Көкшетау. Мектеп керек

21 шiлде 2017, 12:37

Асқарбек нағашымның үйелмелі-сүйелмелі бес баласы бар. Сүп-сүйкімді. Қазақ ауылында өскен соң тілі қазақша сынған. Өмірінде тірі орыс көрмеген балалар. Көкшетау қаласына Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданынан көшіп келді. Тіршілік ыңғайымен. Әуелі баспана уайым болған. Ат төбеліндей жер сатып алды. Үй салмақ. Екінші уайымы да үйдей. Әлгі бес баланың төртеуін мектепке орналастыру қамы. Жаңа оқу жылы да таяп қалды.

Әуелі облыс орталығында ежелден жұмыс істейтін №3 қазақ орта мектебіне барып көрген. Сөйтсе қазір балаңды мектепке беруің үшін сол шағын ауданның тұрғыны болуың шарт екен. Ал Васильковка шағын ауданындағы №17 мектепте Асқарбектің айналайындарынсыз-ақ бала жетіп артылады. Биыл бірінші сыныпқа 700-ге жуық жеткіншек барғалы отыр.

Асқарбек аралас мектеп дегеннен ат-тонын  ала қашады. Аты аралас болғанымен, балалары бір-ақ тілде, орыс тілінде сөйлейді. Үзілісте де, сабақ үстінде де таза қойыртпақ бірдеңе.

Сөйтсе Көкшетау қаласында жалпы білім беретін 24 білім ошағының онда да қала іргесіндегі Красный Яр кентіндегіні қоса есептегендетөртеуі ғана қазақ тілінде екен. Қалғаны аралас мектептер Өткен оқу жылында 1-11 сыныптарды қоса есептегенде, 22 325 бала оқыса, соның 47 пайызы ғана мемлекеттік тілде білім алған.  Әйтеуір, бір дәтке қуаты қазақ тілінде оқитын және оқысы келетін балалардың саны жылдан жылға көбейіп келеді. Оның негізгі себебін өзге білмесе де, Асекең біледі. Өйткені, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының шалғайдағы шағын ауылындағы білім ошақтарыбірінен соң бірі жабылып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылы жеті мектеп жабылды. Бұл шынтуайтында жеті ауылдың жұрты ғана қалды деген сөз. Бір ғана Айыртау ауданында соңғы бірер жылда алты бірдей елдімекендегілер үдере көшіп кетті.Бір өкініштісі, осылардың барлығы қазақ ауылдары. Бұл түптеп келгенде, ұлт тамырына, оның алтын жылғасына, тілі мен діліне үлкен соққы. Сол ауылдардың балалары енді қала мектептерінің оқушысы болғалы отыр. Білім ошағының аздық етуінің бір себебі де осында. Бірақ, ол негізгісі емес.Мәселе жиырма бес жыл өтсе де облыс орталығында бір мектеп сала алмауымызда жатқан тәрізді.

Иә, сол ауылдардың балалары Көкшетауға көптеп келіп жатыр. Дені қазақ тілінде білім алғысы келеді. Бірақ, оның бәрін қайда сыйғызарсың? Қалалық білім бөлімінің басшыларының айтуына қарағанда, Васильковка шағынауданында және Красный Яр кентіне шыға беріс жол бойында 900 орындық және 264 орындық қос мектеп салынады дейді. Ал, оған дейін ше?

Негізінде кадрдан кемшілік жоқ. Қала мектептерінде 233 қазақ тілі мұғалімі сабақ береді. Олардың 166-ы жоғары және бірінші санатты. Өткен жылмен салыстырсақ, бұл арадағы көрсеткіш 14 пайызға ұлғайған. Демек, мектеп салына қалса, мұғалімнен таршылық көретін жай жоқ.

Бұл облыс орталығындағы ахуал болса, аймақта қазақ мектебінің көкжиегін кеңейту, санын көбейту мәселесі сойылдай болып солқылдап тұр. Мәселен, Ақмола облысында 572 білім ошағы бар. Міне солардың 162-і ғана, яғни, 28 пайызы мемлекеттік тілде. Есесіне қанша айтылғанымен, аралас мектеп дейтұғын амалсыз амалдан арыла алмай келеміз. Аралас мектеп жалқы көрсеткіштің 33 пайызын құрайды.

Ал, ата-ана болса баласын қазақ тілінде оқытуға әбден ынтық. Өйткені, келешек шын мәнінде қазақ тілінде. Жоғары оқу орнына бөлінетін грантта жыл сайын көбейіп келеді. Сосынғы бір жай, тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағыдай емес, қазақ мектебінде білім беру сапасы әлдеқайда жақсарған. Ол кезде жұрттың жадында қазақ мектебіндегі білім беру деңгейі төмен, орыс мектебі білімді жақсы береді дейтін жансақ ұғым болатын. Осы бір кешегі кеңес заманынан қалған түсініктің теріс екендігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

–Биыл Елбасы әлемдегі ең озық ойлы жинақтарды қазақ тіліне аудартып дайындау жөнінде тапсырма берді ғой,–дейді Асқарбек,– Мен балаларымды осындай әлемдік деңгейдегі білімнің нәрімен сусындату үшін өзінің ана тілінде оқытқым келеді. Бірақ, өкінішке қарай, айналдырған үш мектептің үшеуінде де орын тапшы. Мен сияқты қалаға көшіп келгенімен, әлі белгілі бір мекенжайға тіркеліп үлгермеген адамның жағдайы қалай болады?Негізінде білім саласының шенеуніктері адамның жай-күйімен санаспай, қатып қалған қағиданың шеңберінен шыға алмайтыны өкінішті.

Бір қызығы, Асқарбек ауылдан көшкенде бүкіл ел, тұтас мектеп болып жылап қоштасқан. Енді қайтсін ауылдағы мектепте 41 бала оқитын, Асқарбектің төрт баласы көшкен соң ол мектептің де болашағы белгісіз болып қалды. Ауыл балшықтан бала жасай алмай отырса, қала мектептері бар баланың кекілінен сипаудың орнына кері итереді.

Жалпы біздің Көкшетауда қазақ мектебіне деген көзқарастың кірпігіне қатқан қырау бір жібімей қойды. Бұландыда қазақ мектебін жақындап кетсе бірдеңесі жұғатындай айдалаға салды. Ал Бурабайдың баурайындағы Щучье қаласында жаңа қазақ орта мектебін қаланың сыртында тура үш шақырым жерде. Бұл туралы біз кезінде газетімізде  жарты әлемге жар салып жазған болатынбыз. Облыс орталығының өзіндегі Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжі алты қырдың астындағы адыра қалған бір құрылысты қайтадан түзеп, баспана қылып отыр.

Осыдан екі-үш жыл бұрын Көкшетау қаласындағы №6 аралас мектепті таза қазақ тілді мектепке айналдырамыз дегенде,  біраз жұрт атойлап шыға келген. Дені өзіміздің ағайынымыз.

Ата-ананың оқытсам, баланың оқысам деген ынта-ықыласы мол. Жетіспейтіні қазақ мектебі. Енді бір айдан соң жаңа оқу жылы басталады. Сол себепті облыстағы білім саласы басшыларының құлағына алтын сырға деп осы бір пікірімізді тағы да шегелеп айтқымыз келген. Бірақ, осыдан бірер күн облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова зейнеткерлік демалысқа кетті. Қазір орны бос тұр. Саланың болашағы туралы басшының орынбасарлары оңды жауап қата алмады. Бар жақсылықты жаңа басшыдан күткеннен басқа амал жоқ.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,

 Ақмола облысы

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды