ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев шенеуніктердің көлеңкелі экономикаға «қамқорлық» жасау оқиғалары туралы баяндап берді. ҚазАқпарат хабарлағандай, «2016 жылы және биылғы жылдың екі айында жалған кәсіпкерліктің — 34 фактісі, экономикалық контрабанданың — 18, салықтан жалтарудың — 17 және жалған есепшот фактураларын шығарудың 7 оқиғасы тіркелді. Аталмыш қылмыстан бюджетке 7,2 млрд. теңге шығын келді, олардың тек 1,2 млрд. теңгесі қайтарылды», — деді ол бүгін ҚР Парламенті Сенатында экономикалық қылмыстарды алдын алуға қатысты өткен дөңгелек үстелде. Ол сонымен қатар, мемлекеттік лауазымды тұлғалардың көлеңкелі экономика субъектілеріне қолдау жасау оқиғаларының барын да атап өтті. «Көлеңкелі схемаларға мемлекеттік қызметкерлердің қатысқан кездері де анықталды. Жемқорлыққа қарсы күрес қызметі аталмыш кезеңде лауазымды тұлғалардың көлеңкелі экономика субъектілеріне қамқорлық жасаудың 50 фактісін тіркеді. Олардың басым бөлігін жалған кәсіпкерлікке қолдау жасау фактілері құрайды — 23, заңсыз ойын бизнесі — 15, контрабанда — 3. Мысалы, 22 ақпан күні Алматы қаласы қаржы полициясының бұрынғы басшысы Әмірхан Аманбаев лауазымды қызметті атқару құқығынан өмір бойына айырылып, 14 жылға сотталды», — деді Шпекбаев.