылшындық үлгідегі коттеджінің ауласына шығыпты. Осыдан жүз жыл бұрын шыққан антиквариат көлігі – бозғылт түсті «Бентлидің» есігін айқара ашқан оққағарына «Бәрі дұрыс па?» дегендей сұраулы жүзбен еріне көз тастап, былғары салонға күмп ете қалған. Сол-ақ екен, «Бентли» дыбысы білінбей, қалқи жөнеліпті.
– Ай-хай, баршылық-ай, ә?! Басың істеп тұрса, байлық шіркінің өзі-ақ келе береді екен ғой. Тек жымын білдірмей жасау керек те, дымын білдірмей асау керек екен. Құдай-ау, істеймін дегенге бәрі бар ғой біздің елімізде, бәрі бар! Алла сәтін салса болды.
Адамдарды алдап-арбаудан қорықпағанмен, анда-санда Алласын да есіне алып қоятын Ришат «түнгі түс қиялын» серпіп тастап, ұялы телефонын қолына алды. Сөйтті де, шалқалап жатқан күйі «алаяқтық істегі әріптесіне» көңілдене сөйледі:
– Ал енді, інішек, кешегі ақылдасқан тірлікті тындыра беруіңе әбден болады. Ешкімнен де, ештеңеден де қорықпа. Бір ауыз әңгіме айтқандарды дереу менімен байланыстыр. Түсінікті ме?
Телефонның арғы басындағы сан жылдан бергі сенімді «әріптесінің» көңілді дауысы құлағын жарып жібере жаздады:
– Құп болады, капитан аға. Еш алаңдамаңыз. Бәрі де «о кэй-хоккей» болады.

ӘЙЕЛІМЕН ӘҢГІМЕ

Таңертеңгілік шәй үстінде Ришат мың жылдық махаббаты – Майрасымен көңілдене шүйіркелесті. Арғы-бергі алаяқтық тірліктерінің бірсыпырасын қайыра есіне алып, әйелін ақыл-нақылмен пысықтап қоюды да ұмытпады:
– Осы, Майруша, сенің атыңа жазылған су жаңа пәтердің саны қанша еді, а? Мен, шынымды айтсам, санынан жаңылып қалдым. Бес-алтау бар ма өзі, әлде одан көптеу ме еді?
– Өй-бу-у-у-уу, – деп қыздай қосылған Майрасы Ришатқа қарап сықылықтай күлді, – саған не көрінген өзі, ұмытшақ бола бастағансың ба? Бес-алтауы несі, адамды ұялтып, түге!
– Е, не болды? Одан көп пе еді?
Әңгіме осы тұсқа келгенде, Майра күрт өзгере қалды. Таңғы жылы ваннадан шыға сала үстелге отырған беті еді. Басындағы аппақ араб орамалын оң қолымен ары-бері түзеткен болды да, сол қолының саусақтарын бүгіп, санай бастады:
– «ЦУМ-ның» маңайында екеу, «Самал» жақта үшеу бар. Сосын Әл Фарабидің» жоғарғы жағында төрт бөлмелі тағы біреуі бар.
«Ана жерде біреуі бар, мына жерде екеуі бар…» деп өзінен-өзі күбірлеп, пәтер санын түгендей бастаған Майра бірнеше минуттан соң Ришатқа аңтарыла қарап еді. Түрі бұзылып кеткен әйеліне көзі түскен Ришат сасқалақтап қалды. Шошып та кетті бір жағынан:
– Не боп қалды, Майраш? Тыныштық па?
– Еш-тең-е-е-ее, – деген Майраның дауысы құмығып әрең шықты, – ештеңе де болған жоқ. Он екі-ақ пәтер екен бар-жоғы.
– Ухх, – деп Ришат арқасынан ауыр жүк түскендей, орнынан дереу тұрып кетті, – сен енді былай… босқа қарап жатпай, пәтердің біразын туыс-пуыс, жекжат-жұрағат дегендердің атына ауыстыра берсейші ақырындап. Кім біледі, «Жаман айтпай, жақсы жоқ…» деуші еді ғой?!
– Қойшы соларды, – деп Майра аяқ астынан бұртия қалды, – қазіргі туыс, ағайын-туған дегенді жақсы білесің ғой. Бір берген дүниені өмірі қайтарып ала алмайсың. Тұра берсін менің атымда. Не бопты соншама?!
Таңғы шәй үстіндегі әңгіме осымен тәмам болды.

«ТҮС – ТҮЛКІНІҢ ТЕЗЕГІ»

Бүгінгі күннің «кейбір погондылары» алып та, шалып та жыға береді. Әсіресе қаржы саласы «погондыларының» тәбеті керемет. Бәрі емес, әрине, дегенмен көпшілігі тиыннан – теңге құрауға, теңгеден – доллар құрауға келгенде анау-мынау қаржыгер-маманыңызды шаң қаптырады. Олар тіпті миллиондаған теңге емес, миллиондаған долларды қолма-қол ақша күйінде сөмкесіне салып алып, жайбарақат жүре береді. Өйткені, миллиондарға еті өліп кеткен. Ал енді қаржы полициясында істейтін қарапайым капитанның миллиондаған долларды «қандай бизнеспен еңбектеніп» тапқанын естігенде, көп адам аузын ашып, көзін жұмды. Оның еш жерде жұмыс істеп көрмеген жұбайының атында Алматының қақ ортасында он екі «элитный пәтер» бар екен. Дегенмен, капитан-бизнесменнің теңгелеп емес, долларлап тапқан қаржысының жанында әйелінің атына тіркелген он екі пәтер ойыншық боп қалды. Өйткені, «Жатқан ақша – ақша емес, айналымда жүрген ақша ғана – ақша» дегенді басты принципіне айналдырған капитан Есенаманов (кейіпкерлердің аты-жөндері белгілі себептермен өзгертіліп беріліп отыр) «дәніккеннен құныққан жаман» дегенді есінен тарс шығарып алған болатын.
Әзірге белгілісі – қайбір жылдары қаржы полициясының қатардағы капитаны «тарихы күмәнді» миллиондаған долларды мұнай бизнесіне салыпты. Соған қарағанда, түсінде көргенінің өмірде жүзеге асатынына Ришат Есенаманов6 тіпті де шәк келтірмеген сияқты. Бірақ ол «Түс – түлкінің тезегі» деген мәтел барын білмейтін.

