Ақтөбе өңірі мұнайға да бай, Менделеев кестесінің өзге элементтерінен де құр алақан емес. Сонау қарт Мұғалжар тауларының қойнауынан бүгінде тонналап қиыршық тас өндірілуде. Өндіруші компаниялар бүгінде көрсеткішті еселеп жатыр. Әрі оны мақтан тұтып, есебін де жария етеді. Үсті-үстіне кәсіпорын ашылып, жаңа жабдықтармен жабдықтауда. Жұмыс көлемін арттыру үшін қолдан келгеннің барын жасап бағуда.
Ал, сол маңды паналайтын қарапайым халықтың жайын, әсіресе, денсаулық жағын ойлап жатқан кім бар екен? Бүгінде он шақты қиыршық тас зауытының арасында орналасқан Біршоғыр мен алыс емес жердегі елді мекен тұрғындары тас өндірісінің зардабын шегіп келеді. Таяуда іссапар аясында оны тұрғындар да, дәрігерлер де, тіпті ауылдық округ басшысы да растап берді.
Бүгінде, өңірдегі №1 мәселе – аллергия мен астма болып тұр. Ересектерден бастап, дүние есігін енді ашқан сәбилерге дейін дем ала алмай дал. Демікпеге шалдығып жатыр.
Бұл екі арада нендей байланыс бар дерсіз. Қиыршық тас өндірісінде көкке ұшқан шаң ауылға қара бұлт боп төнеді. Әсіресе қас қарая ауылдың айналасы қап-қана, таулы жер болғанымен, ай көрінбейтін түндер болады. Ауыл тұрғындары сымға жайып қойған кірлерінің қап-қара болатынына дейін айтып қалды сөз арасында.
Облыс орталығындағы ақпарат құралдарына бірнеше жылдан бері қоңырау шалып, хат та жазып келеді. Өкінішке қарай, соңғы айларда «бұлардың да қолынан ештеңе келмейді екен ғой» деген сарындағы сөздер шыға бастады.
Жергілікті дәрігерлер де аллергия мен астма жайын жыр қылып отыр. 50 адам бүгінде есепте тұр. «Жалпы, аллергиясы бар адамдардың барлығы есепке алына ермейді. Көбіне, астма бойынша қараймыз. Шаң жұтып, тыныс алу жолдары сыр бергендер жоқ емес.
Ақтоғай дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Гүлнәр Абашева «Оларды амбулаторияда қараймыз, стационарда жатып ем алады. Бірқатарын облыс орталығында арнайы аллерголог-маманға жібереміз. Жалпы, ауылда қан қысымы,мен ауыратындар көп, таулы жер болған соң, күн салқын, артрит, полиартритке шалдыққандар жиі кездеседі», — дейді.
Өз кезегінде Біршоғыр ауылдық округінің әкімі астматиктердің жайынан хабары бар, жоғарыда отырған шенділерді құлағдар еткен.
Ал округ әкімі шаң-тозаңға байланысты аудан басшысына хабар бердім дейді. Оның айтуынша, мәселені шешу үшін бірқатар шара қолға алынып жатыр. Бүгінде бұл маңда тек адам емес, үй жануарлары да ауру болуда. Сойылған малдың өкпе-бауыры жарамсыз болып қалады. Балалар арасында да аллергия мен астма кең етек жайып барады.
Айта кетейік, Біршоғыр ауылында 400 шаңырақ бар. 2 мыңдай адам тұрады. Тұрғындай Мұғалжар тауын жан-жақтап қопарып жатыр деп алаңдайды. «Миллиондаған тонна тас өндіреміз деп, өзі шағын тауды тып-типыл етпесе нетті» деген үрей бар. Ал, табиғаттың өз заңы туралы ешкім бас қатырып жатпаған секілді. Әсіресе, жергілікті әкім-қаралар мен өндіруші компаниялар.
Асқар Ақтілеу, Ақтөбе облысы