МИЛЛИОНДАР ҚАЙДАН КЕЛГЕН?

Еліміздің Батыс Қазақстан өңірінде мұнай-газ зерттеуімен айналысатын бір компания бар. Жергілікті кеніштерді зерттеу жұмысымен айналысады. Құжатқа сүйенсек, аталып отырған компания кезінде Алматы ғана емес, бүкіл еліміз бойынша аты дүрілдеген бір акционерлік қоғамның еншілес кәсіпорны болып саналады екен. Бұрынғы қаржы полициясының капитаны Ришат Есенаманов осынау өңірлік компанияның 5 пайыз үлесін сатып алыпты. Бұл дегеніңіз, мамандардың айтуына қарағанда, шамамен 20 миллион АҚШ доллары.
Мәселенің мәнісі: Батысқазақстандық мұнай-газ компаниясы мен Ришат Есенаманов арасындағы сатып алу-сату туралы алдын ала келісімшарт 2012 жылдың 29 ақпанында жасалған. Құжат бойынша Есенаманов екі траншты жүзеге асыруға тиіс-тұғын. Мұның біріншісі – өңірдегі екі бірдей мұнай кеніші өнімінің экспортқа шығарылған көлеміне сәйкес 5 миллион АҚШ долларын компанияның банктегі есепшотына аудару болатын. Екіншісі – қолма-қол ақша күйіндегі 15 миллион долларды 2013 жылдың соңына дейін аударуы керек еді. Бірақ аударылмаған. Есенамановтың айтуынша, ол қолма-қол ақшаны алматылық акционерлік қоғамның басшысына санап беріпті. Ал енді алматылық акционерлік қоғамның басшысы кім еді?
Ол Есіл Кірісев деген азамат екен. Ресми мәліметке қарағанда, Ресейде туып-өскен. Мамандығы бойынша – ұшқыш. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы «әлеуметтік-экономикалық топалаң» кезінде өзінің тарихи отаны – Қазақстанға келіп, аз ғана уақыт ішінде салиқалы бизнесмен болып шыға келген. Ұсақ-түйектен басталған еліміздегі бизнесі қысқа мерзімде холдингке дейін өсіп, орталығы Алматыда орналасқан мұнай-газ саласына қатысты үлкен компанияға айналған.
Таратып айтар болсақ, акционерлік қоғамның химиялық мәселемен айналысатын бөлігіне еліміздің солтүстік өңіріндегі бірнеше филиалы жауап беріп келген болса, мұнай-газ мәселесімен еліміздің батысындағы екі еншілес кәсіпорны айналысқан екен. Бірақ осынау кәсіпорынның басшысы Кірісев қарап жүрмепті. Алаяқтық жолмен еліміздегі бір банктен 9,5 миллион АҚШ долларын қолма-қол ақшамен шытырлатып тұрып санап алған. Мұнымен тоқтамай, тұрғын үй мәселесіне қатысы бар тағы бір банктен 400 миллион теңгенің құнды қағазын және сатып алыпты. Тіпті екінің бірі жақсы білетін бір қордан 235 миллион теңгені құжаттап тұрып қалтасына басқан. Дегенмен, аз ғана уақытта XXI ғасырдың Остап Бендеріне айналып үлгерген Кірісев жақында тұзаққа түсіп, 6,5 жылды арқалаған күйі жалпы режимдегі түзету мекемесіне аттанып кетті. Ал сонда әңгімеміздің басында «қызық-қызық оқиғасымен» көзімізді тартқан капитан Есенаманов қайда кетті? Жасыратын ештеңесі жоқ, Есенаманов есен-аман жүріп жатыр. Тіпті қайбір күні «Құжатта бар, өмірде жоқ мұнай фирмасына салған долларларым күйіп кетті» деп біреу-міреулерді сотқа беріп, өтемақы да талап етпек болды. Сөйтті де, «Аш пәледен – қаш пәле» деген дұрыс шығар» деген оймен «үйдей өкінішін үндемей» ішіне бүкті. Өйткені, қысыр әңгімені көбейтетін болса, «таяқтың екінші ұшы» әлбетте, өзіне тиюі де мүмкін екені есіне түскен болса керек. Өйткені, миллиондаған доллар мен он шақты «элитный пәтерге» қалай қол жеткізгенін жөпелдемеде жақсылап түсіндіре қоятындай «остапбендерлік» әңгімесі дайын тұрған жоқ.
Бұл енді рас, алдағы уақытта айналып соғып, арнайы журналистік зерттеуді қажет ететін өз алдына бөлек әңгіме.

Марат МАМАНБАЙ

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде